Солтүстік Қазақстан газеті

ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУ — БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК КЕПІЛІ

Печать PDF

 

argaiv1797

Кеше “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен облысымызға келді. Облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге өңірдегі бірқатар кәсіпорындарда болған ол еңбеккерлермен жүздесіп, бизнес саласын жаңғыртудың мүмкіндіктерімен танысты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед ат басын бұрған алғашқы нысан – Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орналасқан “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Өңірімізге танымал серіктестік 2004 жылы пластмассадан тұрмыстық бұйымдар жасау жобасын қолға алса, 2014 жылы полиэтилен қапшықтарын шығара бастаған. 2015 жылы қайта өңдеу цехын іске қосқан қызылжарлық кәсіпорынның бүгінде еліміздің 11 облысында филиалы бар. Жылына төрт жүз тоннадан астам өнім өндіретін кәсіпорын өткен жылы 21,7 миллион теңгенің өнімін экспортқа шығарған.

Кәсіпорынның директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, бір жарым мың адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік бизнесті әртараптандыру арқылы табысты арттыру, экономикалық дағдарысты еңсеру мақсатында тұтынушылар арасында сұранысқа ие болатын бірнеше өндіріс орындарын ашқан. Мәселен, былтыр 147,7 миллион теңге жұмсалған жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару жобасын игеріп, өнімнің 25 түрін өндіруді қолға алған.

– Үкіметтің қолдауымен біздің ісіміз өрге басып, соңғы жылдары алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізудеміз. Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа цех аштық, өндірістің құрал-жабдықтарын жаңғырту үшін екінші деңгейдегі банктерден алған несиелеріміздің барлығына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржылық көмек көрсетілді. Бұл қолдаулардың арқасында біз елімізде ғана емес, көрші Ресейде де танымалдылыққа ие бола бастадық, – деген кәсіпорын директоры Дмитрий Шарапаев үстіміздегі жылы Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен қалаларында сауда өкілдігін ашуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Нысанды аралау барысында зауыт ұжымымен әңгімелескен Мұхтар Құл-Мұхаммед тәуелсіздік жылдары мемлекеттің кәсіпкерлік саласының дамуына кеңінен қолдау көрсеткенін, енді бизнесмендердің Елбасы Жолдауына сай өз өндірісін жаңа технологияға көшірудің маңыздылығын тілге тиек етті.

“Богатырский продукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы да “Үшінші жаңғыру” идеясын толық қолдайды. Бұл – серіктестік облысымыздағы ірі кәсіпорындардың бірі. Бүгінде “Богатырский продукт” маркасымен танылған серіктестік тәулігіне 10 тонна өнім өндіретін итальяндық екі желіні іске қосудың арқасында макаронның 30 түрін шығарады. Олар “Тамерлан” және “Бесбармақ кеспесі” атауларымен облыс дүкендерінде сатылуда. Өндіріс орнында еттен жартылай дайындалған өнімдер, кондитер, нан-тоқаш бұйымдары, тереңдете салқындатылған торттар, әртүрлі сусындар еліміздегі басқа өңірлердің сауда орындарына, Ресейдің Омбы, Челябі және Екатеринбург қалаларына жөнелтіледі.

Астаналық мейман “ЗИКСТО” АҚ-да болып, инженерлермен және конструкторлармен әңгімелесті. Бүгінгі күні республика аумағында жүк вагондарын шығаратын екі зауыт бар болса, соның біреуі облыс орталығындағы “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Вагон парктерін жаңғырту” бағдарламасы қолға алынған болатын. Осыған орай зауытқа “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ-нан вагонплатформалар жасауға 17,5 млрд. теңгенің тапсырысы түскен. Бұл бағдарламаның арқасында солтүстікқазақстандық зауыт ел бойынша вагон құрастыруда жетекші кәсіпорындардың біріне айналады деген сенім бар. Бүгінде мұнда платформалар мен бидай таситын вагондар шығарылуда.

– Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы өңірде өндірісті жоғары, заманауи, инновациялық технологиялар негізінде әрі қарай жаңғырту бойынша бірегей мүмкіндік береді. “Үшінші жаңғыруға” қатысқаннан кейін өндірістің сапасын да, қуаттылығын да арттыруға болады. Петропавлда әлемдік бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін өндірістің неғұрлым заманауи деңгейіне өту керек. Солтүстік Қазақстан облысы “Үшінші жаңғыруға” да өзінің үлкен үлесін қосады деп сенемін, – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау