Солтүстік Қазақстан газеті

БАСТЫ МІНДЕТ — ЗАМАНҒА САЙ БОЛУ

Печать PDF

Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер еліміздегі білім беру мазмұнының қарқынды жаңаруын талап етіп отыр. Өткен оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары жаңа мазмұнды білім беру бағдарламасы бойынша оқыды. Ал биыл бұл қатарды екінші, бесінші, жетінші сыныптар толықтырып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші басымдығы – адами капитал сапасын жақсарту болып табылады. Елбасы: “Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс, біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет”, – деген еді. Міне, осы мәселелер облыстық тамыз конференциясының арқауы болып, ұстаздардың алдына айқын бағыт, анық мақсаттар қойылды.

argaiv1259

“Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” дегендей, болашақ – білімді жастардың қолында екені айдан анық. Осы ретте, мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Елбасының сындарлы саясатын қолдап, білім жүйесіндегі барлық жаңашылдықтың жүзеге асуына сүбелі үлес қосу біздің азаматтық парызымыз және міндетіміз болып табылады.

Жаңа оқу жылын біздің мектеп жақсы дайындықпен қарсы алды. Оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалып, кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, кітапхана құнды көркем әдебиетпен толықтырылды. Осыдан екі жыл бұрын білім ордасында Алаштың асыл ұлдарының бірі – Жұмабек Тәшеневке ескерткіш қойылып, мұражай ашылғанын да айта кетпеуге болмайды. Тұғыры бөлек, ұлт үшін туған жампоздың жеке заттары, еңбек, өмір жолдарынан сыр шертетін шығармалар мен жазбалары, ескірмейтін естеліктердің барлығы сөрелерге қойылған. Қазақтың ұлан-байтақ жері бөлшектеніп кете жаздаған тұста қайрат көрсетіп, ел тұтастығының сақталып қалуына бірден-бір себепкер болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерін ұрпақ біліп, құрметтеп, еліктеп өсуі керек. Қазақ әдебиеті сабағын өткізген кезде мұражайдың оқушылар үшін берері мол. Өйткені, бұл тарихпен тоғыстырып тұрған құнды қазына деп санаймын. Оқушылар құлақпен ғана естімей, өнегелі дүниелерді көзбен көріп өссе, бұл да тәрбие бағытындағы бір жетістігіміз болары анық.

“Мұғалімнің шеберлігі – оқушы жеңісі”, деп дана халқымыз дұрыс айтқан. Осы жағынан алғанда білім бәйгесінде мектебіміздің намысын қолдан бермей, үмітімізді ақтап жүрген шәкірттерім аз емес. Білім мен өнердің қос тізгінін қатар ұстаған олар республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өткізілген сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсам, 8-сынып оқушылары Мәриям Мәлкенова, Темірлен Хамзин, Ұлбике Үнғарова республикалық “Ақбота” интеллектуалдық марафонында бірінші орынға ие болды. 11-сынып оқушылары Нұрлан Қыстаубаев пен Дана Қалиева – қалалық пәндік олимпиада жүлдегерлері. Бойындағы тілге деген жанашырлығы мен ақындық қабілетін байқағалы бері, бағыт-бағдар беріп, баптап, даярлаған оқушым Нұрлан Қыстаубаев облыстық “Жас ақын” сайысында үшінші орынды місе тұтса, қалалық Абай оқуларында “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Мағжан оқуларында да үздік атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Мақтан тұтар шәкіртім – бүгінгі таңда Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің студенті. Мектеп мәртебесін көтеріп, асқақ армандарына қол жеткізіп жүрген осындай оқушыларымыз күні ертең елдің дамуына өз үлесін қосарына сенімдіміз.

Әріптестерімізбен өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, сонымен қатар қала, облыс мектептеріндегі мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. “Өрлеу” біліктілікті арттыру институтында білімдерін жетілдіріп жүрген мұғалімдерге ашық сабақтар өткізіп, пікір алмассақ, желтоқсан айында қала мектептеріндегі тіл мамандарының басын қосып, қалалық семинар өткіздік. Аталмыш семинарда үш тілде білім беру мәселесі көтерілді. Орыс тілін ресми тіл ретінде бірге алып жүріп, ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде тиімді қолдану жолдары қарастырылды. Әріптестерім үштілділік мәселесіне бей-жай қарамайтындықтарын, білім берудегі өзгерістерді қуана қарсы алатындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді, заман талабына сай жұмыс жасауды өз міндеттері ретінде санайтындықтарын көрсетті. Мұндай іс-шаралар қала көлемінде өте жиі ұйымдастырылады. Әсіресе, қазақ мектептері арасында.

Алдына келген тәлімгерлерінің қанатын қатайтып, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздардың тамыз конференциясында еңбектері еленіп, ең үздіктер марапатталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан марапатқа ие болғандар ішінде мен де бармын. Әрине, мұның бәрі білімге деген қамқорлықтың, оқушыға деген жанашырлықтың арқасы.

Заман бір орында тұрмайды. Бәрі өзгеріс үстінде. Білім саласындағы жаңғыртулар мен жаңашылдықтардың барлығы – заман талабына сай істеліп жатқан ауқымды істер. Оның жүзеге асуына бәріміз бір адамдай атсалысуымыз керек. Себебі, бұл өзге­ріс біздің шәкірттердің жарқын күндері мен болашағының кепілі болмақ.

Гүлім ХАМЗИНА,

Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау