Солтүстік Қазақстан газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕРЗЕНТТЕРІ

Печать PDF

Арайлап атқан тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге ұрпақ тәрбиесі мемлекеттік деңгейде қолға алынып, облыс орталығында қазақ тіліндегі балабақшалар ашыла бастады. Алғашқы болып “Салтанат” бөбекжай-балабақшасы 1991 жылдың қараша айынан бері жергілікті ұлт өкілдерімен қатар 20-ға жуық өзге этностардың да балғындарын бауырына тартты. Тәуелсіздігімізбен құрдас балабақша алғаш ашылғанда бізге қабылданған бүлдіршіндер бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп жүр.

argaiv1582

Ең алғаш ашылған сәтте он-он екі бала бір топты құрса, бүгінде әр топта 25-28 бүлдіршіннен тәрбиеленуде. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа бөлінген. Оның бір тобы 2-3 жас аралығындағы сәбилерге арналса, қалған 5 топта 3-7 жастағы бүлдіршіндер. Ғимарат 140 балаға шақталған, бүгінде онда 150 балғын тәрбиеленуде.

Бөбекжай-балабақша ана тілінің басты құндылықтарын тіл дамытудың әртүрлі бағыттарын іске асыру арқылы қалыптастырған. Мектеп жасына дейінгі балалардың оқу-тәрбие жұмысы балабақша мен отбасы сабақтастығына негізделген. Алға қойған міндеттерге жету жолында ұжым аянбай еңбек етіп, жұмыстарының жемісін балалардың жетістіктерінен көріп отыр. Біздің бүлдіршіндер әртүрлі деңгейлердегі сайыстарға, байқауларға қатысып, білімдерін көрсетіп жүр. Мәди Мұрат “Танысуға рұқсат етіңіз, бұл – Мен!” атты облыстық байқаудың, Эльдар Құсайынов республикалық “Үркер” зияткерлік марафонының, Арыстан Оразаев пен Айзада Нұржауыпова халықаралық “Пони” байқауының жеңімпаздары болса, Аружан Еркін мен Мира Тоқсанова “Үркер жұлдыздары” кітап топтамасына енді.

Балабақша тәрбиешілері де түрлі байқаулар мен іс-шараларға белсене қатысады. Олар облыс көлемінде “Көпмәдениеттілікке тәрбиелеу – мектеп жасына дейінгі балалардың төзімділік сезімін қалыптастыру факторы” тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Назипа Мейірбекова облыстық телеарнадан “Білгіштер” бағдарламасын дайындауға қатысты.

Педагогтер ұйымдастырған оқу-тәрбие жұмыстарының барлығы инновациялық әдістер мен технологияларға сүйене отырып жүзеге асады. Назипа Мейірбекова, Ғалия Женалина “Мнемо”, “ТРИЗ”, “Мнемокесте” және ақпараттық технологияларды жиі пайдаланып, балаларды қызықтыру, пәнін жетік меңгерту үшін ойын технологиясын қатар алып жүреді. Тәрбиешілер В.Восковобич әдісін қолдану арқылы балалардың бойында танымдық қызығушылықтары мен бақылау қабілеттерін дамытуды назарда ұстайды. Сондай-ақ, тәрбиешілеріміз Елена Мұстафина, Риза Абдрахманова, Күмісжан Құсайынова “Венн диаграммасы”, “Денсаулық сақтау”, “Дамыта оқыту”, “Миға шабуыл” және “Ассоциация” әдістемелерін тиімді қолданады.

Бала тәрбиесі ата-анамен тығыз байланыста жүзеге асады. Бұл жұмыстар түрлі жиналыстар, семинарлар, тренинг, тәжірибелік сабақ, ақыл-кеңес беру, жайдарман ойыны, “дөңгелек үстел”, спорттық жарыстар, отбасылар сайысы, тақырыптық көрмелер түрінде жүзеге асады.

Тәуелсіздіктің құрдасы “Салтанат” бөбекжай-балабақшасын Айгүл Нәсілова басқарады. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесінде құрылғаннан бері еңбек етіп келе жатқан білікті де тәжірибелі әріптестеріміз Айгүл Нәсілова мен Риза Абдрахманова өздерінің ізбасарлары – біздердің ақылшымыз.

Бөбекжай-балабақшасының әдіскері Меруерт Кирееваның ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігі қарсаңындағы “25 жұлдызды сәт” шарасы жоспарланған.

Алфера АБДРАХИЕВА,

“Салтанат” бөбекжай-балабақшасының

тәрбиешісі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау