Солтүстік Қазақстан газеті

ТІРЕГІМІЗ — ТАТУЛЫҚ

Печать PDF

 

argaiv1087

Мамыражай мамыр келіп, төскейді қызғалдақ, сарғалдақтар жауып, даланың көркін келтіргенде, көңілде де қуаныш бүр жарады. Себебі, даланы жасыл желекке орап, көңілді әнге бөлейтін бұл айдың қыстың қытымыр аязынан дірдектеп шығып, көктемде толарсақтан саз кешетін қызылжарлықтар үшін орны бөлек. Күннің нұры тура түсіп, қара жерге жылуын дарытқан мамырдың түндігін ізгілікке, татулық пен бауырмалдыққа шақыратын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен түру біз үшін зор сүйініш.

Халқымыз бірде кең-байтақ даласына көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін бермей, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын Құдайындай күтіп, оған дастарқан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын. Демек, толеранттылық дегеніміз “қазақы мінез” болар, сірә. Осы қазақы мінезіміздің арқасында Қазақстан халқының бірлігі күнін ойды да, қырды да думандатып, мейлінше сән-салтанатымен атап өтеміз. Бұл жолы да сол дәстүрден айныған жоқпыз. Әдеттегідей, облыс орталығының басты көшесі – Қазақстан Конституциясы көшесі той-думанның алаңына айналғандай болды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарлама өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің жиналған қауымға өз тілдерінде игі лебіздерін жолдауымен басталды. Ал олардың бұл сөздері әр этностың әнімен өріліп, ұлттық билерімен әрленіп отырды. Сахна төріне көтерілген облыс әкімі Құмар Ақсақалов қызылжарлықтарды бірлік пен татулық мерекесімен құттықтады.

– Тұрақтылық пен бірліктің арқасында тәуесіздігіміздің іргесін қаладық, экономикамыздың негізін салдық. Бұл, әрине, жеңілдікпен келген жоқ.

Енді алдымызда бір ел, бір халық болып экономикалық, саяси, ең бастысы, рухани жаңғыруды жүзеге асыру міндеті тұр. Біздің өңірімізде жүзге жуық этнос өкілі тұрады. Әрқайсымыздың қалауымыз – бейбітшілік пен келісімде, өзара құрмет пен сыйластықта өмір сүру. Жылдар бойы қалыптасқан бірлігіміз бен татулығымыз қиын сәттердің тезіне шыдас беріп келеді. Қазір біз үшін ауыр кезең – су тасқыны. Осы уақытта да түрі де, діні де бөлек адамдардың бір-біріне көмек қолын созып, қолдап, демеп жатқанының куәсі болып отырмыз, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында экономикалық, саяси табыстармен қатар, рухани салаға да бетбұрыстар жасалғанын, этностардың тілін, мәдениетін дамытуға жан-жақты жағдай тудырылғанын атап өтті.

Осы күні басты көшенің бойында этносаралық бірлік пен татулықты насихаттаған мәдени, танымдық, тағылымдық шаралар ұйымдастырылып, олар жастың да, жасамыстың да көңілінен шықты. Аға буын өкілдері арнайы қойылған орындықтарға жайғасып, концерттік бағдарламаларды тамашаласа, жастар жағы спорттық ойындардың бел ортасында жүрді. Мәселен, Абай мен Пушкин ескерткішінің жанына жастар көбірек жиналды. Әсіресе, бүлдіршіндер де, бозбалалар да, жігіттер де кезектесіп асық атып, ұлттық ойынды дәріптей отыра, балалық шақтарын еске түсірді. Көрермен болып қарап тұрған аға ұрпақ жастардың осы ойын түрін ұмытпағанына, асық атуға бейім екендеріне сүйсінді.

– Біз жекпе-жек, бұға тарту, бокс, арқан тарту және тағы да басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырдық. Өздеріңіз көріп отырғандай, қызығушылық танытып, бабын сынап жүргендер көп. Менің ойымша, осындай ойындар түрлі этнос өкілдерінің де басын қосып, біріктіреді, – дейді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық спорт ойындары бойынша жаттықтырушысы Ербол Оспанов.

Ал алаңқайларда конкурстар, акциялар, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, “Біз – қазақстандықтар!” атты қолданбалы көрме жергілікті өнер шеберлерін топтастырса, балалардың театрландырылған көрінісі өзіндік бағдарламамен айшықталды. Тәуелсіздік стеласы аумағында этномәдени бірлестіктердің “Бірлігіміз жарасқан!” атты қойылымы тамашаланды. Сахнада әр этнос өкілі әнін шырқап, биін билеп қана қоймай, қызылжарлықтарға өзінің салт-дәстүрін көрсетіп, дастарқанынан дәм татырды. Осының барлығы қазақтың бауырмалдығының арқасында негізі қаланған құндылықтар ғой. Жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп еді.

– Облыста ауған этносының отыз шақты өкілі өмір сүріп жатыр. Қатарымыз аз болса да, біз бұл жерде жайлы өмір сүріп отырмыз. Бейбітшілік дегеннің не екенін жете түсіндік. Қазіргі таңда тарихи отаным – Ауғанстанда соғыс жүріп жатыр. Жыл сайын барып, ол жақтағы жағдаймен танысып тұрамын. Сол кезде Қазақстанның бірлік пен татулықтың мекені екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземін, – дейді “Бохтар” ауған этномәдени бірлестігінің төрағасы Назими Хасрат.

Тәуелсіздік стеласы аумағына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясындағы этномәдени бірлестіктер өз шаңырақтарын тігіп, мерекені тамашалап жүрген қызылжарлықтарды тыныс-тіршілігімен таныстырды. Олар мерекемен құттықтай келген облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын көрсетті.

Осылайша, бір шаңырақтың астында қазақстандық бірліктің үлгісін насихаттап отырған ассамблея өкілдері мерекенің мерейін арттырып, елімізде сақталған берекелі өмірдің мәнін түсіндіргендей болды. Ал бұл жерден қазақтың сары бауырсағы мен қымызынан дәм татып, түрлі этнос өкілдері ұйымдастырған ұлттық ойындарды ойнап, көңілі көтерілген қызылжарлықтар “Сағындырған әндер-ай!” ретрофестиваліне беттеді.

Мұндай мерекелік шаралар тек орталық алаңда ғана емес, тұрғын үйлердің аулаларында да ұйымдастырылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Наурыз және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелерін әр аулада атап өту керек деген бастамасы қоғам тарапынан кең қолдауға ие болған еді. “Ауласы бірдің ауасы бір” демекші, бір үйде өмір сүріп жатқан көршілердің таныстығын татулыққа ұластыратын мұндай шаралардың игілігі басым екені анық. Осыны ескерген түрлі мемлекеттік органдар, халық қалаулылары бірқатар аулаларда тұрғындардың басын біріктіріп, түрлі ойындар ұйымдастырды, бұрын ернінің ұшымен амандасатын көршілер бір дастарқан басына жиналды. Мәселен, К.Сүтішев көшесінің бойындағы бірнеше үйдің ауласының тұрғындары мерекені осындай тамаша көңіл-күймен қарсы алды.

– Аулаға шыққанымда мұндағы мерекелік безендіруді көріп таңғалдым. Бұл игі дәстүр болмақ. Мен де, ата-анам да Қазақстанда туып-өстік. Жергілікті ұлттың тілін де, ділін де білемін. Бір-бірімізді танып, білген уақытта сыйластығымыз да, құрметіміз де артады емес пе?! – дейді София Матвеева.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаев Жамбыл көшесі, 73 А үйінің тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Дала ошағына палау басып, кең дастарқан жайды. Таңертеңнен түске дейін ұласқан мерекелік шарада үлкендер жағы бір-бірімен жақын танысып, әзілдері жарасып жатса, балалар ашық аспан астында асыр салып ойнады-ай келіп. Бұл да бейбіт өмірдің бір белгісі емес пе?! Аспанымызда құс қана ұшып, естігеніміз тек әсем әуен болуы көптің маңдайына бұйырмаған бақ қой. Ендеше, бейбітшілігіміз баянды болсын!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау