Солтүстік Қазақстан газеті

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Печать PDF

Барша мұсылман қауымы жылда тағатсыздана күтетін қасиетті Рамазан айы басталды. Оның қарсаңында “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы баспасөз мәслихатын өткізіп, жиналғандарды Ислам дініндегі бес парыздың бірі – ораза ұстауға ниет білдіргендерге арналған ережелермен таныстырды.

argaiv1582

Облыс имамдары қасиетті Рамазан айына дайындалған. Түркия елінен Құранды бастан-аяқ жатқа оқитын үш қари шақыртылса, қаламызда осындай төрт қари бар. Жеті қари бір ай ішінде жергілікті мешіттерде Құран хатым түсіреді.

– “Қызылжар” облыстық орталық мешітінде Рамазан айының алғашқы күнінен бастап жайылған дастарқан 29 күн бойы жиылмайды. Өңіріміздегі сегіз диаспора өкілдері алдын ала құрылған кесте бойынша мешіттің үлкен залында ауызашар өткізеді. Онда әр этнос өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлемек, – деді Кенжетай қажы Байкемелұлы.

Журналистердің сұрағына жауап беру барысында бас имам оразаны алғаш рет ұстайтын азаматтарға сабырлы, төзімді болу керектігін айтып, мүмкіндігінше тұзды тағамдар жемеуге кеңес берді. Кейбір жастар түнгі ұйқысын қимай, сәресін ішуге тұрмайтыны жасырын емес. Осыған қатысты бас имам: “Сәресіде берекет бар. Қасиетті Рамазан айы ұйқының айы емес. Сондықтан уақытымен тұрып, бір құрма, бір үзім нан немесе бір жұтым су ішкен жөн. Ал егер қатты шаршап, тұра алмай қалған жағдайда, таңертең ауыз бекітуге ниет білдіріп, дұғасын оқып, оразасын жалғастыруына болады”, – деді. Сонымен қатар бас имам ата-аналардың балиғат жасқа толмаған балаларын ораза ұстауға мәжбүрлеуі дұрыс емес екендігін айтты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау