Солтүстік Қазақстан газеті

Бата

Печать PDF

Мұқтардың үйі мектептен алыс. Қоғамдық көлікпен жетеді. Автобусқа бірінші аялдамадан мінетіндіктен, өзіне ыңғайлы орынға отырады. Бүгін де терезенің қасына барып жайғасты. Терезеден түскен күннің жылуынан маужырап отырғаны сол еді, оң аяғын біреу басқандай болды. Басын терезеге тіреген күйі көз қырымен оң жағын шолды. Қасында таяққа сүйеніп бір адамның тұрғанын аңғарған кезде көзін тарс жұмып, ұйықтаған кейіп танытты. Көп ұзамай артқы жақтан орын ұсынған дауыс шықты. Мұқтар қасындағы адамның сол жаққа қарай қозғала бастағанын сезіп тұр. Оның қолы Мұқтардың иығына тиіп кетті. “Кетті” – деп күбірлей көзін ашқан ол қай аялдамаға жеткенін бақыламақ болып басын оңды-солды бұра бастады.

argaiv1087

Осы оқиға қайта-қайта еске түсіп, мазалай берді. Күнұзаққа Мұқтардың жолы болмады. Достарымен тіл табыса алмады. Сабаққа жауап бергенде ойын толық жеткізе алмай, оқыған үй тапсырмасынан “үш” алды. Ең бастысы, үйіне келсе, ата-анасы аяқастынан жол жүріп кетіпті. Осылайша, күн көңілсіз өтті.

Ұйқыдан ауыр оянған Мұқтар таңғы асын ішуге тәбеті шаппаса да, әпкесі дайындап берген ботқаны жеуге тырысты. Салғырт басып, аялдамаға келгенінде автобус тұр екен, өзінің күнделікті отыратын жеріне жайғасып, тағы да телефоннан әуен тыңдауға кірісті. Біраздан соң бұл әдетінен жалықса керек, ұялы телефонын сөндіріп, терезеге телміре қарады. Келесі аялдамаға тоқтаған автобустан біреулер түсіп жатса, кейбіреулер мініп жатты. Басын есікке бұрған Мұқтар шашы-мұрты аппақ шалдың көліктің аяғын әзер көтеріп, тіреуіштен қапсыра ұстай тартылып мінгенін көрді. Орнынан атып тұрып, тәлтіректеп тұрған ақсақалды өзі отырған орындыққа сүйемелдеп әкеліп, отырғызды.

– Ой, құлыншақ! Алла разы болсын! Өркенің өссін, айналайын! Бақытты бол! Арманыңа жет! – деп ақсақал ақ батасын беріп жатты. Қарттың жылы лебізінен кейін Мұқтардың жүрегін қуаныш сезімі кернеді.

Мұқтар мектепке көңілді кірді. Кіреберістегі тақтадан осыдан екі күн бұрын болған мектепішілік пән сайысының қорытындысы бойынша өзінің математика пәнінен 1-ші орын алғанын көріп, қуанып қалды. Сыныбына кірсе, барлығы соңғы жаңалықты айтып, у-шу болып жатыр екен. Олар Мұқтарды жеңісімен құттықтап, қоршап алды. Осы күнгі шаттығын қазақ тілі мен тарих сабақтарынан алған “бестік” бағалары жалғастырды. Үйге келсе, ата-анасы сапардан келіп жатыр екен. Бұл күн Мұқтар үшін ерекше болды.

Басы жастыққа тиген кезде бүгінгі күннің оқиғаларын көз алдына елестеткен Мұқтар жақсылықтың барлығы автобустың ішінде басталғанын есіне түсіріп: “Әлгі атаның берген ақ батасы бірінші сәттен бастап орындалыпты ғой. Оның айтқан сөздері сиқырлы болғаны ма?!” – деп тәтті ұйқыға кетіп бара жатты...

Кенжегүл АҒАТАЕВА,

қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау