Солтүстік Қазақстан газеті

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ — СЕНІМДІ КӨМЕКШІ

Печать PDF

 

argaiv1682

Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Бүгінгі таңда құқық қорғау органының автопаркінде 581 бірлік техника бар. Өңір басшысының назарына қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, ұсталған және қамауға алынған адамдарды тасымалдауға арналған көліктер, бронды техника, жылжымалы криминалдық зертхана, патрульдік автомашиналар ұсынылды.

Сондай-ақ, Құмар Іргебайұлы Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына барды. Бүгінгі таңда аталған орталыққа қала бойынша 80 бейнебақылау камерасы қосылған. Жалпы өңіріміз бойынша 269 бейнекамера орнатылған екен. Сонымен қатар орталықтың 66 нысанындағы 975 бейнебақылау жүйесіне қосыла алатын мүмкіндігі бар. Орталықтың қызметкерлері Құмар Іргебайұлының алдында Ақжар, Шал ақын аудандарындағы бейнекамераларға қосылып, жергілікті жердегі жағдайды көрсетті. Әсіресе, облыс және аудан орталықтарындағы қару-жарақ сататын дүкендер ерекше бақылауға алынған.

Үстіміздегі жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен Петропавл қаласына қосымша тағы да 169 камера орнатылмақ. Қазіргі таңда бейнебақылау қылмыстың алдын алуда ең тиімді тәсіл болғандықтан, оған мейлінше басымдық берілуде. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің айтуынша, аталған құрылғылардың арқасында жыл басынан бері 269 қылмыс ашылыпты. Облыс орталығын бейнекамерамен толық қамту үшін оның мыңнан астам данасы қажет. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бейнебақылау камераларын сатыл алуға қажетті қаржының мөлшерін анықтауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі департаменттің мұражайы мен мұрағатына барды. Мұрағат қорынан қуғынға ұшырап, кейін ақталған азаматтардың қылмыстық істерімен, бұрын әскери тұтқында болғандар мен Германиядан өз еліне қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтарының материалдарымен танысуға болады.

Өңір басшысы ішкі істер департаментінің кинологиялық орталығының және кавалериялық взводының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда кинологиялық орталықта 43 қызметтік-іздестіру иті бар. Ал салт атты взвод саяжай аумағындағы көлік өте алмайтын жерлердегі қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, тірек қозғалысы аппараты зақымданған балаларға иппотерапия курсын өткізеді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау