Солтүстік Қазақстан газеті

ТАҒДЫРЫ БІР — ТУЫСҚАН

Печать PDF

Әкемнің көрші ауылда ұлты неміс тамыры Виктор тұратын. Ата-анамнан қалмай неміс тамырдың үйіне жиі қонаққа барушы едім. Маған олар жақын туысымыз сияқты көрінетін. Әкемнің аты қақпаға жақындағанда-ақ, үй иесі жүгіріп шығып, қарсы алатын. Тамырлар бір-бірінен амандық-саулық сұрасып жатқанда, оның келіншегі мені жетелеп үйге кіргізетін. Дастарқанын жайып, алдыма барын қояды. Ішіне ел қонғаннан кейін ойын баласы қайбір тыныш отырсын. Тыпырши бастаған мені бақшасына жетектеп апарады. Гүлдің түр-түрін өсіруші еді. Маған әрқайсысынан қиып, гүл шоғын жасап береді. Оны үйге алып келіп, суға салып қоямын. Екі-үш күннен кейін солған гүлді далаға тастауға қимаймын. Ана кісі менің гүлді далаға тастағанымды білсе, ренжи ме деген ой ғой.

argaiv1208

Иә, адам сыйлайтын кісісін ренжіткісі келмейді. Мен өз сыйластығымды осылай көрсететінмін. Біздің ауылдың әр үйінің бір-бір тамыры болды. “Тамырыма барып келдім, тамырымнан әкелдім, тамырыма беріп жібердім”, – дейтін көпшілік. Оң мен солын танымайтын маған “тамыр” деген сөз түсініксіз көрінсе де: “Әкемнің тамыры. Ендеше, бізге жамандық ойламайтын кісі”, – деген ой болатұғын. Қазіргі қоғамға бұл бір құбылыс болып көрінер, бәлкім.

Этносаралық достық кеңестік үкіметтің бренді болатын. Бірақ адамның ішкі жан дүниесіне ғана тән сезімді бұйрықпен, ұранмен қалыптастыра алмаймыз. Араларынан қыл өтпес нағыз достық саясаттың назарына түспейді. Екі көршінің қарапайым қарым-қатынасы өзара сенім, сыйластық, түсіністік, құрмет арқылы қалыптасады. Бірінші күні бас изеп амандасса, екінші күні бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды. Одан кейін мал-жанның амандығы... Ортақ көзқарас қалыптасқан шақта айтылар әңгіме таусылған ба?! Осындай күнделікті араласып-құраласып жататын таныстық “тамыр” болуға ұласып жатады.

Қазақтың өзге этностармен осындай қарым-қатынасының қалыптасуы бабалар салған даңғыл жол іспетті. “Татулықты – береке басы” деп білген қазақтың қай заманда да өзгенің үлесіне қызығып, қынынан қылышын суырған кезі жоқ. Өз тағдыры қыл үстінде тұрған кезде де, қаны бөлек, жаны жат басқаның құрдымға кетуіне жол бермеді. Ол “шаш ал десе, бас алатын” шолақ белсенділердің заманында да, одан кейін де қаймағы бұзылмаған ізгілік еді. Ал еліміз тәуелсіздігін алып, дербес ел болған уақытта адамгершілік биігінен құлдырамады. Кең даланы емін-еркін жайлаған өзге этностардың өзегінен теппеді.

Десек те, қазақ жеріндегі сан этностың өкілі Кеңес одағы ыдыраған кезде тәуелсіз елдің көлеңкесінен қорқып, әуре-сарсаңға түсуі буыны бекімеген мемлекеттің тағдырын таразыға салғаны белгілі. Сол кезде ел ішіндегі толқуларды басу үшін жергілікті билік әр этностың ақсақалдарын тартқан екен. Петропавл қаласының орталық алаңына жиналған осындай халықтың алдында аузы дуалы ақсақалдар бірінен соң бірі сөз алып, басу айтқан көрінеді. Солардың соңы болып ортаға шыққан өңіріміздегі кәріс қауымдастығының көрнекті өкілі, марқұм Феликс Сим: “Достарым! Біз қиын кезеңде еш нәрсеге таласпай, керісінше, қолымызда барымызды бір-бірімізбен бөліспеп пе едік? Бүгін біз өмір сүріп жатқан ел тәуелсіз ел болып жатса, бұл біздің үдере көшуімізге себеп емес. Осы жерге тамырымызды тараттық. Ендеше, ұрпағымыздың амандығы үшін, Отанымыздың өркендеуі үшін бірлесіп еңбек етпейміз бе?” – дегенде, сөз сөйлеген әр адамның айтқанын жақтырмай, дауласып жатқан халық сап тыйылыпты. Осы бір оқиғаны татар-башқұрт қауымдастығының өкілі Раиса Бикмұхамбетова баяндап беріп еді.

Ал 1992 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумын өткізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын айтқанда, қазақтың ниеті жік-жікке бөлу емес, бірігу екенін түсінгендер түндіктерін қайта түрді десек болады. Себебі, әр этнос өкілдері этномәдени орталықтарын құруға білек сыбана кірісіп, осының нәтижесінде өңірімізде 1992 жылдан 1995 жылдар аралығында еврей, неміс, славян, украин, кәріс этномәдени бірлестіктері бірінен соң бірі құрылды. Араға үш жыл салып 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Осылайша, бірліктің отауы тігілді. Қазіргі таңда өңірімізде 25 облыстық, 150-ден астам аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жүйелі жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасалып та отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық еврей этномәдени бірлестігінің мүшесі болған марқұм Марк Виткин бір сұхбатында:

– Израиль Қазақстанды бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің ішінде өзге ұлттың тыныш өмір сүруіне мүмкіндік жасаған ел ретінде таниды. Мен осында тудым, өстім, білім алдым, жұмыс істедім, зейнет демалысына шықтым. Қазір Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының жұмысына белсенді араласып жүрмін. Осы уақыт аралығында еліме адал қызмет етуге тырыстым. Ешкімді бөліп-жарған жоқпын, – деп еді.

Бөліп-жармадым демекші, Марк Павлович 1997 жылы Ресей Батыры атанған қазақстандық жауынгер Бақтыораз Бейсікбаевқа өз Отаны – Қазақстанда батыр атағын беру мәселесін көтерген екен. Алматы облысында туған қазақтың өзге елдің батыры атанып, өз елінде атаусыз қалуы тарихи қателік деп Елбасының атына хат жазған көрінеді. Бірталай уақыттан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бақтыораз Бейсікбаевқа Қазақстанның “Халық қаһарманы” атағы берілді. Елінде ұмыт қалған қазақтың батыр ұлын өзге ұлттың жоқтауы біздің елге ғана тән құбылыс шығар.

Осылайша, түрлі ұлыс елдің тірегі мен тілекшісі болып, татулықтың тұғырын биіктетсе, Елбасымыздың салиқалы саясатының қайтарымы да. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беріліп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болуы, “Қазақстан халқы Ассамблеясы” туралы әлемде баламасы жоқ заңның өмірге келуі, елдің тыныштығы үшін жасалып жатқан шаруалар. Әрі бір кездері қалыптасқан достықты насихаттай отыра, өміршең ету – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.

Не десек те, географиялық жағынан бізбен “төскейде малы, төсекте басы қосылмаса да” саясаттың құрбанына айналып, жерімізге қоныс аударған өзге этнос өкілдерінің бізбен достық қарым-қатынасы ерекше. Бұған басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтергендігі де себеп болар. “Адамдарды қайғы біріктіреді” демей ме? Біз табиғатымыздан қайғы мен қасіретте қолда бар алтынның қадір-қасиетін жете түсінеміз. Ендеше, қан мен тер, жас пен қуаныштың қоспасынан қабырғасы қаланған еліміздегі этносаралық достықтың өміршеңдігінің бірден-бір себебі – іргесінің мықтылығында, тамырының тереңде жатқанында деуге толық негіз бар!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау