Солтүстік Қазақстан газеті

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ЖАҚҚАН

Печать PDF

Адам шыр етіп дүниеге келгенде пешенеге жазылған тағдырынан асып кете алмайды деп жатады. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ айналасындағыларға жақсылық жасауға құштар адамның өмірде әрқашан жолы болары анық.

argaiv1900

Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Ғалымбек Ғайсиннің есімі көпшілікке жақсы мәлім. Оның өзіндік себебі де бар. Ол ұзақ жылдар өңірімізде еңбек инспекторы болып қызмет атқарды. Жұртшылықтың сенім биігінен көрінген оған сондықтан да көп азаматтардың ілтипаты ерекше. Ғалымбек Ғайсиннің қызмет барысында шындық үшін шырылдап, табанын тоздырған сәттері аз болған жоқ.

Бірде, жылжымалы машина станциясының Новоишимка ауылындағы бөлімшесінде жұмыс барысында бақытсыз жағдай орын алды. Оқиғаның анық-қанығына жету керек. “Білікті әрі тәжірибелі маман ретінде осы мәселені аяғына дейін жеткізсеңіз”, – деген еді жоғарыдағылар.

Ол уақытта еңбек инспекторлары Еңбекпен қамту және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тікелей бағынатын. Ғалымбек Ғайсин көп ойланған жоқ. Жолға шықты. Діттеген жеріне жеткенше ойы сан-саққа жүгірді. “Сұмдық-ай, төрт бірдей жұмысшының өмірін қиған оқиғаның мән-жайын анықтап, нақты кінәлілерді табу – азаматтық ар-намысыма сын”, – деп қояды іштей күбірлеп. Мұндай жауапкершілікті бұған дейін де талай арқалаған еді. Бүкіл ел құлақ түріп отырған оқиғаның әділ нүктесін қою керек екенін Ғалымбек Ғайсин жақсы түсінеді. Егер еңбек инспекторының толтырған актісіне жұмыс беруші тарап қол қоймаса, ол маманның біліктілігіне күмән тудырады.

Ғалымбек Ғайсин – осындай дауларда талай мәрте жеңіп шығып, жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын дәлелдеген қайсар әрі қайырымды еңбек инспекторы болған азамат.

Жоғарыдағы оқиғаның қалай аяқталғаны, әрине, оқырмандарға да қызық шығар. Жылытылмайтын вагон электр желісіне қосылған екен. Сол тұйықталған жерден шыққан өрттен вагон отқа оранып, 4 адам мерт болыпты. Бірақ жұмыс беруші тарап өтемақы төлемеу үшін неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, бастарын ала қашады. Олармен соттасып жүріп, оқиғаның қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан орын алғанын бұлтартпастай дәлелдеп шықты. Ол уақытта өтемақының мөлшері қомақты болатын әрі қиындыққа душар болған отбасының балаларына 18 жасқа дейін жәрдем көрсету заң шеңберінде жүзеге асатын.

Тағы бір осыған ұқсас оқиғаны айтып кетудің артықтығы жоқ. Новоишимка темір жол станциясында А. деген жұмысшы әйел хоппервагонға пломбы салып жатқан кезде тоқ соғып, қаза табады. Үш жасар бүлдіршіннің анасыз қалғаны жұмыс берушілерді алаңдатпайды. Олар әйелдің өлімін жылы жауып қойып, өздері сүттен ақ, судан таза шығуды ойлайды. Бірақ Ғалымбек Ғайсин мұндай бассыздықтарға жол беретін азамат емес. Оқиғаның егжей-тегжейіне көз жеткізгеннен кейін жетім қалған баланың болашағына аз да болса көмек болсын деген ниетпен соттың кәмелеттік жасқа толғанша өтемақы төлеу жөніндегі шешіміне қол жеткізеді.

Жұмысшылардың арыз-шағымдары бойынша тексеріс жүргізіп, адам өлімінің алдын алу, қауіпсіздік мәселелері бойынша қорытынды шығару, басқа да осындай жауапкершілікті арқалайтын даудың түйінін шешу секілді еңбек инспекторына жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған азаматтың еңбек жолы кейінгілер үшін өнеге.

1976 жылдан бастап ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кәсіподағында техникалық еңбек инспекторы болып табаны күректей 35 жыл еңбек еткенін мақала кейіпкері зор сезіммен еске алады. Ал кейін еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау департаментінің бас мемлекеттік инспекторы қызметінде де абырой биігінен көрінгеніне дәлел болар кейбір дәйектерді жоғарыда келтіріп өттік. Сол жылдары шағын және орта бизнес саласын есепке алмағанда, облысымыздағы 10 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымдағы 160 мыңға жуық еңбеккердің құқығының қорғалуына көмек беріп, еңбек заңнамасының сақталуына үлес қосу үлкен күш-жігерді талап еткені хақ.

– “Өткен күнде белгі бар” дегендей, отбасылық мұрағатта сақталған мақтау-марапаттар адал еңбегімнің қайтарымындай көрінеді. Солардың арасындағы мен үшін ең салмақтысы “Әлеуметтік қорғау саласының үздігі” атағы, – дейді ағамыздың өзі.

Халқымызда “Азаматты ісіне қарап таны” деген мағынасы терең тәмсіл бар. Егер жетім-жесірге жаны ашымайтын біреу болса, ақиқатқа қол жеткізу үшін басын бәйгеге тігіп, шырылдар ма еді, кім білсін?! Ал Ғалекеңнің жылағанды жұбатып, сүрінгенді қолтығынан демеуі бекер емес. Өйткені, өзі де – әкеден ерте айрылған, буыны еңбекпен бекіген жастардың бірі. Өмірде аяғынан тік тұрып, қатарға қосылуына ұстаздарының еңбегі зор болғанын Ғалымбек Ғайсин айтудан бір жалыққан жоқ. Бәлкім, Ғалым Хамзин, Шәміл Құсайынов, Ғалым Қадыралин, Гүлбану Тайболатова секілді сол кездегі облыстық қазақ мектеп-интернатындағы алтын жүректі ұстаздары болмағанда өмірі қай арнаға бет бұрарын бір Алла білсін.

Халқымыз “Қанына тартпағанның қары сынсын” деп бекер айтпаған шығар, Ғалымбек ағаның Есіл ауданына есімі мәлім Дәует қажының немересі екенін де айтып өткім келеді. Текті атаның ұрпағы “Өлі риза болмай, тірі байымайтынын” естен шығармасы анық. Сондықтан да іздеусіз қалған атасының бейітін тауып алып, қабірінің басын көтергенін мақтаншылық үшін емес, жастарға өнеге болсын деген ниетпен әңгімелеп берді. Бүгінгі күні жылына екі мәрте әке-шешесімен қатар аталарына да Құран оқып, дұға тілегін арнап қайтады.

Жетпіс жастың төріне аяқ басса да Ғалымбек Ғайсин әлі тұғырынан түскен жоқ. Елгезек, шаршауды білмейтін ел ағасын жастардың арасынан жиі көруге болады. Ондағы мақсаты – азат елдің қадір-қасиетін арттыратын ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу.

Адамның өмір жолы қызметтегі абыроймен ғана өлшенбейді. Отбасы іргетасының берік болуы ер-азаматқа тікелей байланысты десек, ешкім де қарсы дау айта қоймас. Сыйластықтың лебі есіп, жақсылықтың нұры шашылған шаңырақтың ғұмыры ұзақ болады. Ғалымбек Ғайсин зайыбы Алма Сейітқазы екеуі қол ұстасып, өмірдің талай бел-белестерін артқа тастады. Ұлдарынан өрбіген ұрпақтарының қызық-қуанышына куә болып, тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналсақ деген армандары бар. Бұйырса, бұл тілектері де орындалып, ғасыр жастың төріне жетсе бір ғанибет емес пе?!

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау