Солтүстік Қазақстан газеті

ТАТУ ЕЛДІҢ ТУЫ БИІК

Печать PDF

 

argaiv1962

Әр адам өмірге келген, кіндік қаны тамған жерді сүю арқылы бойына отаншылдық, елдік сезімді қалыптастырады. Туған жерді әспеттеп, дәріптеу соның бір айғағы. Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХХІІ сессиясында осы ойдың төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен алқалы жиында өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері кездесіп, пікір алмасты.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемге үлгі болған қоғамдық институт. Бұл ұйым қиын-қыстау кезеңде түрлі ұлысты бір шаңырақтың астына жинап, татулық пен бірліктің үлгісін көрсете білді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына жаңа талаптар мен міндеттер қойылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сәуір айында Астана қаласында өткен Ассамблеяның мерейтойлық ХХV сессиясында ассамблея мүшелерін “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды, – деген өңір басшысы Құмар Іргебайұлы солтүстікқазақстандықтардың татулығы мен бірлігі қиындықта да сыр бермегенін айтты. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір түрлі этностардың өкілдері бір-біріне көмек қолын созып, жерлестерінің басына түскен қиыншылықты теңдей бөлісті.

Ал өңіріміздегі этномәдени бірлестік өкілдері өткен жылы мұқтаж жандарға 47 млн. теңге көлемінде қолдау көрсеткен екен. Биыл да қол ұшын беруде. Тағдырдың жазуымен бір елде өсіп, өніп жатқан этнос өкілдерінің осындай жанашырлығы игілікті іс екенін тілге тиек еткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізге инвесторлар тарту жұмысына да белсене араласу қажет екендігін айтып өтті. Сондай-ақ, жерлес жазушылардың шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің тіліне аударылатындығына сенім білдіріп, өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүрген Еркебұлан Мәмбетов, Серік Малаев, Геннадий Зенченко, Юрий Шоль бастаған азаматтар Елбасы айтқан 100 жаңа есімнің бірі болуға лайық деген ойын жеткізді.

Сессия барысында бірқатар этномәдени бірлестіктердің жетекшілері елдегі бірлік пен тұрақтылықты, қазақстандық патриотизмді дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды. Әсіресе, “Туған жер” бағдарламасына айырықша көңіл бөлінді. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жангелді Тәжин өңіріміздегі тарихи, мәдени орындарды насихаттау керектігін тілге тиек етті. Ал облыстық балалар ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Ольга Шумакова бар тілегі туған жеріне адал қызмет ету екендігін жеткізді.

– Біздің отбасымызда жиырмадан астам дәрігер бар, соның 14-і Қазақстанда еңбек етіп жүр. Арамыздан терапевт, хирург, кардиохирург, нейрохирург, стоматолог шықты, төрт педиатр бар. Медицина саласы – біздің өмірлік таңдауымыз. Әулетіміз Қазақстанда 1849 жылдан бері, яғни 168 жыл өмір сүріп келеді. Шумаковтар әулетінің барлық мүшесі қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алған. Бүгінде отандық медицинаның өрлей бастағанына қуанышты, еңбек етуге әзір, – деді Ольга Константиновна.

Ал жаңа толқынның атынан мінбеге көтерілген Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Саида Бекбуди жастар Қазақстанды жаңартатын, қанатын кеңейтетін, жетістігін еселейтін, бірлікті нығайтатын алып күш болады деген жалынды сөзін жолдады. Сессияға Ресейде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері де қатысты. Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ыбыраев Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен тығыз қарым-қатынас орнатқанын жеткізді.

Елдің болашағы, халықтың бірлігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар қорытындыланғаннан кейін этносаралық татулықты сақтауға, тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген ассамблея өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілеріне сертификаттар тапсырылды.

Салтанатты сәт концерттік бағдарламаға ұласып, онда этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары сахнаның сәніне айналды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау