Солтүстік Қазақстан газеті

Рухани келбет қалыптастыру

Печать PDF
“Анадан ешкiм батыр болып тумайды, айбындылық аспаннан түспейдi, табандылықтың атасы – танымды тәрбие”, – деп, қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, біздің мектептің ұстаздары сабақта және сыныптан тыс өтетін шаралар мен тәрбие сағаттарында балаларды ұлттық салт-дәстүрлерге үйретуге баса назар аударады. 

Қазақ тілі пәнінің мұғалімдері әдебиет сабағында оқушыларға тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысады. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып “Тазша бала”, “Қожанасыр”, “Алдар көсе” сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдер қолданады.

argaiv1087

Мектептегі тәрбие жұмыстарын әр мұғалім қызықты, оқушы талғамына, жас ерекшелігіне қарай жоспарлайды. Оқу мен тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілуінде ата-аналармен бірлескен жұмыстың алар орны ерекше. Ата-аналарды мектепке жиналысқа шақырып қана қоймай, оларды әртүрлі сайыстарға қатыстырамыз. “Ал, қанеки, әжелер!”, “Ана деген асқақ ән”, “Ана көрген – тон пішер”, “Мен және менің отбасым”, “Толағай” отбасылық сайыстарының ұлттық педагогика негізінде өтуіне ерекше назар аударамыз.

Ата-аналарға арналған ашық сабақтар, ойын-сауық кештері, тренингтер ұйымдастырылады. Онда бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі, отбасы маңызы мен өнегесі сөз болады. Оқушылар бастауыш сыныптан театр үйірмесіне қатысып, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр жаттап, ертегіні нақышына келтіріп баяндауды үйренеді, рухани құндылықтарды бойларына сіңіреді.

Жастайынан ұлттық бұлақтан нәр алған бала рухани келбетін ешқашан жоймайды. Олар үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете біледі. Балаға тәрбие отбасында ата-анадан берілсе, мектепте ұстаздарынан дариды. Сондықтан мектебімізде оқушылардың ой-өрісін дамытып, демалыс уақыттарында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелеріне тартамыз. Баскетбол, волейбол, футбол ойындары баланың шымыр, сымбатты болуымен қатар, ептілігін, шапшаңдығын, батылдығын ұштайды.

Сәуле АТКЕЛТІРОВА,

№2 Преснов орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жамбыл ауданы.  

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау