Солтүстік Қазақстан газеті

“НҰРЛЫ ЖЕРДІҢ” НЕСІБЕСІ МОЛ

Печать PDF

 

argaiv1797

Облыс басшысы Ерік Сұлтанов кеше жұмыс сапарымен өңірімізге келген “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен кездесті. Кездесу барысында облыс халқының тұрғын үймен қамтамасыз етілу барысы әңгіме өзегіне айналып, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл “Нұрлы жер” бағдарламасы қолға алынды. Онда алдағы он бес жылда елімізде бір жарым миллион тұрғын үй салу қажеттігі айтылған. Өңірімізде бұл жұмыс басталды. Бағдарламаның жүзеге асырылуына сіз басқарып отырған банк әрі қарай да қолғабыс жасайды деп ойлаймын. Облысымызда баспана мәселесі әлі де өзекті болып қалуда. Петропавл қаласы әкімдігінің өзінде 13 мың адам пәтер кезегінде тұр. Сондықтан үлкен мүмкіндіктер беретін жаңа бағдарламаға кірісіп кеттік. Биылғы құрылыс жұмыстарына мердігерлер анықталып, жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Сараптама қорытындысын тосып отырмыз, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Лукин астаналық мейманға былтыр “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша көпқабатты он үйдің құрылысы басталғанын жеткізді. Оның үшеуі былтыр пайдалануға берілсе, қалған жетеуінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, қоғамның әлжуаз тобына жататындарға жалға берілетін 400 пәтерлік төрт үйдің де құрылысы биыл жүргізіледі.

Сонымен қатар Солнечный кентінде екі мың шаршы метр жер телімі бөлініп, онда биыл 200 жеке үй салынады. Құрылысты жүргізетін төрт мердігер компания анықталды. Аумақтың инфрақұрылымы үшін мемлекеттік қордан 1 миллард теңге қаржы бөлінген. Әр үйдің бір шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайды.

“Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманова бүгінде өңірдің алты мың тұрғыны осы банкке сенім артып, салымшы болғандарын жеткізді. Жиналған қаржы 11 миллиард теңгені құрайды. 2016 жылы өңір тұрғындарына 963 несие берілген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істегелі жиырма жаңа үйге несие құжаты толтырылған. Былтыр филиал республика бойынша бесінші орынға шығыпты. Сонымен қатар “Нұрлы жер” бағдарламасындағы жаңа талаптарға тұрғындардың дайын еместігі айтылды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша банк несиені бастапқы жарнасыз беріп, қор жинамағандар көп болған. “Нұрлы жер” бағдарламасында талап өзгерген, 30 пайыз бастапқы жарна қажет. Бұл мәселе жөнінде Ләззат Ибрагимова да өз ойын ортаға салды.

– Солтүстік Қазақстан облысы бойынша пәтер бөлуде қиындықтар бар. Үйдің кезегінде тұрғандардың ішінде бастапқы жарнасы барлар аз. Кезекте тұрғандардың көбінің еңбекақысы төмен. Оларға қор жасау қиынға соғады. Сондай-ақ, аграрлық секторда жұмыс істейтіндер өздерінің табыстарын дәлелдейтін құжат ұсына алмайды. Өкінішке қарай, бізге ресми құжат керек. Мамандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттеліп отыр, – деді басқарма төрайымы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау