Солтүстік Қазақстан газеті

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР — ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

Печать PDF

 

argaiv1900

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы бірнеше құрылыс нысандарында болып, олардың жұмысымен танысты.

Ерік Хамзаұлы алдымен темір жол вокзалына соғып, жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысын бақылады. Құны 134 млн. теңгелік жобаны үш жылдың ішінде аяқтау жоспарланған. Бүгінде вокзалдың қос қанатындағы шатырлары ауыстырылуда. Бас мердігер “Меркурий” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Альберт Насыров шатырды жөндеу жұмыстарының 70 пайызы орындалғанын жеткізді. Алдағы уақытта жұмысшылар шатырдың күмбезіне кірісіп, нысанның кіреберісіне жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Басшының айтуынша, жұмыс барысында травертиннен жасалған қаптауыш тақталарға басымдық беріледі. Барлық жұмыс сәуір айының соңында аяқталады деп жоспарланған.

Өңір басшысы ат басын тіреген келесі нысан – Петропавлдағы “Көпес Мұратовтың диірмені” атты тарихи ғимарат. 1904 жылы іргетасы қаланған ғимаратқа кеңес заманынан жөндеу жұмыстары жүргізілмей, көп жылдан бері бос тұрған. Енді, міне, жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан “Оптима Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары үңірейген есік-терезелерін қалпына келтіріп, ішінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде, оған жылу, су және жарық тартылған.

Нысанның тарихи қалпын сақтап қалуды мақсат еткен серіктестіктің директоры Денис Мартыненко барлық құрылыс жұмыстарына 60 миллион теңгеден астам қаржысын жұмсап отыр. Дегенмен, көзделген жұмыстарды аяқтауға әлі де қаржы жетіспеуде. Сәулеттік ескерткішті қаланың туристік нысандарының тізіміне енгізу жоспарланған. Ауданы бір мың шаршы метр болатын ғимарат ішіне облыстың мәдениеті мен түрлі шаралардан ақпарат беріп отыратын дыбыстық құрылғы қойылады. Сондай-ақ, жергілікті мұражайлармен әріптестік орнатып, залдарды жергілікті суретшілердің көрмелерін өткізуге беру көзделуде. Бүгінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалу мақсатында қабырғасы мен төбесіне тек реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Ғимарат құрылысын байқап көрген Ерік Сұлтанов қарқынды күшейтіп, нысанды жаз маусымында іске қосуды тапсырды.

Жұмыс сапарының барысында облыс әкімі 20-шы шағынаудандағы жаңа мешіттің құрылыс алаңында болып, жұмыскерлермен жүздесті. Өңір басшысы аталған киелі орынның бүгінгі уақыт талаптарына сай сәулетті де көрікті болып тұрғызылуын өзінің назарында ұстауда.

Жаңа мешіттің іргетасы қаланғаннан бері көп уақыт өтпегенімен, бұл күндері құрылыс барынша қарқын алып, біраз жұмыстың басы қайырылған. Бүгінге дейін нысанның тұғырлары мен жақтаулары орнатылып, қабырғалары көтерілген. Петропавл қаласында мешіттің бой көтеруіне ұйтқы болған – “Ақниет” қайырымдылық қоры. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер – “ПетроСтройЛюкс” ЖШС-і қолға алған. Барлық жұмыстарды уақытында аяқтау үшін қосымша екі мердігер компания тартылған. Құрылысшылар сәуір-мамыр айларында мешіттің күмбезін көтеріп, кіреберісіне кіріспек. Өткен жылдың маусымында басталған құрылыс жұмыстарын желтоқсан айында аяқтау көзделіп отыр.

Бір атап өтерлігі, жаңа мешіттің құрылысы демеушілердің қаражаты мен құрылыс материалдарымен көрсетілген көмек есебінен жүргізілуде.

Содан кейін облыс әкімі Я.Гашек көшесіндегі бос тұрған үшқабатты жатақханада болды. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Думан Таев өңір басшысына ғимараттың №6637 әскери бөліміне қарасты екенін, бүгінде оны департамент балансына беру бойынша құжаттардың дайындалып жатқанын баяндады.

– Қажетті жобалау-сметалық құжаттарды дайындай беріңіздер. Біз бюджет қаражатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тәртіп сақшыларын баспанамен қамтамасыз ететін боламыз. Бар жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Ерік Хамзаұлы.

Ерік Сұлтанов ат басын тіреген соңғы нысан – “Береке” шағынауданындағы Севастиано-Магдалинский православие храмы болды. Қазіргі кезде нысан бой көтеріп, кірпіш қалау жұмыстары аяқталған. Православиелік дінді ұстанушылар үшін үш жүз орындық шіркеу құрылысы жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Жалпы аумағы бір мың шаршы метрден асатын нысан құрылысына 350 миллион теңге жұмсалмақ. Ғибадатхана 2017 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыс әкімі жұмыс сапарының барысында тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау