Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАЛА ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Печать PDF

 

argaiv1682

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов қаладағы бірнеше әлеуметтік нысанда болып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайымен танысты.

Өңір басшысы, ең алдымен, “Республикалық ветеринарлық зертхана” РМК-ның облыстық филиалында болды. Ресей, Германия және Италия елдерінің заманауи құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған зертхананың мамандары аса қауіпті мал ауруларының сынамаларына сараптама жүргізеді. Облыс әкімін тұрғындарды адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау бойынша жүргізілген ветеринарлық шаралардың барысымен мекеменің директоры Асқар Қазбаев таныстырды. Сарапшылар өткен жылы 1 млн. 200 мың ірі қараға тексеріс жүргізіп, 414 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын орындаған. Жүргізілген сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде 1050 бас қара малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталған. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты 53 мыңға жуық өнімге ветеринарлық-санитарлық зерттеулер жасалыпты.

Содан кейін Ерік Сұлтанов “Еуразия” базарындағы ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасына соқты. Бұл жерде сауда сөресіне түсетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлығы осындағы ветеринарлық сарапшы Шолпан Рамазанованың қолынан өтеді. Сараптама жүргізуге қажетті иономер, рефрактометр және тағы басқа аппараттар бар.

Бұдан соң облыс әкімі ат басын отбасылық үлгідегі балалар ауылына тіреді. Облыс орталығында 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекемеде 54 бала отбасылық үлгіде тәрбиеленуде. Алты отбасының әрқайсысында екі тәрбиешіден жұмыс істейді.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен балалар ауылының жанындағы бос жерге жалпы аумағы 170 шаршы метрді құрайтын екі тұрғын үй салынған болатын. Заманауи «Sip» панельдерін қолданудың арқасында бір айдың ішінде бой көтерген құрылысқа демеушілердің қаражаты тартылған. Мұндай үйлер жылдам тұрғызылғанымен, сапалы, қыста жылуды жақсы ұстайды. Балалар ауылының директоры Арыстан Әкімжанов бұл баспаналарға Қызылжар ауданының Архангелка ауылындағы балалар үйінің 18 жеткіншегі көшіріліп, екі отбасыға бөлініп орналастырылғанын хабарлады.

Ерік Хамзаұлы Жәлел Қизатов көшесіндегі құрылыс алаңына да соқты. Бұл жерде бой көтеретін «Аққайың» көпқабатты тұрғын үй кешені туралы “Казградстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Авдеев айтып берді. Жоба авторының сөзіне қарағанда, 2018 жылдың бірінші тоқсанында 87, 231 және 342 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Эконом санатындағы баспананың бір шаршы метрі 180-200 мың теңге аралығында болмақ. Осы орайда, Ерік Хамзаұлы компания басшысына солтүстікқазақстандықтарға тұрғын үйдің қолжетімді болуы үшін бағаны төмендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Өңір басшысы ат басын тіреген соңғы нысан – “Береке” шағынауданындағы 90 пәтерлік тұрғын үй болды. Былтырғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген баспананың тұрғындары Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің үстіміздегі жылғы кезекті есеп беру кездесуінде пәтерлерінің суық екендігін, қабырғалар үнемі дым тартатындықтан, көгеріп кеткенін айтып шағымданған болатын. Осыған орай баспана иелерімен кездескен облыс әкімі бұл олқылықтарды жою үшін пәтер иелері кооперативін құруды жеделдету қажеттігін ескертті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау