Солтүстік Қазақстан газеті

АРДАГЕРЛЕР ІЛТИПАТҚА БӨЛЕНДІ

Печать PDF

 

argaiv1934

Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 72 жыл толса да, қанды қырғынның салған жарасы жазыла қойған жоқ. Уақыт дөңгелегі алға жылжыған сайын ешкімнің де, ештеңенің де ұмытылмайтыны айқындалып келеді. Миллиондардың қанымен, көз жасымен, қасіретімен келген осынау ұлық мереке қарсаңында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Отан қорғаушы күнімен және Жеңістің 72 жылдық мерекесімен құттықтады.

Ең алдымен Құмар Іргебайұлы екінші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” орденінің, “Жапонияны жеңгені үшін” медалінің иегері Дмитрий Кудиновтың үйіне бас сұқты. Тоқсан жастың төріне жайғасқан ақсақал елу жылға жуық отасқан зайыбы Мария екеуі үш бала тәрбиелеп, өсірді. Олардан он немере мен шөбере сүйіп отыр.

– Татулығы жарасқан, бірлігі бекем еліміздің егемен мемлекет болып қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне Сіздің де қосқан үлесіңіз зор. Соғыс тауқыметін көрмей өскен қазіргі жас ұрпақ өмірлері еңбекпен, ерлікпен өрілген аға буын өкілдеріне қарыздар, – деп жылы лебізін арнаған Құмар Іргебайұлы ардагерге Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын табыстап, үлкен плазмалық теледидарды сыйға тартты.

Өңір басшысының бұл құрметіне ризашылығын білдірген ақсақал соғыстан кейін отыз жыл бойы Куйбышев атындағы зауытта қызмет атқарғанын, еліміздегі қазіргі бейбіт өмірдің бәрі жеңіспен жеткен жақсылық екенін тілге тиек етті.

Өңір басшысы ат басын бұрған екінші үй – Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновтің шаңырағы. Қарапайым заңгерліктен облыс прокурорының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген Сапар Дүйсенұлы соғыстан жаралы оралса да, ұзақ жыл еңбек етіп, өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына атсалысты.

– Фашизмнің қатыгез жоспарын талқандап, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қазақ батырларының ерлігін айрықша айтар едім. Елдің көшін алға сүйреген, бейбітшіліксүйгіш халқымызды айдай әлемге танытқан Мемлекет басшысына ризамын, – деген ақсақалдың кеудесіндегі медальдары өшпес ерліктің үлгісіндей жарқырайды. Үш бала өсіріп, оларды елге қызмет ететін нағыз патриот етіп тәрбиелегенін мақтаныш етіп жеткізген ақсақалды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтапты. Құттықтау хатты өңір басшысы табыстады. Облыс әкіміне жас ұрпақты тәрбиелеуде отансүйгіштікке, елжандылыққа баса назар аудару қажеттігін айтқан Сапар Дүйсенов өнегелі әңгімесін мол жайылған дастарқан басында жалғастырды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау