Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАРА БАТЫР

Печать PDF

Қара батыр деген ерді бала күнінде түрікпен елінің жортуылшылары ұстап алып, еліне апарған соң қой бақтырыпты. Аш-жалаңаш сақтап, жөнді тамақ бермеген соң бала далада қойдың сүтін сауып ішіп, сонымен күн көріп жүріпті. Бір күні бала далада қамығып жылап отырғанда, алдына бір қарға келіп қонады. Бала қарғаға: “Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды алсана, біздің елге барсана, сағынып жүрген әкеме, тұмарды бере қалсана”, – дейді. Қарға бір қарқ етіп, ұшып кетеді. Бір мезгілде сауысқан келіп қонады. Оған бала: “Ай, сауысқан, сауысқан, өлексе жеп тауысқан, тұмарымды алсана, елге бара қалсана”, – дейді. Сауысқан шық-шық етеді де, ұшып кетеді. Келіп тырна қонды. Бала сәлемдемесін жеткізуді тырналардан да, қаздардан да, аққулардан да сұрайды. Бірақ олардың барлығы сөзіне құлақ аспай ұшып кетеді. Біраздан соң қасына қарлығаш келіп қонады.

argaiv1208

– Әй, қарлығаш, тамыр-ай, жауда болдым қалар-ай, тұмарымды алсана, елге бара қалсана, – дейді бала жыламсырап. Қарлығаш олай бір, былай бір ұшады. Кетіп қалуға баланы қимай, қолына қонады. Бала: “Әкем тұмарымды көріп таныса да, қай елде екенімді біле алмас, бір белгі салайын”, – деп, өзінің қолын пышақпен қанатады да, қанымен тұмар үстіне түрікпен елінің таңбасын салады. Тұмарды қарлығаштың мойнына байлап, елінің, әке-шешесінің жерін айтып, ұшырып қоя береді.

Қарлығаш баланың сілтеуімен асқар-асқар таулармен, айдын шалқар көлдермен, батпақ-лай шөлдермен, түрлі-түрлі жерлермен ұшады. Қос қанатын қамшылап, аспаннан қатер көрінсе, таса жерді жамшылап, үстінен тері тамшылап, қаншама жерден, қаншама елден өтіп, нақ отыз күн болғанда, бір ауылға жетіп, баланың айтқаны осы болар деп меңзейді.

Қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап жүрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамайды. Сөйтіп шаршап қалғып отырғанда, бір ыңырсыған кемпір мен еңіреген шалдың дауысын естиді. Қайғыдан қан жұтып отырған әке-шешесіне тоқтау айтқан қызы: “Қолдан ұшқан сұңқарым, қайда қонып жүр екен, бірге туған құлыным, үйге келіп жүр екен. Бізге құдай бергенді, кісі көрмес өлгенді. Нақ сарт болып кетпесе, хабар алып шырақтан бір қарлығаш келгенді”, – деген кезде қарлығаш шал-кемпірдің алдына қонады. Бейшаралар жылап-сықтап тұмарды алып, таңбасынан Қара батыр түрікпенге барғанын біледі. Сонан соң ат жаратып, адам жиып, түрікпен жұртына барып, көп тарту-таралғы беріп, баласын алып қайтыпты.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау