Солтүстік Қазақстан газеті

Күнделік толтыру үшін көрші ауылға сабылып жүр

Печать PDF

Үлкендердің: “Өскенде қандай мамандық иесі болуды арман-дайсың?” – деген сұрағына ойланбастан: “Мұғалім”, – деп жауап беретін едім. Алайда, бұл мамандықтың қандай күрделі әрі үлкен жауапкершілікті талап ететінін мектеп табалдырығын аттап, шәкіртіне туған баласындай қарайтын ұстаздардың тәрбиесін көрген соң ғана ұғынғандай болдым. Есіл ауданындағы Мектеп негізгі мектебі өте тар, небәрі 35 оқушы болғанымызға қарамас-тан, екі ауысыммен оқитынбыз. Оның үстіне, кадр жетіспеушілігі де болған шығар. Ағам мұғалім болғандықтан, таң атқаннан қара кешке дейін мектептегі оқушыларға сабақ беріп, ал үйге келген соң дәптер тексеріп, жоспар құрып, қағаздан бас алмай түн жарымға дейін отыратын. 

argaiv1797

 Қанша уақыт өтсе де, заман қалай дамыса да, мектептегі қағазбастылық бүгінгі таңда да қай ұстазды болсын қынжылтары рас. Былтыр: “Еліміз бойынша білім саласына “Күнделiк кz” деп аталатын жаңа жобаны енгізу қолға алынды. Алдағы уақытта оқушылар күнделігін электрондық нұсқа алмастырып, баға да, үй тапсырмасы да соның ішіне жазылатын болады. Бұл ұстаздар, ата-аналар және оқушылар үшін жақсы әрі оңтайлы жаңалық”, – деп алақайлағанымыз бар. Сол кезде барлығы бұл жобаның ең басты тиімділігі мұғалімдердің қолын байлап, көп уақытын алатын қағазбастылықтан айыратынында деп білді. Иә, бұл жоба іске қосылып, бүгінгі таңда облыс мектептерінің басым бөлігі электрондық күнделік толтыратын болды.

– Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша 2016 жылдың соңына дейін 336 мектеп міндетті түрде осы жобаға көшуі керек болатын. Облысымызда барлығы 517 мектеп болса, оның 368-і “Күнделiк кz” жобасына қосылды. Басқа мектептер де хабарласып, қосылуға өтініштер білдіруде. Жаңа 2017-2018 оқу жылында өңіріміздегі барлық мектептер осы жоба бойынша жұмыс істеуге міндетті. Қосылған мектептердің статистикасын үнемі бақылап отырамыз. Мәселен, Айыртау ауданындағы Қызыләскер орта мектебінде ұстаздар, оқушылар мен олардың ата-аналары 100 пайыз электронды күнделікке көшті. Алайда, жалпы статистикалық мәліметтер облыста жаңа жобаны мұғалімдердің – 56,7, оқушылардың – 6,9, ата-аналардың 41,5 пайызы ғана қолданатынын көрсетуде. Ұстаздардың журнал толтыру көрсеткіші 34,4 пайызды құрайды, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Анара Волкова.

“Өмірде қанша адам болса, сонша пікір бар”, – дейді емес пе? Сол сияқты, бұл жобаның тиімділігіне қатысты ұстаздардың ойы да сан түрлі. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жердегі ең басты мәселе – қағазбастылықтың әлі де жойылмауы. Ұстаздар электрондық күнделік қолданып жүргендерімен, баяғы қағаз толтырудан құтыла алмай отыр. Сонда, ұстаздар жарты күн – қағаз журналдарын, ал қалған жарты күн электрондық күнделікті толтыратын болса, балаларға қалай көңіл бөлмек, олардың оқу үлгерімдері не болмақ? Бұл жайлы облыстық білім басқармасынан ешқандай жауап ала алмадық.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы электрондық күнделікке қосылған 25 мектептің екеуі ғана қазақтілді білім ордалары. Олар – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектеп. Соңғысының 4-ші сыныбында оқитын туған інімнің бұл жайлы не білетінін сұрадым. Ол күнделігінің арасына қыстырылған бір жапырақ қағазды алып берді. Онда інімнің және анамыздың логині мен құпиясөз жазылған екен. Ұялы телефонымды алып, екеуінің де атынан кіріп көрдім. Оқушының күнделігінде сабақ кестесі, үйге берілген тапсырма мен алған бағасы көрсетіліпті. Ал ата-ана өз логинінен кіру арқылы баласының сабақ үлгерімін қадағалай алады. Бір қарағанда барлығы дұрыс секілді. Алайда, мен ол сайттан бір апта бұрынғы ақпаратты ғана көре алдым. Яғни, ұстаздарға бұл жоба әзірге тиімсіз немесе уақыттың жетіспеушілігінен де болар, күнделік ұдайы толтырылмайды. Және осы күнге дейін одан інімнің де, ата-анамыздың да хабары болмаған. Ұстазының берген қағазында не жазылғанын түсінбеген кішкентай інім күнделігінің арасына қыстырып алып жүре берген екен. Көптеген ата-аналар бұл жоба туралы өңірлік немесе республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана естіп-білгені жасырын емес. Анара Волкованың айтуынша, аталмыш жобаға қосылған мектеп басшылығы мен ұстаздар оқушылар мен ата-аналарға толық ақпарат беруге міндетті.

Қай білім ордасында болсын, мұғалімдердің басым бөлігі – ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан алдыңғы буын өкілдері. Оларға, әрине, заманауи жобаға үйренісу қиынға соғары анық. Алайда, заман дамып келеді, онымен бірге біздің де алға басуымыз – заңды құбылыс. Осыған қатысты ардагер ұстаздардың ойын білген едім.

– Жаңашылдықтарға қарсылығымыз жоқ. Алайда, біз оның барлығына бірден ілесіп кете алмаймыз. Бағымызға қарай, қай мектепке болсын оқуын жаңа тамамдаған жас мамандар келуде. Заманауи технологияны жетік меңгерген информатика пәнінің мұғалімі бізге электронды күнделікті толтыруға көмектесуде. Кез келген уақытта барып сұрағымызды қоя аламыз, соның арқасында біртіндеп меңгеруге тырысамыз, – дейді Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Клара Молдахметова.

Бұл жобадан қала мектептерімен қоса, ауылдық білім ошақтары да тыс қалмай отырғаны баршамызға белгілі. Бұл да байыбына барып ойлануға тұрарлық жайт. Қазіргі таңда ахуалы сын көтермейтін кейбір ауылдық мектептер интернетке қосылмақ түгілі, кейбір оқулық пен басқа оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылмай отыр. Бірақ олар электрондық күнделікті үзбей толтырып отыруға міндетті. Интернетпен жұмыс істеуге ауылдықтардың толықтай мүмкіндігі болмаса, қала тұрғындарының да барлығының жағдайы оған келе бермейтіні тағы бар. Үйіне ғаламтор қосылмаған, тіпті, компьютері де, интернетке қосылатын ұялы телефоны да жоқ отбасылар бар екені анық. Ал электрондық күнделікпен ауыл мектептерінің жұмыс істеуі, ата-ананың баласының оқу үлгерімін қадағалап, үй тапсырмасын орындаған-орындамағанын бақылап отыруы қиындық туғызбас па екен?

Облысымыздың Айыртау, Жамбыл аудандарындағы кейбір ауылдардың интернетке қосыла алмаған ұстаздары амалсыздан араларынан біреуін көрші ауылға жіберіп тұрады екен. Басқаларынан ақша жинап алған ол интернеті бар ауылға барып, барлығының журнал-күнделіктерін толтырып келеді.

Облыстық білім басқармасы мамандары бұл мәселеге қатысты: “Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес барлық білім ошақтары бұл жобаға қосылып, толтырып отыруға міндетті. Ал интернет жоқ ауылдар мен отбасыларға қатысты ештеңе айта алмаймыз”, – деп қысқа қайырды.

Кейбір ата-аналарға бұл жобаның “майдай” жағып жатқанына күмән жоқ. Жұмыстан қолдары тимей, баласының үлгерімі мен тәртібі сөз болатын жиналысқа бара алмай жүрген ата-ана енді оның барлығын қалаған уақытында телефон арқылы-ақ біле алады. Бұл – “Күнделiк кz” жобасының басты тиімділіктерінің бірі.

Оқуын жаңа тамамдап, білім беру саласына енді қадам басқан жас маман үшін де бұл жобаның тиімділігі аса зор. Олар инновациялық тәсілдерді пайдалана отырып, заманауи технологиямен жұмыс істеудің арқасында тәжірибе жинақтап, болашақта өз ісінің маманы болары анық. Алдағы уақытта жобаның басқа тиімділіктерін де көре жатармыз. “Көш жүре түзеледі” дегендей, осыған қатысты түрлі пікірлер мен сыни көзқарастар ескеріліп, жоғарыда аталған мәселелер өз шешімін табады деген үміттеміз.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Коллажды жасаған

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау