Солтүстік Қазақстан газеті

“НҰРЛЫ ЖЕР” — ТИІМДІ БАҒДАРЛАМА

Печать PDF

 

argaiv1962

 Бүгіндері облыс орталығында 13 мыңнан астам адам жеке баспана алу үшін кезекте тұр. Соңғы төрт жылдың ішінде 955 пәтер пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы облыс орталығында “Нұрлы жер” бағдарламасы шеңберінде 1003 пәтерлік 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сөйтіп, төрт жылдың межесі бірден орындалмақ. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуы барысын талқылаған отырыста айтылды.

Алдағы 15 жылдың ішінде 1,5 млн. отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеген ұзақмерзімді бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылу барысы туралы қала әкімі Марат Тасмағанбетов баяндады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Петропавл қаласының “Солнечный” шағынауданынан жер бөлініп, онда 200 үй салу көзделіп отыр. Бүгінде жер телімдері анықталды. Қазір 8200 адам өтініш білдірсе, 500 жер телімі өз иесін тапқан. Жобалық-сметалық құжаттамалар жасалды. Бірыңғай сәулеттегі үйлер тұрғызылатын болады. Әр үйдің бір шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайды. Инфрақұрылым тартуға бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген, – деді Марат Иманбайұлы.

“Нұрлы жер” бағдарламасына қатысып, үй алу үшін азаматтардан екі шарт талап етіледі. Біріншісі – жер кезегіндегі азаматтардың тізімінде болуы, екіншісі – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамында жинақ салымы болуы қажет. Құрылысты жүргізетін мердігер компаниялар анықталды. Бағдарлама аясында азаматтар тек жер телімдерін алып қана қоймай, дайын үйге қол жеткізеді.

Жұмыс сапарымен өңірімізге келген “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мемлекеттік бағдарламаның арқасында жеке тұрғын үй салу, ипотека, жалға берілетін үй, жер телімдерін алу және тағы басқа көптеген мәселелер оң шешімін табатынын айтты.

– Бүгінгі таңда 26 мың солтүстікқазақстандық банкімізде есепшотын ашып, 12 млрд. теңге жинаған. Дегенмен, олардың орташа салымы тек 400 мың теңгені құрайды. Барлық салымшылардың 2,5 мыңы ғана баспана қаржысының 50 пайызын жинақтаған. Яғни, тек әр оныншы салымшы ғана баспанаға қол жеткізген, – деді Ләззат Еркенқызы.

Жиында сонымен қатар тұрғындардың бағдарламаға қызығушылығын арттыру үшін “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы берілетін ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, үйдің шаршы метріне шаққандағы бағасын арзандату мүмкіндігі сөз болды. Банк төрайымының айтуынша, “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін алғашқы салым көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетілген. Ендігі кезекте банк оны 15 пайызға дейін төмендетуге дайын. Бірақ, төлем қабілетін тексеруден өте алмайтындардың қатары өсуі мүмкін. Мәселен, 7 млн. теңгенің займын алған жағдайда ай сайынғы төлем 55-60 мың теңгені құрамақ. Егер алғашқы салым көлемі 15 пайызға төмендетілетін болса, салымшы ай сайын 80 мың теңге төлеуге мәжбүр болады.

“Нұрлы жер” бағдарламасының тағы бір талабы бойынша жергілікті әкімдіктер қолданысқа беретін баспаналардың кем дегенде 50 пайызы “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы арқылы берілуі керек. Сондықтан бүгінгі таңда банктен депозит немесе шот ашу, келісімшарттың сомасын үлкейту сияқты қызметтер ақысыз көрсетілмек. Ал бұған дейін оның әрқайсына комиссиялық құн төленген болатын.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов аталмыш банктың салымшысы ретінде баспана алу халық үшін ең тиімді жол болып тұрғанын, ортақ іске бірлесе отырып жұмыс істеу қажеттігін атап айтты.

– Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету облысымызда әлі де өзекті болып қалуда. Осы орайда, өңірімізде тұрғын үй құрылысы мәселелерін шешу мақсатында қабылданған “Нұрлы жер” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынды. Бағдарламаның жүзеге асырылуына сіз басқарып отырған банк әрі қарай да қолғабыс жасайды деп ойлаймын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Кездесу нәтижесінде облыстық әкімдік пен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум қабылданды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау