Солтүстік Қазақстан газеті

Қызылжар өңірінде қос мешіт ашылды

Печать PDF

Өткен демалыс күндері облысымыздың екі ауылында алғаш рет азан үні естілді: оларда жаңа мешіттер жамағаттың игілігіне берілді. Аспан түстес күмбездері бар бұл мешіттердің алғашқысы Айыртау ауданындағы Кирилловка ауылында ашылды. Құранның бір сүресін оқумен басталған салтанатта бірінші болып лебіз білдірген аудан әкімі Ағзам Тастеміров көршілес ауылдардан келген және жергілікті тұрғындарды сауабы орасан зор мінәжат ордасының ашылуымен құттықтады. Одан кейін сөз алған ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемі мен құттықтауын жиналғандарға жеткізе отырып, оларды бірлікке шақырды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және облысымыздың 80 жылдығына арналған тарту тәрізді бұл мешітте азан үзілмеуін тапсырған ол сөз соңында Пайғамбарымыздың (ғ.с.ғ.): “Кімде-кім Алла үшін бір мешіт салса, Алла тағала оған жәннаттан жай салып береді”, – деген хадисін ауызға ала отырып, ғибадат ғимаратын салған азамат – Ақылбай Сыздықұлына Алғыс хат табыс етті.

argaiv1962

Сондай-ақ, жиналғандарды өңіріміздің құрметті азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов пен ауыл тұрғыны Төлеу Дәулетәлинов құттықтады. Салтанатты Ақылбай Сыздықұлының өзі түйіндеді.

Лента қию рәсімінен кейін жаңа мешітте азан күмбірлеп, намаз оқылды. Сосын ас берілді.

Келесі күні Есіл ауданының Петровка ауылында ашылған мешіт те Кирилловкадағыдан кем емес екен: кең де жарық, әрі жып-жылы. Бір қуаныштысы – асханасы бар.

Аят оқылғаннан кейін салтанатты рәсімді аудан әкімі Мұратбек Әбішев кіріспе сөзбен ашты. Одан кейін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы құттықтау лебізін білдірді.

Салтанатты жиынның соңы марапатқа ұласты: ғибадат ордасын салған Төлеген Қабдөшевке ҚМДБ өкілдігінің Алғыс хаты тапсырылды, мешіт құрылысына белсене қатысқан басқаларға да құрмет көрсетілді.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз

хатшысы.

Комментарии   

 
0 #1 Жайна 09.11.2016 13:39
Менің білуімше, бүгінгі күні біздің өңіріміздегі мешіттер саны 70-тен асады. Әрине, ауылда азан үні естілгені жақсы ғой, Бірақ, көп ауылдарда Алланың жердегі үйінің есігі құлыптаулы тұрады. Өйткені, діни сауатты мамандар ауылдар түгілі, облыс орталығының өзінде аз. Сондықтан қалталы азаматтар ауылына мешіт салғанда тұрғындарды имандылыққа үндеп уағыз-насихат айтатын молдалар қажеттігін де ескерсе, құба-құп.
Цитировать
 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау