Солтүстік Қазақстан газеті

АЛҒА ҰМТЫЛҒАННЫҢ АЛАР АСУЫ БИІК

Печать PDF

 

argaiv1977

Жаңа жыл қарсаңында Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов өңiрдiң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беріп, қол жеткен жетістіктерді баяндап, алдағы уақытта қолға алынар жоспарлармен бөлісті. Сұхбат барысында өңір басшысына “Солтүстік Қазақстан”, “Северный Казахстан”, “Проспект-СК”, “Петропавл. kz” газеттерінің, “Қазақстан-Петропавл”, “Муниципалды телерадио арна”, “Первый Северный” телеарналарының, “ҚазАқпарат” агенттігінің тілшілері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

Муниципалды телерадио арнасының тілшісі Ульяна Ашимова:

– Ерік Хамзаұлы, біздің Қытай елімен бірлесе қолға алған инвестициялық жобаларымыздан қандай экономикалық және әлеуметтік серпіліс күтесіз?

– Үстіміздегі жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жасаған сапары кезінде Қазақстан аумағында бірлескен 51 заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келген болатын. Өңірімізде қытайлық инвесторлармен бірлесе қолға алынған жобалар – сол келісімнің нәтижесі.

Бұл жобалардың экономикалық пайдасы зор. Себебі, Тайынша ауданындағы қытайлық “Айцзю” компаниясымен бірлесе жүзеге асырған жоба бойынша 7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өндірістен келесі жылы түсер жалпы кіріс көлемі 20 млрд. теңгеден 25 млрд. теңгеге дейін болмақ. Әрине, бұл сол кездегі бағаның жағдайына және артылар жүктемеге байланысты. Қалай десек те, зауыт толық қуатында жұмыс істейтін болады.

Аталған жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары. Соның нәтижесінде еңбекақысы жақсы жаңа жұмыс орындары ашылды. Еуропалық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның тиімділігі де жоғары. Жалпы өңіріміздің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдаландық. Сонымен қатар, олар етті, сүтті, астықты және тағы да басқа ауыл шаруашылығы тауарын қайта өңдеу бойынша бірқатар кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Бір жерге осындай сегіз зауыт салынуы мүмкін. Қазіргі таңда тауарларымызды Қытайға экспорттау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселе оң шешім тапса, Қытай Халық Республикасына тауар экспорттау құқығына ие боламыз. Ендеше, қазірден бастап экспорттық әлеуетімізді көтеруіміз керек. Жуырда Шэньси провинциясының Сиань қаласынан делегацияны бастап келген Чэнь Баогэнь мырзамен кездестік. Олар майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорынмен танысып, қытайлық инвесторларға көрсеткен қолдауымызды жоғары бағалады. Бұл біздің ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуде қытай инвесторларымен қоян-қолтық жұмыс істеуімізге өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Бізде ауыл шаруашылығы тауарлары жеткілікті болғанымен, олар тереңдетіле қайта өңделмейді. Осы орайда біздің өңірде осындай өндірістерді көптеп салуға болар еді.

Қытайлық делегациямен тау-кен өнеркәсібін инвестициялау мүмкіндігін де талқыладық. Бұл алғашқы кездесу болғандықтан, танысып, білісумен шектелдік. Қытайлықтар “жеті рет ойланып, бір рет кесетіндіктен” олардың алдағы уақытта қайта оралып, өндіріс ашуы әбден мүмкін. Сол себепті, бұл бағытқа да басымдық беріп отырмыз. Қызығушылық танытқан инвесторларға өңірімізде ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін ашу ұсынысын да жасадық. Өзіміз ауыл шаруашылығы техникасының 2-3 түрін жасағанымызбен, мұны нық қадам деп айтуға болмас. Солтүстік Қазақстан облысында әлі де ауыл шаруашылығы техникаларының небір түрлерін жасауға болады. Егер ойымыз жүзеге асса, біз ауыл шаруашылығы техникасымен Қазақстанды қамтып қана қоймай, Ресейдің бізбен көршілес орналасқан облыстарының нарығына да шығуға болады.

Болашақта осындай кездесулердің, жасалған меморандумдардың арқасында Шэньси провинциясының Сиань қаласымен жаңа жобаларды жүзеге асырамыз ғой деп ойлаймын.

– Қытайлықтардың арқасында өзімізде заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын шығару жоспары жайлы айттыңыз. Біздің еңбек нарығы оларды тиісті мамандармен қамтамасыз ете ала ма, олар бұл ұсыныстарыңызға қызығушылық таныта ма?

– Біздің халқымыз сауатты. Олар қысқа уақытта кез келген технологияны меңгере алады, тез үйренеді және өте жақсы жұмыс істейді. Бұл тұрғыда ешқандай түйінді мәселе жоқ. Қазір ІТ технологияны жақсы меңгерген жастар бағдарламалық басқарудағы станоктардың тілін түсініп, жоғары сапалы өнімді шығара алады. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырмыз, коммуналдық қызметтің де, еңбекақы көлемі де аз. Мұның барлығы инвесторларды ойландырары сөзсіз.

“Қазақстан-Петропавл” телеарнасының тілшісі Гүлнәр Сайлауқызы:

– Биыл көптеген өңірлермен әріптестік байланыс орнаттық. Соның алғашқылары – Батыс, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары. Бұл экономикалық байланыстың болашағы қандай болмақ және алдағы уақытта тағы қандай өңірлермен әріптестік байланыс орнатуға ниеттісіздер?

– Еліміздегі 15 өңірдің барлығымен әріптестік байланыс орнатуымыз керек.

Өңіраралық байланысты нығайту – Елбасының тапсырмасы. Өзіңіз айтқандай, үстіміздегі жылы Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының басшыларымен кездестік. Бұл өңірлер ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларының өніміне қызығушылық танытты. Әріптестік байланыс барысында кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары кездесіп, танысты. Бүгінде өңіраралық экономикалық байланыстың алғашқы қадамдары да жасалды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы “Karachaganak petroleum operating” компаниясынан “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамына үлкен тапсырыс бола ма деген үмітіміз бар. Ендігі жылдың басында Ақтөбе облысының іскерлік ортасымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысымен әріптестік байланыс орнатуға ниеттіміз.

Муниципалды телерадио арнасының тілшісі Ульяна Ашимова:

– Петропавл халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы мен ұшып-қону жолағына күрделі жөндеу жұмыстарының жасалуы жыл оқиғасы болды. Осындай ауқымды жұмысқа қаржы тартуда қандай қиыншылықтар болды және әуежай алдағы уақытта үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті жұмыстар толық аяқталды ма?

– Әуежай, әрине, үздіксіз жұмыс істейтін болады. Әуежайдың іске қосылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында мүмкін болды. Үкімет резервінен 7 млрд. теңге қаржы алдық. Себебі, әуежайдың меншігіне, еңбекақының төленбеуіне, жобалау-сметалық құжаттың болмауына байланысты бірқатар мәселелер туындаған еді. Бірақ осының барлығын аз уақыттың ішінде шештік. Бүгінде әуежай ұшақтың барлық түрін қабылдай алады. Алдағы уақытта біз ИКАО сертификатын, “халықаралық” деген мәртебені қайтарып аламыз. Сонымен қатар, заманауи жолаушылар терминалын жасадық. Бүгінде жолаушылар Алматы, Астана қалаларына ұшақ арқылы барып, келіп жүр. 19 қаңтарда Мәскеу бағытында рейс ашылады. Билеттердің бағасы бәсекелестік тудырарлықтай. Себебі, кейбір қалалардағы билеттің бағасынан анағұрлым арзан. Жоғарыда айтып өткендей, бүгінде Қытай Халық Республикасымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осының арқасында әуе арқылы Қытайдан жүк тасымалы бола ма деген үмітім бар. Мұның барлығы әуежайды тұрақты табыс көзіне айналдырар еді.

Муниципалды телерадио арнасының тілшісі Мағжан Ахмадина:

– Биыл облыс орталығындағы бірқатар жолдар жөнделді. “Астана – Петропавл” бағытындағы автожолды қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Десек те, көктемгі су тасқынында көптеген жол учаскелері зардап шеккені белгілі. Бүгінде олар қалыпқа келтірілді ме?

– Үстіміздегі жылы “Астана – Петропавл” бағытындағы жолды қайта қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Бұл талай жылдан бері жол машақатын көрген солтүстікқазақстандықтар үшін жағымды жаңалық. Біздің өңірде республикалық маңыздағы жолдардың қашықтығы 1500 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта Қорған қаласына апарар 60 шақырым, Түмен мен Омбы бағытындағы жол телімдеріне жөндеу жасалынады. Бүгінде “Петропавл – Жезқазған” тасжолының біздің облысқа тиесілі 56 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді. Болашақта ол жолды да қалпына келтіріп, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасайтын боламыз.

Биыл жергілікті маңыздағы жолдардың 385 шақырымын жөндедік. Ал көктемгі су тасқыны кезінде 66 жолдың 149 учаскесі ағын судың астында қалды. Оның бесеуін арық жасау арқылы судан тазарттық. Су тасқыны салдарынан туындаған мәселелерді шешу үшін Үкімет резервінен 1 млрд. 324 млн. теңге қаржы бөлінді. Оған жергілікті бюджеттен тағы 300 миллион қосып, судан бұзылған жолдар жөнделді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Былғары зауыты шағынауданына қорғау бөгеті салынды. Десек те, бүгінгі таңда Тимирязев ауданы бағытындағы жол жөнделген жоқ. Бұл жұмыс келесі жылы жаз кезінде қолға алынады. Қазір аудан тұрғындары көктемгі су тасқыны кезінде салынған айналма жол арқылы қатынауда.

“Солтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Арайлым Бейсенбаева:

– Соңғы жылдары жаңадан жол салуға, сол сияқты, жолдарды жөндеуге бірдей мөлшерде қаржы бөлініп келе жатқанын байқап отырмыз. Осы қарқын сақталса, тозған жолдар қашан толық қалпына келтіріледі?

– Жергілікті жолды қалпына келтіру үшін кем дегенде 15-17 млрд. теңге қажет. Біз жыл сайын тек 5-6 млрд. теңгеден бөлеміз. Соңғы екі жылда заманауи технологияларды пайдаланып, жол жөндеу қарқынын екі жарым есеге өсірдік. Мысалы, 2013 жылы 5 млрд. 100 млн. теңге бөлініп, 175 шақырым жол жөнделді. Үстіміздегі жылы 6 млрд. 200 млн. теңге бөлініп, оған 385 шақырым жол салынды. Келесі жылы 9,5 млрд. теңге бөлініп, 650 шақырым жол жөнделетін болады. Осындай қарқын сақталса, алдағы 5-6 жылда бүкіл жолдың жағдайы жақсарып, толық қалпына келтірілетін болады.

“ҚазАқпарат” агенттігінің меншікті тілшісі Олеся Жуковень:

– Ерік Хамзаұлы, үстіміздегі жылы өңіріміз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Десек те, көктемдегі су тасқынынан қаншама елді мекендер зардап шекті? Осындай апаттың алдын алу үшін қандай жұмыстар жасалуда?

– Ешкім жамандықты күтпейді ғой. Биылғы көктемдегі су тасқыны тосын оқиға болды. Көнекөз қарияларымыз соңғы 50 жылдан бері қар суының бұлай көтерілмегендігін айтады. Ең бірінші Тайынша ауданының Донецк ауылы су астында қалды. Онда су 2 метрге көтерілді. Әйтеуір, жердің тегістігінен су баяу ағып, ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп үлгердік. Әйтсе де, тұрғындардың 65 бас малы шетінеді. Бір сәтте үй-күйінен, малынан айрылып, шығынға ұшыраған ауыл тұрғындарына бір аптаның ішінде тиісті өтемақыны төледік. Бұзылған үйлерді, жолдарды жөндедік.

Бізде 39 елді мекеннің су астында қалу қаупі бар. Үстіміздегі жылы бюджеттік емес қаржыға қорғаныс бөгеттері орнатылды. Бір миллиард теңгеге жуық қаржыны автомобиль жолдарының құрылысын жөндеуге бағыттадық. Бір сөзбен айтқанда, алдағы көктемге тыңғылықты дайындалдық. Десек те, алдын алу шараларын ұмытпауымыз қажет. Жол астындағы құбырларды, арықтарды қардан, қалдықтардан тазарту ұдайы назарда болмақ.

“Проспект СК” газетінің бас редакторы Юлия Пронина:

– Өткен кездесулердің бірінде тілшілер қауымынан: “Өңіріміздегі негізгі үш мәселені атап өтсеңіз?” деген сұрақ қойылған еді. Сол кезде сіз: “Жол жөндеу, елді мекендерге таза ауызсу тарту және тұрғындарды жұмыспен қамту” деген болатынсыз. Бүгінгі таңда осы мәселелерді шешуде қандай жұмыстар атқарылуда?

– 2014 жылы біздегі жолдардың 51 пайызының жағдайы нашар еді. Ал үстіміздегі жылы бұл пайызды 45-ке дейін төмендеттік. Ендігі жылы 40 пайызға дейін төмендейтін болады.

Өңіріміздегі тұрғындардың 88 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 11,8 пайызы орталықтандырылмаған ауыз-суды тұтынады. 0,2 пайызы үшін ауызсу тасымалданады. Әрине, түйінді мәселелер бар. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылған елді мекендерде сумен қамту жұмысының сапасын жақсарту қажет. Көптеген елді мекендерге су бір немесе екі жерден таратылады. Сондай-ақ, тарату желілері дұрыс жұмыс істемейді. Үстіміздегі жылы осы бағыт бойынша 4,3 млрд. теңге игерілді. 15 елді мекеннің онында тарату желілері пайдалануға беріледі, ал қалғандарында орталықтандырылған су тарату желілерін тартамыз. Орталықтандырылған ауызсумен қамту сапасын жоғарылату үшін қыруар қаржы қажет. Осы орайда Ислам даму банкімен келіссөздер жүргізілуде. Егер ортақ шешімге келсек, ендігі жылы Ислам даму банкінен 10 млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейін қаржы алуымыз мүмкін. Оған алдымен Соколовка топтық су құбыры жөнделеді.

Үстіміздегі жылы кешенді жоспардың арқасында 21 мың адам еңбекпен қамтылды. Оның 10 мыңы жаңадан ашылған жұмыс орындарына, 7 мыңы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында орналасты. Бес мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 400 отбасыға жалпы құны 917 млн. теңге болатын шағын несие берілді. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында әлеуметтік нысандарды жөндеу екі есеге көбейді. 81 нысан бағдарлама аясында, ал 20 нысан жергілікті бюджеттің есебінен жөнделді. Биыл 100 мектеп, аурухана және мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы қарқынды сақтасақ, алдағы жылдары барлық әлеуметтік нысандар жаңартылатын болады.

“Первый Северный” телеарнасының тілшісі Руслан Құсайынов:

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы жылы диқандарымыз 6 миллион тоннадан астам астық жинап, елді бір қуантты. Енді осы астықты қандай елдерге экспорттаймыз?

– Жыл сайын 1,5 миллион тонна астық экспортталады. Биыл 920 мың тонна астық саттық, оның 770 мың тоннасы – бидай. Диқандардың маңдай терімен жиналған астықтың 35 пайызын Өзбекстан алды. Сондай-ақ, Ауғанстан, Тәжікстан, Иран, Әзірбайжан, Италия, Нидерланды, Польша, Түркия елдерінен де сұраныс басым. Биылғы жылдың жақсы жаңалығының бірі – 25 мың тонна астықты Қытайға саттық. Қытай нарығы – үлкен олжа. Қытайдың өте үлкен, көлемді нарығына жол салсақ, бұл өңірдің экономикасының дамуына тың серпін берер еді.

“Северный Казахстан” газетінің тілшісі Павел Притолюк:

– 2016 жылы облысымызда тұрғын үй құрылысы жоспары 20 пайызға асыра орындалды. Бұл саладағы құрылыстың қарқын алуы неге байланысты?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашысы болған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осының нәтижесінде біздің өңірде бірнеше бағыт – Қазақстан ипотекалық компаниясының, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй бағдарламалары бойынша тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Осы орайда ендігі жылы тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынын 30 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет жеке тұрғын үй салу жөніндегі “Нұрлы жер” бағдарламасының тұжырымдамасын бекітті.

Біз қазірдің өзінде 2,5 мың жер телімін әзірлеп қойдық. Бүгінде алғашқы 500 жер телімі бөлінуде. Олардың инженерлік коммуникациясының жобалау-сметалық құжаты әзірленді. “Солнечный” шағынауданында жұмыс 2017 жылдың сәуір айында басталады. Бүгінгі таңда өңірімізде 12 мың адам үй кезегінде тұр. Ендеше, жыл сайын тек мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілуі керек.

“Петропавл. kz” газетінің бас редакторы Екатерина Назаренко:

– Ерік Хамзаұлы, “Петропавл-Есілкөл” бағытындағы электр пойызының тағдыры қалай шешілді?

– “Петропавл-Есілкөл” бағытындағы электр пойызының қозғалысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі емес, “Ресей темір жолдары” акционерлік компаниясы тоқтатты. Олар қаламаңылық жолаушы тасымалдау шығыны өзін-өзі ақтамауынан электр пойызын тоқтатуға шешім қабылдады. “Ресей темір жол” акционерлік қоғамының вице-президенті Михаил Акуловпен сөйлесіп, тым болмаса магистральдық темір жолға арзандатылған тарифті қалдыруды сұрадым. Бірақ олар өздерінің нормативтік құжаттарының талабына сәйкес бұл ұсынысқа келіспеді. Сол себепті, біз қазір “Қазақстан темір жолы” акционерлік қоғамының қаламаңы тасымалы жөніндегі еншілес компаниясымен келісіп, олар ендігі жылдың 1 қаңтарынан бастап Петропавл темір жолы бөлімшесінің орнына жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын болады. Алдын ала есептеу бойынша бізге бұл тасымалдауларды субсидиялау үшін 600 млн. теңге қаржы қажет. Бізде мұндай қаржы жоқ. Сол себепті, біз тек бір бағыт бойынша электр пойызын сақтауды жөн көрдік. Бұл жағдайда 300 миллион теңгедей қажет. Біз ендігі жылдың бірінші тоқсанына жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге бөлдік. Әрі қарай қалған қаржыны бөлу бізге қиындау. Сол себепті, Инвестициялар және даму министрлігімен келіссөздер жүргізудеміз. Егер министрлік тарапынан қолдау тапсақ, бір жылға субсидия аламыз ғой деген үміт бар. Ал тоқтатылған екінші бағыт бойынша 1 қаңтардан бастап автобустар жолға шығады. Автобус билеттері қымбат болмайды.

“Қазақстан-Петропавл” телеарнасының тілшісі Анастасия Дроняк:

– Тәуелсіздіктің 25 жылын ел тұрғындары өз өмірімен байланыстырып еске түсіруде. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде еңсесін тіктеген кезден қандай естелік айта аласыз?

– Естелігімді тәуелсіздік алған жылдан әрірек Кеңес үкіметінің іргесі сөгіле бастаған 1989 жылдан бастағаным жөн болар. Бұл жылдары Қарағанды шахтерлері ереуілге шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде партияның орталық аппаратының бірінші хатшысы еді. Шахтерлер жиналған алаңға келіп, басу айтып, болашаққа деген сенімдерін оятып, жұмыс орындарына қайтарған еді. Бұл кезде мен Екібастұз қаласындағы шахта құрылысы компаниясында механикаландыру басқармасында бас инженер болып жұмыс істеп жүрдім. Бізде де толқулар басталды. Көтерілісшілер комитеттері ұйымдастырылып, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қайтадан сайлана бастады. Мен шахта құрылысы кәсіподағы ұйымының төрағасы болып сайланып, тәуелсіздіктің ақ таңын осылай қарсы алдым.

Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында тұрғандардың өмір сүру деңгейі төмендеді, инфляция тұрақсыздығы, тауардың болмауы жағдайды қиындатты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жеңіп, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде еңсесін тіктеп, түйінді мәселелер өз шешімін тапты.

“Проспект СК” газетінің бас редакторы Юлия Пронина:

– Сізді барлық әріптестерімнің атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отыра, бала кезіңізде нені армандадыңыз, бүгінгі арманыңыз қандай деген сұрағымды қойғым келеді.

– Бала күнімде, ғарышкер, ұшқыш болуды армандадым. Кейін өмірдің ағымы, уақыттың сұранысымен темір жол көліктерінің инженер-механигі, автомобиль жолдарының, көпірлер мен аэродромның инженер-құрылысшысы болдым. Бүгін біз бейбітшілік пен тыныштықты, тұрақтылықты қалаймыз. Сонымен қатар, ел экономикасының дамуы да көңілдегі тілек. 2000 жылдары Қазақстан 7-8 пайыздық қарқынмен дамып еді. Бүгін біз соған оралдық. Мұндай қарқын бізге өмір сүру деңгейін көтеруге, сапалы білім беруге, еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау