Солтүстік Қазақстан газеті

СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ — НАЗАРДА

Печать PDF

Облыс әкімі Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте бiрқатар маңызды мәселелер қаралды. Соның бірі – көктемгi су тасқынына дайындық.

argaiv1977

Төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент басшысының мiндетiн атқарушы Нұрлан Атығаев “Казгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпаратына сүйене отырып, облыс аумағында түскен қардың көлемi орташа жылдық көрсеткiштен 120-210 пайызға асқандығын жеткізді.

– Су тасқынына топырақтың қату тереңдiгi де мол әсер етеді. 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аудандарда топырақтың қату тереңдiгi 15-тен 55 сантиметрге дейін артқан, – дедi Нұрлан Атығаев.

Өңiр басшысы аудан әкiмдерiне су тасқынының алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстарын бiр айдың iшiнде пысықтауды тапсырды.

– Өткен жылғы көргенімізден мол тәжiрибе жинақтадық. Әр ауданды инженерлiк, жол-құрылыс техникасымен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жеткілікті көлемде құм салатын қап әкелiп, дайындық жұмысына қажет қаражатты бөлiңiздер, – дедi Ерiк Сұлтанов.

Аппараттық кеңесте “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесiне дайындық барысы да айтылды. Облыстық кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова көрмеге барудың 93 күнге арналған кестесі әзірленгендігін айтты. Осы күндер ішінде 136 мың адамды жiберу жоспарланып отыр. Олардың 60 мыңы оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, халықтың әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз тобы. Жетiм және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар көрмеге бюджет қаржысы есебінен жіберіледі. Бұдан басқа, жастар бастамалары орталығымен бiрлесе көрмеге қатысатын 180 ерiктi таңдалыпты. Олар 3 айлық оқыту курстарына жiберiлмек.

Жергiлiктi “Прогресс” туристiк фирмасы өңiр тұрғындары мен Ресей Федерациясының (Қорған, Омбы, Түмен) шекаралас облыстары үшiн туристiк бағытты дайындады. Ол көрмеге келушiлерге ұсынылатын туристiк бағыттар реестрiне енгiзiлген.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау