Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАРЖЫ ҚҰЮҒА ДАЙЫН

Печать PDF

 

argaiv1322

Тайынша ауданындағы май зауыты – үлкен жобаның басы ғана, болашақта Қазақстан мен Қытай шекарасында логистикалық база, ал көрші елдің Сиань шаһарында сауда кешені бой көтереді. Яғни, агроөнеркәсіптік-логистикалық кешен өнімді өндіруден бастап, оны жеткізу және сатуға дейінгі жұмысты толық қамтымақ. Мұны қытайлықтар “айдаһар жүйесі” деп атап кеткен. Облыс әкімі Құмар Асқақаловтың Қытай мен Сингапурдан келген инвесторлармен кездесуінде осы және өзге де жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды.

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ең астықты өңірі. Топырағының құнарлылығы бонитет бойынша 55 балға тең. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Шөбі шүйгін өңірде мал өсіріп, сүт өңдеймін дегендерге де бар мүмкіндік жасалған. Инвесторларды облыстың экономикалық көрсеткіштерімен таныстырған өңір басшысы қаржы құюға болатын салалар көп екеніне тоқталды.

Бұршақты дақылдар мен жасымықтың егістік көлемі 2,5 есеге арттып, 190 мың гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы – негізгі кәсібіміз. Сондықтан бұл саланы дамытамыз. Біз қаржы құюға дайын инвесторлармен жұмыс істеп, оларға барынша жағдай тудыруға мүдделіміз, – деді Құмар Ақсақалов.

“Тайынша май” ЖШС-нің құрылтайшысы Цзя Хэй өңір басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғысын айтып, кәсіпорынды дамыту жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, компания бұл зауыттың негізінде агроөнеркәсіптік кешен салып, логистикалық жүйені дамытуды көздеуде.

– “Айцзю” компаниясының мақсаты – логистикалық тізбек құру. Өндіру, тамысалдау және сатуда ешкімге тәуелді болмайтын жүйе жасаймыз. Өнімді уақытында, сапасына нұқсан келтірмей жеткізудің маңызы зор. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы жол” бағдарламасына және Қытай Президенті Си Цзиньпиннің “Бір белдеу – бір жол” жобасына сай келеді, – деді Цзя Хэй.

“Айцзю” компаниясы бұл жобаны тағы бір шетелдік “Salim Wanye” фирмаcымен бірлесіп жүзеге асырмақ. Инвесторлардың мүмкіндіктері жайлы толығырақ Қытайдың “Минжонг” азық-түлік корпорациясының өңірлік жобалар бойынша директоры Сэм Онг айтып берді. Айтуынша, аталмыш корпорация құрамына 1400 компания кіреді екен. Олар азық-түлік өндірісінен бастап, тау-кен өнеркәсібі, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, ІТ-техноология және тағы да басқа салаларда жұмыс істейді.

Екіжақты кездесуде тараптар ынтымақтастықты арттырудың жолдарын қарастырып, бірігіп жүзеге асыруға болатын жобаларды нақтылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау