Солтүстік Қазақстан газеті

Білім мен тәрбие — егіз

Печать PDF

Редакциямызға келетін хаттардың көпшілігі бала тәрбиесіне қатысты. Бұл жолы да осы мәселені қозғаған бірнеше хатты топтастырып беруді жөн көрдік.

argaiv1582

Шал ақын ауданының Кеңес орта мектебінен хат жолдаған мұғалімдер Ақнұр Нұрмағанбетова мен Балапан Базарбекованың айтар ойы бір жерден шыққан екен. “Қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударады. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның саналы болып, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне көңіл бөледі. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор.

Хәкім Абай айтқандай, адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Осыны басшылыққа алған Кеңес орта мектебінің жанынан ашылған “Айналайын” шағын орталығы өзінің оқу-тәрбие жоспарын әр топтағы бүлдіршіндердің жас ерекшеліктерін ескере отырып белгіленген бағдарламамен жүргізеді. Онда сәбилердің өнер-білімге құштарлығын арттыруға, жан-жақты қалыптасуына бағытталған шаралар жиі ұйымдастырылады”, – дейді ұстаздар.

Уәлиханов ауданындағы Қайрат орта мектебінің директоры Салтанат Манова аталмыш мектепте тәрбие мен білім ұштастыра жүргізілетінін алға тартқан. “Біз педагог қызметкерлерді мемлекеттік қолдау және олардың еңбегін ынталандыру, күшейту мақсатында ұстаздар мен шәкірттер арасында өтетін байқаулардан тыс қалмаймыз. Мәселен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Арайлым Шәріпова аудандық “Жыл мұғалімі” аталымын жеңіп алып, облыста аудан намысын қорғаса, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нафиса Әбдірахманова “Білім шыңы – ғылым сыры” конкурсында “Қазақ елінің үздік ұстазы” медаліне және дипломына ие болды”, – деген басшы оқушыларының жетістіктерімен де бөлісіпті.

“Ұстазына қарап шәкіртін таны” дегендей, 9-сынып оқушысы Индира Кенжебай ғылыми жоба сайысының облыстық кезеңінде жүлделі 3-орынға ие болса, оның жетекшісі Гүләйім Шәріпова аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен марапатталған. “Ұстаздар “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген қағиданы ұстанады. Мектепте тәлім-тәрбиенің барлық бағыттары қамтылып, қосымша іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе, балалардың күрес үйірмесіне қызығушылығы зор. Жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткен аудандық сайысқа 200-ге жуық бала қатысты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген “Аймақтар аламаны” сайысына да қатысушылар көп болды”, – дейді мектеп директоры.

Шал ақын, Уәлиханов аудандарынан

келген хаттар бойынша әзірленді.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау