Солтүстік Қазақстан газеті

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІГЕ ҚОЛДАУ БАР

Печать PDF

 

argaiv1962

Жұмыс сапарымен облысымызға келген “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, ең алдымен, Қызылжар ауданындағы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.

Астаналық меймандарды негізі 2004 жылы қаланған компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Шарапаев таныстырды. Өндірістік жаңғырту жасалып, жаңа импорттық жабдық орнатылған кәсіпорын металл мен пластиктен күнделікті тұрмыста тұтынатын 200-ден астам өнім және азық-түлік шығарады. Қазіргі уақытта 220 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің өніміне сұраныс зор. Былтырғы жылы 147,7 млн. теңге қаржыға ашылған жаңа цехта құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару жобасы игеріліп, өнімнің 25 түрін өндіру қолға алынған.

– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында алынған демеуқаржының арқасында заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, тез даярланатын тағамдар шығару өндірісі жолға қойылды. Бүгіндері айына 140 миллион теңгенiң өнімін шығарамыз. Еуропалық технологияны пайдаланудың арқасында шығарылған тауарға – тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. “Қазақстанда жасалған” деген белгісі бар өнімдеріміз Қазақстан бойынша және Ресейдің Омбы, Челябі және Қорған облыстарында саудаға шығарылуда, – дедi серіктестік басшысы.

Тимур Құлыбаев облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысына қатысты.

Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, экспортқа бағытталған өндірістің маңыздылығы және ауылдық жердегі кәсіпкерлік мәселелері талқыланды.

Ең алдымен, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов жергілікті кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жүргізілген жұмыс туралы баяндады. Өткен жылы палатаға және оның филиалдарына кәсіпкерлерден 3,5 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде бизнесті қорғауға бағытталған 312 шағымның 245-сі оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің 364 млн. теңгеден астам сомада мүліктік құқығы қорғалған. 2017 жылдың бірінші тоқсанында 88 өтініш түссе, 54 түйткіл шешіліп, 81,5 млн. теңгеден астам сомаға бизнес мүддесі қорғалды.

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне шолу жасаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпкерлікті алға бастыру өңір үшін басым бағыттардың бірі екендігін атап айтты.

– Бүгінгі таңда өңірімізде шағын және орта бизнестің 28,7 мың белсенді субъектісі тіркелген. Нәтижесінде 101,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Соңғы бес жылда кәсіпкерлік субьектілері тарапынан облыстық бюджетке түскен салықтың мөлшері 29,1 млрд. теңгеден 50,8 млрд. теңгеге дейін өсті. Негізгі капиталға құйылған инвестиция мөлшері бір жарым есеге ұлғайып, 166 млрд. теңгені құрады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы саладағы кемшін тұстарға да тоқталып өтті. 2012-2015 жылдар аралығында өңіріміздегі белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 23 мыңнан 34 мыңға дейін өскенімен, жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 16,4 пайызға, жеке кәсіпкерлер 23 пайызға кеміген. Сөйтіп, облысымыз бұл көрсеткіш бойынша республикада соңғы орынға сырғыған.

Жергілікті кәсiпкерлер арасында жүргiзiлген сауалнама бойынша ауылдық жерлерде жер телімдерін алу, банктер тарапынан берілетін несиелердің қолжетімсіздігі, жылу және электр желiлерiне қосылу шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн қиындық туғызатындығы анықталған. Бүгінде бұл мәселелерді шешу бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтырдан бері облысымызда бос жер учаскелерi туралы, сондай-ақ, өңiрдегі қуат көздеріне және коммуникацияларға қосылудың ықтимал нүктелерi мен тағы басқа қажетті ақпараттар орналастырылған “Іnvestinsko” бiрыңғай порталы жұмыс істейді.

Бизнес-қауым өкілдерінің толғандырған сауалдарына жауап берген Тимур Құлыбаев “Атамекен” ҰКП-ның бастамасымен еліміздің бірнеше өңірінде микронесиелеу бойынша қанатқақты “Bastau бизнес” жобасы іске қосылғанын жеткізді, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Үстіміздегі жылы бағдарлама аясында ауылдық жерде кәсібін ашуға ниет білдірушілерге қолдау көрсетілетін болады. Бұл жұмыс “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы және шағын несиелік ұйымдар арқылы жүргізіледі. Қарапайым халықтың жағдайын жақ­сартуға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға 84 млрд. теңге бөлініп отыр. Биылға 27 млрд. теңге қарастырылған. Нәтижесінде шағын несие көлемі артып, мерзімі ұзартылды. Жеті жылға берілетін несиенің сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Сондай-ақ, кепілдікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін алғаш рет қарызды ішінара кепілдендіру механизмі енгізіліп отыр. Қаржы ұйымдарының жұмыстары үшін де демеуқаржы бөлінуде, – деді Тимур Асқарұлы.

Отырыс барысында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер көктемгі егіс науқанына қажетті тыңайтқыш алуға демеуқаржы беру жайы, заңсыз жолаушы тасымалы сынды бірқатар проблемаларды көтерді.

“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы айтылған жайттардың барлығы қаралып, оң шешімін табатынына сенім білдірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау