Солтүстік Қазақстан газеті

Абайдың Қара сөздері — Тәрбие көзі

Печать PDF

Орыстілді оқушылардың қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін сабақта Абай өлеңдерін, қара сөздерін жиі пайдаланамын. Қара сөздегі құрмалас сөйлемдерге оқушылар синтаксистік талдау жасай отырып, ата, бала, немере арасындағы тәрбие байланысын, сыйластық сияқты өнеге құдіретін таниды. Әжесі Зере ел тарихын айтып, жақсы мен жаманды айыра білуге тәрбиелесе, ақылды, ұстамды, дана әйел – Ұлжан баласын ел-жұртын сүюге, әділдікке үйреткен. “Отбасы”, “Менің туған-туысқандарым” тақырыптарындағы сабақтарымда ақын өмірінің осындай өнегелі жақтарын аламын.

argaiv1293

Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер таңдап, оған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдау жасатамын, “Ғылым таппай мақтанба” өлеңін оқушыға мәнерлеп оқытып, өлеңнің мазмұнын ашу үшін сұрақтар қоямын. Оларды “асық” және “қашық” болатын бес нәрсемен таныстырамын. Абайдың қара сөзіндегі ой-толғам, пікір-көзқарастар шынайы өмірден алынған.

Қара сөздерде айтылған даналық ойлардың мәнін, астарын ашу мақсатында сабақта оқушылар түсіне алатындай мөлшерде үзінділерді таңдап аламын. Ақынның ақыл, қайрат, жүрек жайлы ойларын тереңірек түсіну үшін шағын сахналық көріністер қоюдың да пайдасы зор. Абайдың қара сөздеріндегі мораль, тәрбие мәселелерін түрлі әдіс-тәсілдер арқылы талдаймыз. Әсіресе, жарыс сабақтары оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім жолында ізденіске жетелейді. Мұндай сабақ оқушының білімі мен іскерлік қабілетін көрсетуіне және бір тақырып аясын кеңейте отырып, халқымыздың тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттауға мүмкіндік береді.

Сабақта Абайдың аудармашылығына да тоқталып, Крыловтың “Құмырсқа мен шегіртке”, Пушкиннің “Татьянаның Онегинге жазған хаты” мен “Онегиннің Татьянаға жауабы”, Лермонтовтың “Жартас”, тағы басқа шығармаларымен таныстыра, салыстыра оқыту тиімді.

Халықтық педагогиканы жетілдіріп, тұнық бастауларымыздың көзін қайта ашып жатқан тұста бізге ұлы Абайдың шығармаларының берері көп. Абай мұрасын жастарға таныту, оның көркемдік ерекшеліктеріне назар аудару арқылы тәлім-тәрбие беру ұстаздарға міндет.

 

Сайран РАМАЗАНОВА,

Гаршин орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

 

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.  

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау