Солтүстік Қазақстан газеті

Асыл мінезді құрбым

Печать PDF

Көз алдыма Күлпәннің бала күнгі бейнесі елестейді. Шикі сары шашына көгілдір көзі жарасып тұратын. Мінезі ақжарқын қыз пысықтығымен де көпшілікті өзіне баурап алатын-ды. Екеуіміз мектеп табалдырығын бірге аттадық. Ауыл тұрғындары “Құрбан” деп атап кеткен құрбымның әкесі Құрбанғали өте жуас кісі еді. Діни көзқарасы үшін репрессияға ұшыраған. Ақталып, ауылға аман-есен оралған соң жесір қалған жеңгесі Айтжанға әменгерлік дәстүрмен үйленді. Әкесінің егде жасында туғандықтан ба, Күлпән оны “ата” дейтін.

argaiv1582

Күлпән жасынан алғыр, қоғамдық жұмыстарға да белсенді болды. Ортада өз пікірін білдіріп, ойын ашық айтатын. Құрбымның бұл мінезі маған ұнайтын. Олар Балуан ауылының оңтүстігіндегі Ортакөл жақтағы шеткі көшеде тұрды. Ол кезде көл жағасына жақын қоныстанған Сәмерке руының әр шаңырағында балықшы болушы еді. Күлпәннің ағасы Қажығали да балық аулайтын. Жаздыгүні үйіне барсаң шошалада ошақтың үстіндегі үлкен қара табада балық қуырылып жатады. Ортакөлдің балығын жегенде дәмі тіл үйіреді.

Күлпән орта буында оқып жүргенде ағасы Қажығали көрші ауылдың Күләш деген қызына үйленді. Күлпән жеңгесімен тату болды. Оны “апатайлап” шаруасына көмектесіп, жүгіріп жүретін. Көп жыл бойы төсекке таңылған анасы Айтжанға қарасатын. Күләш те бірінші күннен ауылдың сыйлы келіні болды. Ол Күлпәннің атын атамай, “Еркежан” дейтін. Қайын сіңлі мен жеңгенің арасындағы сыйластық пен түсіністікті мен осы шаңырақта алғаш көрген едім.

Күлпән ауылдасымыз Бәри деген жігітке тұрмысқа шықты. Оның қарт анасы Жамал тәтеміз қаталдау кісі еді. Енесінің тілін табамын деп Күлпән зыр жүгірді. Өзінің тәрбие көрген қыз екенін дәлелдеп шықты. Құрбым үш қыз бен ұлдың анасы атанды. Көп жыл бойы ауыл дүкенінде сатушы болып, еңбек еткен ол халқына да қалтқысыз қызмет етті деп білемін. Енесін ақтық сапарға аттандырған соң кеңшар орталығына қоныс аударып, сонда жеке кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетті. Балаларын оқытып-тоқытып, олардан немерелер сүйді.

“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, қыздары мен ұлы өмірден өз орындарын тауып, қазір әрқайсысы шаңырақ иесі атанып отыр. Күлпән өзінің жаспен де, кәрімен де тіл табыса білетін жібек мінезін қыздары мен келініне дарытқан. Өмірге құштар Күлпән тіршіліктен несібесін аламын деп жүріп, денсаулығына кінәрат түскенін байқамай да қалыпты. Ол ауруы жанына батса да, шыдамдылықпен бес мезгіл намазын қаза қылмайтын. Дертіне ем қонбай, кереуетке таңылса да, айналасындағыларға қабақ шытпады. Кейін балалары оны Қызылжарға көшіріп әкелді.

Оның өзіме жақын қоныстанғаны мені қуантып тастады. Күлпәннің үйіне жиі барып жүрдім. Екеуімізге ортақ әңгімелерді өрбіткен кезде ол дертін ұмытып, көңілі көтеріліп қалушы еді. Бүгінде бақилық болған жақын құрбымды жиі есіме алып тұрамын. Күлпәннің өмір мен өлімнің екі ортасында жүріп, жабырқау білмейтін қайсар мінезі, өзі қиналып отырса да, жұрттың көңіліне қарайтын ақжарқындығы мені әлі күнге дейін тәнті етеді. Адам өмірі қамшының сабындай қысқа ғой. Осы бескүндік тірлікте көп нәрсені үйреніп, көп нәрседен өнеге қалдырған адамның бейнесі ұмытылмайды екен. Күлпән ел-жұртқа танымал жан болған жоқ. Бірақ ортасында өзінің асыл мінезімен сыйлы да, қадірлі болды. Мәнді өмір сүрудің үлгісі де осы деп ойлаймын.

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

ардагер ұстаз.  

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау