Солтүстік Қазақстан газеті

ШОҚТЫҒЫ БИІК ҰЖЫМ

Печать PDF

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта білім беру саласы көптеген реформалардан өтіп келеді. Өзгеріске бейімделгіш ұстаздардың шеберлігінің арқасында білім нәрімен сусындаған талай шәкірттер тәуелсіз елімізге қызмет етуде. Заманауи бағытта жұмыс істеу жүйесі қалыптасқан білім ошақтарының арасында Бидайық орта мектебінің шоқтығы биік. Аталмыш ұжым биылғы жылы “Үздік мектеп” атанып, 17 млн. теңгенің сертификатын жеңіп алды. Бұл ұжым үшін зор мәртебе және ұстаздар қауымына мол жауапкершілік жүктейді.

argaiv1582

Осындай зор табысқа кенеліп отырған білім ошағының тарихы 80 жылдығын атап өткелі отырған облыстың тыныс-тіршілігімен астасып жатыр. Бидайық мектебі сонау тың игеру жылдарында, яғни 1956 жылы құрылған. Өтпелі кезеңнің талай қиындықтарын басынан өткерген киелі шаңырақ білікті басшылардың арқасында дами түсті. Еліміз егемендігін алғаннан бергі уақытта мектеп өзінің жаңа келбетін қалыптастырып, нәтижеге бағытталған жұмыс жүйесін орнатты.

Білім ошағы тәжірибелі мұғалімдерімен, жаңашылдыққа тез бейімделгіштігімен ерекшеленеді. Алдарынан талай шәкіртті қанаттандырып ұшырып, білім ошағымен бірге жасап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Балкен Шаймұратқызы, Мафруза Алдабергенова, Күлпәш Жүнісова сынды ұстаздарымыз – мақтанышымыз. Бүгінгі таңда жаңа әдіс-тәсілдерді игеріп, оны ізбасарларына үйретуден жалықпайтын Амантай Имағанбетов, Тұрлыбек Салықбаев, Алтыншаш Мәжитова, Райхан Қасымова, Гүлжахан Ескендірова, Зульфира Тілеуқабылова, Шынар Шахметова сынды аға буын өкілдері білім беруде нәтижелі еңбек етіп келеді.

Әр оқу кабинетінің заманауи талаптарға сай қайталанбас дизайны, қажетті жабдықтары бар. Ұжым басшысы Раиса Кәрімжанованың бақылауымен педагогтердің кәсіби дамуы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне белсенді түрде енгізуі, дамыта оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгеруі бірізділендірілген. Ұстаздар жаңа оқу модульдік технология, сын тұрғысынан ойлау, жобалау технологияларын кеңінен қолданады және семинарларда, педагогикалық оқуларда, шеберлік сыныптарында, баспа беттерінде, сайттарда тәжірибелерімен бөліседі. Компьютерлік сыныптар интернет желісіне қосылған. Пән мұғалімдері ақпараттық техниканы жүз пайыз игерген. Осындай жүйелі атқарған еңбек бағаланып, мектебіміз жыл сайын оң нәтижелерге жетуде.

Бидайық орта мектебі соңғы үш жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша облыстың он үздік мектебінің қатарына енсе, келесі жылы “Тиімді ауыл мектебі” атты қашықтық байқауының ІІІ дәрежелі дипломына ие болды. Мектебіміздің он ұстазы “Оқу үдерісінің озық әдісі – жаппай білім беру сапасының негізі” атты сынама жобаға қатысты. Ұжым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Сені жырға қосамын, туған өлкем!” аудандық көркемөнерпаздар байқауында бас жүлдеге ие болып, 50000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды. Мектептің педагогикалық ұжымының басқа да жетістіктері көп.

Әр оқушы – бір әлем. Әр шәкіртіне тұлға ретінде қарап, бағалап, талантын ашып, өзіне артылған жүкті абыроймен орындап жүрген ұстаздар көп. Бастауыш сынып мұғалімі, “Үздік педагог – 2013” байқауының жүлдегері Үмітжан Нұрғазина Өскемен қаласында өткен мұғалімдер сайысында “Үздік шеберлік сыныбы” аталымын жеңіп алды. Зульфира Тілеуқабылова “Жылдың үздік педагог-психологі” атанса, тарих пәнінің мұғалімі Дәурен Искаков – республикалық “Үздік жас маман” байқауының жеңімпазы.

Алуа Сандыбаева, Альсина Бірманова, Дамира Мұхатова, Анеля Қазбекова әр жылдары “Алтын белгі” иегерлері атанса, Қуаныш Қайданов пен Еркетаң Жүнісов үздік аттестат алды. Бүгінде ұстаз еңбегін ақтап, мектептің атын шығарып жүрген басқа да оқушыларымыз өсіп келеді. Ұжымның басым бөлігі шәкірттерінің ғылымға деген қызығушылығын арттыруда. Мектебімізде республикалық “Зерде” ғылыми жобалар байқауының ағылшын тілі мен математика пәндерінен өткен қашықтық олимпиадаларының жеңімпаздары да бар.

Мектепте оқушылардың талантын жан-жақты ұштайтын “Ерке қыз”, “Үкілі домбыра”, “Жас талап”, “Қол өнері” үйірмелері жұмыс істейді. Облыстық, аудандық спорттық жарыстарда мектеп намысын қорғайтын оқушыларымызды дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Дулат Мұхамедьяров пен Арман Шайсұлтанов шыңдайды. Ұстаздыққа жауапкершілікпен қарайтын жас мамандарымыздың ертеңінен зор үміт күтеміз. Ата-аналардың да еліміздің ертеңі болар жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге қосқан үлесі зор. Ұжым ауылдық білім ошақтарының арасында бірінші болып “Үздік мектеп” атағын жеңіп алды. “Бірлік бар жерде тірлік бар” дегендей, бұл ұжымның қоян-қолтық атқарған жұмысының және тәуелсіздік жылдарында ауылдық мектептерге де барлық жағдайлардың жасалуының нәтижесі деп білеміз.

Маржан КАРКОШЕВА,

Бидайық орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Уәлиханов ауданы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау