Солтүстік Қазақстан газеті

ӨРІСІМІЗ КЕҢЕЮДЕ

Печать PDF
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қорытындылап, дамуымыздың жаңа белесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауымен қадам бастық. Өткенге баға бере отыра, келешекке бағыт сілтеген маңызды құжат жетістіктер биігіне салынған сара жолдай болды. Келешегін болжаған, биікті армандаған ғана өзгелерден озық тұрады. Дамыған елу елдің қатарына кірген Қазақстанның ендігі межесі – отыз озық елдің бірі болу емес пе? Биылғы Жолдау бізді соған жетелейді және жол көрсетеді.

Елбасы еліміздің саяси тұрақтылығын, бейбітшілігін сақтауға және экономиканың дамуына бағытталған дәйекті саясатын жүргізіп келеді. Осы орайда бүгінгі әлемдік ахуалға қарап отырып, экономикамызды қайта бағдарлау күн тәртібіндегі мәселе екенін түсінеміз. Ендеше, экономиканың ірі секторы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда да оң өзгерістер болары анық. Оның үстіне, қазіргі қоғамда негізгі проблемалар – азық-түлік қауіпсіздігі болып отыр. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Бұл жайында Елбасы: “Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. “Made in Kazakhstan” бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс”, – деп атап өтті.

argaiv1682

Қазіргі уақытта негізгі назар ауыл шаруашылығы үшін инфрақұрылымды, аграрлық ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізуге бағытталған. Себебі, астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнiмдерi – әлемдiк нарықта экспорттық өктемдiк жасауда әлеуеттi өнiмдердiң және валюталық түсiм көздерiнiң бiрi. Яғни, аграрлық сектордың дамуы – мемлекет үшiн экономикалық және ең бастысы әлеуметтiк аспектiде стратегиялық жағынан маңызды.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту бүгінгі міндет болып отыр. Осы орайда Елбасы жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы егіс алаңын бес жыл ішінде 2 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Бүгінде бидай мен ұн өндіру бойынша дүниежүзінде алдыңғы қатарда келе жатсақ, алдағы уақытта астық өнімдері бойынша Еуразиядағы “нан кәрзеңкесі” болуға тиіспіз.

Қызылжар өңірі еліміздің астықты өлкесі болғандықтан, бізге артылған жауапкершіліктің жүгі мол. Жыл сайын рекордтық астық жинайтын біздің өңір Қазақстанның ғана емес, алыс, жақын шетелдердің де нарығына шығуға тиіс. Осыны жете түсінгендіктен, облыс аудандарында егін шаруашылығына зор көңіл бөлініп, ол экономикамызды нығайтар жетекші салаға айналған.

Біздің ауданда жалпы өнімнің көлемі 1 553,9 млн. теңгені құраса, оның 76 пайызы – егін шаруашылығына тиесілі. Ауданда 269 ауыл шаруашылығы құрылымы жерді еміп, ырысына бөленіп отыр. Осы агроқұрылымдар үстіміздегі жылы 151 мың гектар алқапқа дәнді, ал 35,7 мың гектарға майлы дақылдарды сіңіруде. Алты жылдан бері аудандағы майлы дақылдар алқабы ұлғаюда. Егер 2011 жылы тек 5,49 мың гектар болса, биыл оны жеті есеге көбейтіп отырмыз. Осы арқылы ауыл шаруашылығын əртараптандыруды жүзеге асырмақпыз.

Мал өсіру атакәсібіміз болғандықтан, бұл салаға да бейім екендігіміз белгілі. Бүгінде ауданның мал шаруашылығы саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Ауданда 47 мал шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Мамыр айының басындағы жағдай бойынша ауданның барлық шаруашылық санаттарында 24074 қара мал, 3712 жылқы, 18045 қой-ешкі, 10118 шошқа, 117339 құс бар. Бұл көрсеткіштерді өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, мал басының өскендігін аңғарамыз. Малдың басым бөлігі үй шаруашылықтарында екендігін атап өткен жөн.

Биыл жеке шаруашылықта ет пен сүтті өндіру көлемі артты. Осы орайда Смирново ауылында тұрғындардан сүт қабылдайтын “Мол-ТД” жеке кәсіпкерлігі құрылды.

Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 2000 бас ірі қара, 2000 қой-ешкі, 1350 бас шошқа сатып алу, 400 басқа арналған сүт кешенін және етті бағыттағы репродуктор-шаруашылық салу жоспарланып отыр. Мәселен, “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Германиядан жарты мыңға дейін ірі қара мал сатып алмақ. Ал “Крафт” шаруашылығы 50 бас ірі қара мал әкелді.

Аудан көлемінде “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” сынды бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 260 бас ірі қара сатып алу жоспарланған. Бұл жоспар бағдарлама қатысушысы болуға ниеттеніп отырған ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы жүзеге аспақ. “Құлан” және “Алтын асық” бағдарламалары бойынша да мал сатып алып, өрісін кеңейткісі келіп отырған кәсіпкерлер бар. Бүгінде оларға тиісті көмектер көрсетілуде.

Үстіміздегі жылы бірқатар нысандар бой көтермек. “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Рублевка ауылында 400 басқа арналған сүт кешенін салатын болса, “АФА” шаруа қожалығы Новороссийка ауылында сүтті-тауарлы ферма ашпақ.

Қазір ауыл шаруашылығын дамыту үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, тиісті жұмыстар қолға алынған. Осының арқасында шөбі шүйгін, жері құнарлы өңіріміздің әр ауданында егін мен мал шаруашылығы негізгі табыс көзіне айналып отыр. Ал алдымызға қойылып отырған міндеттер бізден тек даму мен жаңғыруды талап етеді. Бізде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, тек ол үшін Елбасымыз жариялаған жаңа стратегиялық реформаларды жүзеге асыруға баршамыз жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек етуіміз керек.



Нұрлан ТЕЛТАЕВ,

Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы

бөлімінің басшысы.

































 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау