Солтүстік Қазақстан газеті

Елдің көркі

Печать PDF

Халқымызда “Бір қыз тәрбиелесең, бір ұрпақты тәрбиелегенің” деген жақсы сөз бар. Мұның астарына үңілер болсақ, үлкен тәрбиенің жатқанын байқаймыз. Өйткені, қыз – болашақ ұрпақтың анасы. Сондықтан қазақ халқы қашанда әлемдегі сұлулық пен тәрбиенің көркем үлгісін ару қыздардың тал бойынан көруді көксеген.

argaiv1797

Мен Ақжар ауданындағы Алқатерек ауылының тумасымын. Жастайымнан теледидардан жаңалық көріп отырып, көк экранның арғы жағында сыпайы, сызыла сөйлеген журналистердей болсам деп армандайтынмын. 2015 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасына оқуға түскенімде, бала күнгі арманыма бір табан жақындағандай болдым. Өйткені, мұнда сөйлеу әдебі мен мәдениетіне, салт-дәстүрге, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді.

Тұла бойынан қазақылықтың иісі аңқитын арулар да аз емес. Олардың бірқатарымен мен университетімізде облыстық жастар бастамалары орталығының ұсынысымен алғаш рет өткізілген “Қазақ аруы” байқауына қатысқан кезде таныстым. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, асыл қазынамыздай сақталып келе жатқан салт-дәстүрімізді меңгерген, бойына қазақ қызына тән барша асыл қасиеттерді жинақтаған нағыз аруларды анықтап, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатын көздеген бұл байқауға қатысқан әрбіріміз өз факультетіміздің намысын қорғап, білімімізбен қоса өнерімізді де сынға салдық.

Өңіріміздегі қазақ қыздарына арналған алғашқы шара болғандықтан оған зор жауапкершілікпен қарап, тиянақты дайындалдық. Сайыс шарты бойынша бірнеше кезеңнен өттік. Әр қатысушы қазылар алқасына өзін таныстырғаннан кейін ертеден сақталып келген салт-дәстүрімізден көрініс көрсетті. Келесі кезеңнің талабы – жиналған қауымның назарына өнеріңді ұсыну. “Көрерменді қандай өнермен тәнті етсем” деген ұзақ ойдан кейін “Соқыр қыздың монологын” оқып беруді жөн көрдім. Жүрегімнен шыққан өз туындым болғандықтан да болар, қазылар алқасының жоғары бағасын алып, жеңіске лайық деп танылдым. Соңғы кезең – “Дефиле” сайысында алғашқы минуттарда биік өкшемен жүріп өту қиындық туғызды. Дегенмен, байқауға дейінгі дайындықтардың арқасында барлық қиындықтарды еңсеріп, жақсы өнер көрсетіп, факультетімнің абыройын лайықты қорғап шыққаныма өте қуаныштымын. Әрине, жеңіске жеңіл жолмен жеттім, еш қиындық болмады деу дұрыс болмас. Жеңімпаз атану жолында жанымдағы құрбыларым мен факультет оқытушыларымның көмегі мен қолдауы өз септігін тигізді. Мектеп қабырғасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен түрлі сайыстар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрсем де, “Қазақ аруы” атануым мені ерекше толқытты. Өйткені, бұл жеңісім өзімнің ғана емес, ата-анамның да мерейін асқақтатқаны сөзсіз.

Аяулым ҚАБЛАШЕВА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау