Солтүстік Қазақстан газеті

АСТЫҚТЫ АЙМАҚ — ЕЛ ТІРЕГІ

Печать PDF

 

argaiv1682

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысу мақсатында өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Үкімет мүшесі алдымен өңірімізде жүріп жатқан көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.

Асқар Мырзахметов бастаған делегация арнайы барған Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарында да бұл күндері еңбек көрігі қыза түсті. Өңірімізге танымал азамат, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров басқаратын шаруашылық көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Серіктестік директорының айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымының егіс көлемі – 28 мың гектар, оның 5500 гектарына – рапс, 600 гектарына – зығыр, 3 мың гектарына бұршақ тұқымдас дақылдары себілгенін, 6 мың гектар жердің дәнді дақылдарға бөлінгенін баяндады. Сонымен қатар серіктестік диқандары бір мың гектарға арпа, 500 гектарға сұлы тұқымын сіңірмек.

Ауа райы мүмкіндік берсе, маусымның 1-іне дейін тұқым себуді тамамдаймыз. Өткен жылы астықтың түсімі 30 центнерден айналса, майлы дақылдардың гектарынан 20 центнерден өнім алдық. Қамбаға құйылған астықтың 70 пайызы – үшінші, ал қалғаны төртінші сыныпты болды. Өнімімізді былтыр Польша, Бельгия, Германия сияқты елдерге саттық. Мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Демеуқаржы беріліп, жанар-жағармай мен гербицидтер алуға жеңілдіктер жасалды, – деді Жомарт Жақсылықұлы.

Содан кейін астаналық мейман алқап басында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесіп, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең құнарларлы өңірлердің бірі екендігін атап айтқан ол агроқұрылым басшыларына жауапты науқанда сәттілік тіледі.

Вице-премьердің жұмыс сапары облыс орталығындағы “Мол-продукт” ЖШС-інде жалғасты. Бүгінгі таңда қуатының 80 пайызын ғана пайдалана отырып, тәулігіне 350 тонна өнім өндіретін серіктестіктің әлеуеті зор. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырған серіктестіктің директоры Роза Сүлейменова ең заманауи жүйелермен жабдықталған зауыттың тәулігіне 300 тоннадан астам дайын өнім шығару мүмкіндігі бар екенін атап айтты.

Былтыр кәсіпорында ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған. Германиялық жаңа технология бойынша тауардың 40 түрі өндіріледі, жұмыс толық автоматтандырылған. Бүгінде Қазақстанның барлық облыстарын қамтыған серіктестік соңғы жылдары Ресейді негізгі нарық көзіне айналдырған. Іргелі кәсіпорын алдағы уақытта Қытай нарығына шығуды да көздеп отыр.

Содан кейін делегация мүшелері еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да болды. Қонақтар мұнай-газ өндірісіне, мұнай-химия және мұнай өңдеуге, энергетика мен темір жолға арналған жабдықтар шығаруға маманданған кәсіпорынның цехтарын аралап, шетелден әкелініп орнатылған көпсалалы қондырғылардың жұмысымен танысты. Бүгінде бір мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың мүмкіндігі зор, білікті мамандар да жеткілікті. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қатысушысы көпбейінді өндірістік және сынақ базасымен, заманауи өндіріс құрал-жабдықтарымен және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Зауыттың директоры Қуаныш Бишімов алдағы жылдары кәсіпорынға 4 млрд. теңгенің 44 заманауи, жоғары өнімді құрал-жабдығын сатып алуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Бұдан соң зауыттың мәжіліс залында ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына арналған өңірлік семинар-кеңес өтті.

Шара барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы зауыттарда жасалатын техникалардың бәсекелік артықшылықтары мен жергілікті машина жасау кәсіпорындарын дамыту жайлы айтып берді.

– Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылдың ішінде 63,8 млрд. теңгеге 3689 бірлік техника сатып алынды. Әрине, бұл жеткіліксіз. Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша машина-трактор паркінің тозған 50 пайызын жаңарту қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсететін орталықтардың тапшылығын сезініп отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жаңа мемлекеттік бағдарлама ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтуға, өңдеу және жемшөп шығаратын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыруға, мал шаруашылығы азығы базаларын нығайтуға және егістік алқаптарын әртараптандыруға бағытталған.

Семинар-кеңес барысында жол картасының орындалуы туралы сөз қозғалып, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау, оның ішінде облысымыздағы кәсіпорындардың өндірістік қуаттылықтарын пайдалану перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, олардың ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларын және олардың бөлшектерін жасау бойынша кооперациялану мүмкіншіліктері қаралды.

Облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы жайлы өңір басшысының орынбасары Ратмир Ахметов құлағдар етті. Оның сөзіне қарағанда, біздің зауыттар бұл бағытты меңгеруге дайын. Бүгінде өнеркәсіп нысандарының құрал-жабдықтары мен білікті мамандары да жеткілікті. Ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы құрылғыларына өңірімізде сервистік қызмет көрсетілетін болса, облысымыздың бұл саладағы бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.

Шараға қатысқан облыс диқандары жетістіктерді айтып қана қоймай, көкейлерінде жүрген бірқатар ойларын да жеткізді.

* * *

Түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен облыстық әкімдіктің үлкен залында көктемгі егіс жұмыстарының барысы және егістік алқаптарды әртараптандыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңес жұмысына Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов еліміздің ең астықты аймағы саналатын теріскейде көктемгі дала жұмыстары қарқын алғанын айтты. Биыл диқандар 4,2 млн. гектар алқапқа дән сіңіруі қажет болса, қазір соның 54 пайызы себілген. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бір саласы – егістікті әртараптандыру, бұл тұрғыда да біздің диқандар көш басында. Биыл 712 мың гектарға нарықта бағасы жоғары майлы дақылдар себіледі. Салыстыру үшін көрші екі облысты алсақ Ақмолада 241 мың, ал Қостанайда 223 мың гектар ғана екенін көреміз.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек екенін айтты. Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы аймақ. Бізде өндіріс те, қайта өңдеу өнеркәсібі де осы саланың төңірегіне шоғырланған. Еліміз бойынша ең құнарлы жер бізде. Бірақ шаруалар оның мүмкіндігін толық пайдалана алып отырған жоқ. Өкінішке қарай, қазір біз еттің 50, ал сүттің 20 пайызын ғана қайта өңдеп отырмыз. Мемлекеттің қолдауының арқасында мол өнім алып, қайта өңдеп, экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз зор, – деді Құмар Іргебайұлы.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулар жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты департаменттердің басшылары Ажар Қаджыбекова, Берік Нигмашев және министрдің кеңесшісі Рустам Құрманов айтып берді. Мемлекет бүгінде мұнай өңдеу зауыттарынан жанармайдың литрін 108 теңгеден беруде, бірақ маусым айының 1-інен бастап құны көтерілмек. Сондықтан шаруалар тиісті жанармайды тезірек алғандары абзал. Министрлік өкілдерінің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге диқандар 6 пайыздық үстемеақымен несие ала алады. Былтырғымен салыстырғанда пайызы төмендетіліпті. Ал қарызын күзде егінін орып болған соң қайтаруы қажет. Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов сөз алып, несиені қайтару мерзімін ұзартуды өтінді. Себебі, 1 желтоқсанға дейін диқандар алған өнімін тиімді бағаға өткізіп үлгермейді.

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында 500 мың жеке үй шаруашылығы мен фермерлерді кооперативке біріктіруді тапсырған болатын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдаса еңбек етуге ұйғарған бірлестіктерді қолдауға мемлекет 52,5 млрд. теңге бөліп отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров облыста биыл 20 кооператив құру жоспарланғанымен, кейбір талаптар бірігуге кедергі келтіріп отырғанын жасырмады. Мысалы, мемлекет тарапынан қаржы алу үшін кем дегенде 20 адам бірігуі қажет екен. Ал заңда үш заңды немесе жеке тұлға құра алатыны көрсетілген. Бұл мәселеге байланысты түсініктеме берген Асқар Мырзахметов ұжымдастырудағы негізгі мақсат барынша көп адамды тартып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту екенін айтты. Сол себепті кооператив құрамындағы өкілдер саны жиырмадан кем болмасын деген талап қойылған. Жалпы бүгінде облыста құрылған кооперативтер саны 145-ке жеткен.

Айдарбек Сейпілұлы дәнді дақылдарды егуді маусымның басында, ал майлы дақылдарды алдағы айдың аяғына дейін аяқтау міндеті қойылып отырғанын жеткізді. Алқаптарға 94 мың тонна тыңайтқыш себу жоспарланған. Кеңесте сөз алған диқандар қаңтар айында ақысы төленген тыңайтқыштар әлі жеткізілмегеніне қынжылыс білдірді. Министр биыл еліміз бойынша 407 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс берілгендіктен, отандық зауыттар үлгермей жатқанын айтты. Сұранысты қанағаттандыра алмай отырған зауыттардың бірі – “Қазфосфат”.

Көктемгі егіс жұмыстарының барысы жайлы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Егор Каппель айтып берді. Отырысқа келген өңіріміздегі шаруашылықтар басшыларының сауалдарын мұқият тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ешқайсысын жауапсыз қалдырмады. Мысалы, диқандармен бірге астық сақтау кәсіпорындарына да арзандатылған жанармай берілетінін айтты. Ал “Сыбаға” бағдарламасы бойынша мал сатып алуға берілген несиенің үстемеақысын 16 пайыздан арзандату мәселесі де қарастырылып жатыр екен. Сонымен қатар субсидия алу үшін берілетін өтініш және тағы да басқа құжат айналымы электронды нұсқаға көшірілмек. 2018 жылдың қаңтарынан бастап диқандар өтінішті кеңсесінде немесе үйінде отырып, интернет арқылы жолдай алады. Бұл жаңашылдық алыс ауылдарда жұмыс істейтін кей шаруаларға ұнамағанымен, әлем бойынша жұрт сандық технологияға көшіп жатқанда қазақстандықтардың қалыс қалмағаны жөн екені айтылды.

Қанат АТАМАНОВ,

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау