Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАҢА ҚАЗАНДЫҚ САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

Печать PDF

Тимирязево ауылында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен аудан әкімі Еркін Базархановтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті.

argaiv1428

Кездесуді ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айқындалған бағыттарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар алдында тұрған міндеттерге тоқталды.

Аудан әкімі Еркін Базарханов өткен жылдың қорытындылары және үстіміздегі жылғы міндеттер туралы баяндама жасады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданда жиырма жоба жүзеге асырылыпты. Соның нәтижесінде 286 жаңа жұмыс орны ашылған. Тимирязев ауданында есепті кезең ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 154 тонна ет, 49014 тонна ұн, 1,5 мың тоннадан астам нан-тоқаш өнімдерін шығарған. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, былтыр негізгі капиталға 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өткен жылы тұрғындар қаржысы есебінен 1612 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, ауылдарды таза ауызсумен қамту мәселесі де шешімін тауып жатыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 5,4 млн. теңге қаржыға ауданды абаттандыру, жолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

Есепті кездесуге қатысқан тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Соның бірі – ауданда білікті дәрігер мамандарының жетіспеушілігі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов бұл мәселенің өзекті екендігін атап өтті. Өңір басшысы аталмыш проблеманы екі ай ішінде шешуді тапсырды.

Тимирязевтіктер аудан орталығындағы автомобиль жолдарының сын көтермейтінін, ауылда жаңа қазандық салу қажеттігін айтты. Өңір басшысы бұл мәселелерді назарға алып, жаңа қазандық салуға уәде берді.

Кездесу соңында Ерік Сұлтанов Тимирязев ауданының әкіміне көктемгі су тасқынының алдын алуға барлық күшті жұмылдыруды, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды, шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау