Солтүстік Қазақстан газеті

Ұлағатты жол

Печать PDF

Жақында Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернат кітапханасында өңірімізге есімі жақсы таныс еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жақсылық Ысқақовқа арналған мұражай бұрышы ашылды. Мұнда ардагердің өнегелі өмірінен сыр шертетін фотосуреттер, кітаптар, марапат белгілері қойылған.

argaiv1208

Салтанатты шараға жиналғандардың алдында сөз алған республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өмірінің алпыс жылын ел игілігі үшін еселі еңбекке арнаған азаматтың бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық ұлағатты өмір белестеріне тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде еңбек жолын қатардағы агрономнан бастап партия ұйымдарында, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған Жақсылық Ысқақов мұражай бұрышын ашуға ұйтқы болған облыстық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.

Осы шараға қатысқан аталмыш оқу орнының ұстаздары мен оқушылары ардагерлермен сұхбаттасып, аға ұрпақ өкілдерінің өңірімізді дамытуға қосып отырған үлесі жайлы қызықты мәліметтер алды.

Облыстық ардагерлер кеңесі жастарды еңбекке баулу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Белсенді ардагерлердің атсалысуымен жақын арада Петропавлдағы №13 мектепте атақты құрылысшы, Социалистік Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Қайнижамал Мусинаға арналған мұражай бұрышы ашылмақ.

Марат ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау