Солтүстік Қазақстан газеті

ДІНАРАЛЫҚ БІРЛІК — ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Печать PDF

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық даму жолында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көрегендігінің, кемеңгер саясатының арқасында түрлі этностардан құралған барша қазақстандықтардың басын қосып, біріншіден, бүкіләлемдік діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырса, екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осыған байланысты елімізде діни және ұлтаралық тұрақтылық орнап, ол тәуелсіздігіміздің тұғыры ретінде қалыптасты. Соның бір жарқын мысалы ретінде өзіміздің Қызылжар өңірін алуға болады. Мұнда түрі, тілі, діні басқа түрлі этнос өкілдері бір шаңыраққа қадалған уықтар секілді көк тудың астына бірігіп, мемлекетіміздің іргетасын қалады.

argaiv1582

Елімізде дәстүрлі діндердің өзінің төл мейрамдары бар. Мәселен, мұсылмандардың ұлық Құрбан айт мейрамы, христиандардың қасиетті Рождествосы және тағы да басқа діни мерекелерде әр дін өкілдері бір-бірлерін құттықтауды назардан тыс қалдырған емес. Қазақта “Бәріміздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы” деген жақсы сөз бар. Яғни, бәрімізді бір арнаға тоғыстырған, ортақ мақсатымыз бар. Біздің арамызда екіжақты пікір жоқ. Өйткені, Құранның да, Інжілдің де көздегені ұқсас.

Соңғы кезде жастар дін атын жамылған ланкестік, экстремистік ұйымдардың қақпанына түсуде. Исламдық, христиандық экстремизм деген түсінік атымен жоқ. “Ислам” сөзі “бейбітшілік” деген мағынаны білдіреді. Мысалы, екі мұсылманның бір-бірімен “әссәләмуғалайкум” деп амандасуы жүздері жарасқан олардың бір-біріне бейбітшілікпен келгенін білдіріп, ашу, ыза, қастандықтан ада екенін көрсетеді. Ал, егер “ислам” және “экстремизм” деген екі сөзді қоссақ, “өмір” мен “өлтіру” деген қарама-қарсы мағынаны аламыз. Дәстүрлі діндердің арасында өзара келіспеушіліктер болмайды. Тек секталардың ішінде қарсы пікірлер кездеседі.

Бүгінде балабақшаларда, мектептерде діни тәрбие бермейміз. Өйткені, олардың ішкі дүниесі дайын емес. Әрбір адамның жүрегінде сенім болуы керек. Мәселен, біз қаншалықты ғылыми түрде білім берсек те, ол адамның бойында сенім болмаса, айтылған хабарды қабылдамайды. Сонымен қатар, адам баласына иммунитет керек. Қазір ғаламтордың тұңғиығына сүңгіген пенденің 15 минуттан соң өзге адам болып шыға келері анық. Ал егер ол адамның бойында иммунитеті болса, оқығанын, көргенін таразыға салып, өзіне керек ақпаратты ғана алар еді.

Құдайға шүкір, ынтымақ пен бірліктің арқасында қазақтың кең даласында қаншама ұлт пен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Бұдан әрі ішкі тұрақтылығымызды нығайту үшін әрбіреуіміз этносаралық және дінаралық келісімді сақтай білуіміз керек. Осы орайда Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында “Ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайту – біздің келешегіміздің басты тұрақтылығының кепілі”, – деп әр кез айтып отырады. Сондықтан да біздер, дін өкілдері, ұлттар мен ұлыстардың басын қосуда күш-жігерімізді аяп отырған жоқпыз.

Бүгінде әлем елдерінде орын алған діни және этносаралық алауыздықтарды көріп те, естіп те жүрміз. Осындайда Елбасымыздың саясаты өзге елдердің басшыларына үлгі болса екен деймін. Әр елдің көшбасшылары да халқын ауызбіршілікке шақырса, діни алауыздықты тыйса, оларда да ішкі тұрақтылық болар еді. Құран Кәрімдегі аятта былай айтылады: “Ей, адамзат! Мен сендерді әуелде бір әке, бір шешеден жараттым. Және мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім, бір-бірлеріңмен тату болуларың үшін және бір-бірлеріңмен сыйлас болуларың үшін”. Сондықтан да бір әке мен шешеден тараған ұрпақ өзара келісімде өмір сүрулері керек. Жер шарында орын алған барлық алауыздықтар дәстүрлі діндерден емес, секталардың, діннің атын жамылған көптеген экстремистік, лаңкестік ұйымдардың діттеген арам ниеттерінен туындауда. Әлемде осындай қоғамға іріткі салатын топтар аз емес. Кішігірім ғана топтардың ел іргесін ажырату, халықтардың арасында алауыздық тудыру мақсатында ұйымдасқанын білеміз. Ал еліміз мұндай топтарды өз шекарасынан аулақ ұстауда. Елбасымыздың басшылығымен жүргізіп отырған ішкі-сыртқы дана саясаттың арқасында тәуелсіз жас мемлекетіміздің халықаралық беделі жылдан-жылға нығая түсуде. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері конфессияаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Содан да Қызылжар өңірінде әртүрлі этностардың бір-біріне деген достық сенімі нығайып отырғаны жоғары деңгейде екеніне толықтай сенімдімін. Лайым солай болғай.

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау