Солтүстік Қазақстан газеті

Ардагерді құттықтады

Печать PDF

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Қызылжар аудандық филиалының қызметкерлері Бескөл ауылының тұрғыны, соғыс ардагері, екінші топтағы мүгедек Бронислав Щавинскийдің отбасында болды.

argaiv1929

Қонақтарды әскери киіммен қарсы алған соғыс ардагері Бронислав Щавинский 1926 жылдың 1 мамырында Киев облысында дүниеге келген. Он екі жерлесімен бірге 1943 жылы Тайынша қаласынан майданға аттанған ол Тадэуш Костюшко атындағы екінші Польша армиясы қатарында, миномёт полкінің бірінші бөлімшесінде Украина, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Майдангердің айтуынша, ұрыс даласындағы жауынгерлерге жүк көлігімен ауыр миномёттер мен қару, оқ-дәрілерді жеткізіп тұрған. Сонда снарядтың жарықшасы тиіп, оң аяғынан жараланып, госпитальға түскен. Бірақ көп ұзамай қайта қатарға қосылыпты.

Ардагер майданда көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Германияны жеңгені үшін”, “Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков” және “Ерлігі үшін” медальдарымен марапатталған.

– 17 жасымда майданға аттанған едім. Жеңімпаз болып оралғанымызбен, ұрыс даласында мәңгілікке қалған бауырларымыздың, жолдастарымыздың бейнесі, оларға деген сағыныш, соғыс салған лаң жүрегімізде жазылмас жара болып қалды. Сондықтан ұрпақтарымыз соғыс деген сұмдықты көрмесе екен деп тілейміз, бейбіт күннің қадірін түсініп, әр сәтіне қуанса, жігерленсе деп отырамыз, – дейді Бронислав Мечиславович.

Бүгіндері ардагер арпалыспен өткен сол бір үрейлі күндерді емес, жарқын болашақ туралы әңгімелескенді ұнатады. Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан қарт майдангердің қиын-қыстау заман кезіндегі ерлігі туралы аз-кем әңгіме естіген қонақтар қарияға әкелген сый-сияпаттарын ұсынды.

Динара БЕКТҰРОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау