Солтүстік Қазақстан газеті

КҮН ТӘРТІБІНДЕ — КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ

Печать PDF

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Отырыста қатысушылар төрт мәселе талқылады.

argaiv1682

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияров өңірдегі эпизоотикалық жағдай туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, өңірде эпизоотикалық жағдай тұрақты.

– Өткен жылы облысымыздағы елді мекендерде малдардың аса қауіпті ауруларына, соның ішінде бруцеллезге, туберкулезге және сібір күйдіргісіне қарсы ветеринарлық алдын алу шаралары жүргiзілдi. Барлық жануар түрлеріне сібір күйдіргісіне, эмкарға және құтырмаға қарсы жүргізілетін тексерістер саны ұлғайтылды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Ресей Федерациясымен шекаралас аудандарда құс тұмауына қарсы 330 мың құсты вакциналау жоспарланып отыр, – деді Ербатыр Қайыргелдіұлы.

Мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау шаралары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бақылауға жататын 659 нысан тексеріліп, 371 рейдтік іс-шара өтті. Нәтижесінде 777 ветеринарлық заң бұзушылық анықталып, 16,4 млн. теңгенің айыппұлы салынған. Дегенмен, ауруларға қарсы жүргізілген тексерістердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Егер бруцеллезбен ауырған мал саны 739-дан 724-ке азайса, туберкулез ауруы анықталған ірі қараның саны 18-ден 56-ға дейін өскен.

Облыс әкімі қауіпті ауруға оң реакция берген мал санының үш есе өскеніне алаңдаушылық білдіріп, баяндамашыға бұдан қорытынды шығару қажеттігін ескертті.

Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы Нұрлан Бүркітәлин баяндады.

Бүгіндері көктемгі су тасқынына әзірлік және өткізу, облыс аумағында болуы мүмкін шығындарды азайту жөнінде жоспар бекітілген. Соған орай өңірімізде кешенді шаралар жүргізілуде. Су тасқыны бола қалған жағдайда орын алған төтенше жағдайды жою үшін құрамында 2713 адам және 867 техника бар жедел топ жасақталды. Сондай-ақ, облыстық суда құтқару қызметінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, Уәлиханов ауданында – Сілеті, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Шарық, Тайсары, Петропавл мен Сергеевка су қоймаларының қауіпті учаскелері бақылауға алынды. Қажетті инертті материалдар қоры да дайындалған.

Осы орайда өңір басшысы алдағы жауапты науқанға дайындықтың сылбырлығына назар аударды. Петропавлда Былғары зауыты, Заречный, Жұмысшы кенттері, Береке, Ойқала, Копай шағынаудандарындағы су ағатын құбырларды тазарту, су шайып кетуі мүмкін автожолдар мен көпірлер қардан аршылмай жатқандығын айтқан Ерік Хамзаұлы жауапты басшылар мен аудан әкімдеріне ескерту жасады. Олар атқарылып жатқан жұмыстарға тексеріс жүргізіп, бір аптаның ішінде есеп беретін болды.

Отырыс барысында облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина жастар бастамалары орталықтарының 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Тәуелсіздік жылдары облысымызда жастар істерімен айналысатын жетпіске жуық ұйым құрылған. Солардың ішінде облыстық жастар бастамалары орталықтарының орны бөлек.

Орталықтың мүшелері “Сәтті қадам”, “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!” сияқты бірқатар бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асуын қадағалап, өңір жастарына көмек беруде. Атап айтқанда, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына жыл басынан берi 29 жасқа дейiнгi 2146 адам қатысқан. Биыл үш жүзге жуық жас жұмысқа орналастырылған.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Күлпәш Қалғожина балаларды мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамту мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Бүгінде облысымызда 559 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оларда 228 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 21 мектепке дейінгі ұйым жемісті қызмет атқаруда. Десе де, өңір бүлдіршіндерін мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамту мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласының “Орман” шағынауданында 140 орындық балабақшаның құрылысы басталмақ. Одан бөлек, алдағы жылдары тағы алты балабақшаның құрылысы жоспарлануда.

Өңіріміздегі шағын орталықтардың тең жартысы түске дейін ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта олар толық жұмыс күніне көшіріледі. Осылайша, 2018 жылы үш жастан алты жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен толық қамтамасыз етілетін болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау