Солтүстік Қазақстан газеті

Ардақты ана

Печать PDF

Бес бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана Ләйла Орынбайқызы – шырайлы шаңырақтың төрінде ұрпақтарының қызығына бөленіп отырған асыл жан. “Бар бақытым – балаларым”, дегенді жиі айтады. Өзіме көптен бері таныс абзал ананың қалаға келгенін естіп, сұхбаттасып келейін деп, қойын дәптерімді қолтығыма қысып, қаладағы көпқабатты үйдің домофонын бастым.

argaiv1962

Қазақтың әдебімен сәлемдесіп болған соң бірден келген шаруама көшіп, өткен өмір жолынан сыр тартып, сырласуға келгенімді айттым. Менің ойымды бірден түсінгенімен, әңгімеге аса беріле қоймай, ұяңдық байқатты. Сөйлесе келе басынан өткен түрлі оқиғаларды есіне түсіріп, жастық шағынан сыр шертті.

Аяулы ана Ләйла Орынбайқызы сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейінгі жылы бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданының Бағанаты ауылында дүниеге келген. Әкесі Орынбай мен анасы Қапия балаларына жақсы тәлім-тәрбие беруге ерекше көңіл бөлген. Ата-анасы ел ішінде сыйлы азаматтар болған. Әкесі көп жылдар әр салада басшылық қызметтер атқарса, анасы отбасы қамымен балалаларын тәрбиелеп, олардың бойларына адами қасиеттерді сіңіріп, адалдыққа, үлкенді құрметтеуге, бауырмалдықты қастерлеуге баулыған.

– Дастарқанымыз әр кез жиналмаушы еді. Ағайындарымыз жол жүрерде, қандай да болсын шаруаның шеті шыққанда әкеммен ақылдасып отыратын. Әкем көп сөйлемейтін, мінезі біртоға жан болатын, ол кісінің біздерге дауыс көтеріп ұрысқанын ешқашан естімеппін. Анам он саусағынан өнер тамған ісмер кісі болды. Сондықтан да әр кез жанында жүріп, үйренуге тырысатынмын, – деп еске алады балалық шағын Ләйла апа. Жастайынан әжесінің ертегі, қиссаларын естіп өскен ол ән айтып, кітап оқуға құштар болған.

– Көп ертегі тыңдағанның әсері ме, әлде кітапқұмарлығым ба, білмеймін, жасымнан өлең жолдары оралып, бір-екі шумақтап өлең жазатынмын. Жас кезімде бұған аса мән бермедім. Артынан тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғасын, өлең жазу жайына қалды. Бірақ бойыңда бар дарын сыртқа шықпай қоймайды екен, кеш те болса, қаламды қолыма қайта алдым. Маған өлең жазу атамның, әке-шешемнің қанымен келген өнер деп білемін, – дейді қаламды серік еткен Ләйла апа.

Әңгіме арасында апай өткен-кеткенді есіне ала отырып, ең алғаш шығарған мына бір шумағын айтып берді.
Ақ пейіл, ақ көңілді асыл анам,
Ең қымбат дүниеде жақын маған.
Әрқашан ізгі тілек ақыл айтып,
Отырса өмір бойы қасымда анам.
Ләйла апаның өмірлік серігі де сыйлы азамат болған. Қырық жыл бойы табан аудармастан энергетика саласында қызмет атқарған Ертай Қоспанов өмірінің соңғы күндеріне дейін абырой биігінен түскен жоқ. Дүниеге әкелген перзенттерін ел қатарлы өсіріп, әр-қайсысының өмірден өз орындарын тауып, мамандық алуларына бар жағдайды жасады. Бір өкініштісі, Ертай ағамыз өмірден ерте озды. Бүгінде бес баласы өз алдына шаңырақ құрып, аяулы аналарына жеті немере, екі жиен сүйгізіп отыр. Үлкен ұлы Қайсар құрылысшы болса, Нұрланы мен Досаны мұғалімдік мамандықты таңдап, ұзақ жылдар бойы сол салада еңбек етіп келеді. Қыздары Дана – мемлекеттік қызметші, Талдықорған қаласында мамандығы бойынша жұмыс істейді. Құндыз – қаламыздағы Әскери институтта мұғалім.
Ләйла апай бос уақытында қол қусырып қарап отырмай, сүйікті ісі – тігіншілікпен айналысады. Неше түрлі ою-өрнек көмкерілген көрпешелер тігіп, қазіргі заманның технологияларын қолдана отырып, ине-біздермен түрлі орамалдар безендіреді. Сүйікті немерелеріне де кесте тігуді үйретіп, оларды да бос уақыттарын тиімді пайдалануға баулиды. Немерелерінің үй тапсырмасын орындатып, білмегендерін үйретеді. Апамыз бүгінде арман-тілегі орындалып, ел-жұртының, замандастарының, туған-туыстарының сый-құрметіне бөленіп отыр. Ол ұрпағының қызығын көріп, аяулы ана, сүйікті әже атанды. Келін болып түскен жері – Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында ұлы Досан мен келіні Құралайдың қолында тұрып жатыр.
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен беріледі. Ләйла Орынбайқызы өткен өміріне көз жүгірте отырып, ешқандай өкініш білдірмейді. “Халқым аман, елім тыныш болса, одан асқан арманым жоқ”, – дейді ол.
Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау