Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАЗУШЫДАН ҚАЛҒАН ЖАУҺАРЛАР

Печать PDF

Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған ауылындағы мұражай – “Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері” картасына енгізілген нысандардың бірі. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер жиналған мұражайдың есігі жыл он екі ай бір рет жабылған емес.

argaiv1259

Жамбыл ауданына қарасты Сәбит ауылындағы жерлесіміздің мұражайында 700-ден астам жәдігер сақтаулы. Солардың ішіндегі бірегейі – Сәбит Мұқановтың жазу машинкасы. Жары Мәриям Мұқанова 1990 жылы музейге тапсырған жәдігер ғимараттың төрінен орын алған.

– Сәбит Мұқанов мұражайындағы жәдігерлердің барлығы біз үшін құнды. Ауылымызға келген әрбір мейман жазушының қарашаңырағына сәлем бермей кетпейді. Біз қонақтардың әрқайсысын ілтипатпен қарсы алып, мұражай жайында, ауылымыз туралы мақтанышпен айтып береміз. Мәселен, бірінші залда Сәбит атамыздың туған үйінің көшірмесі қойылған. Ол кедей отбасынан шыққан, жетімдікті де, жоқшылықты да көрген. Тума талантының арқасында биік шыңға көтерілді. Біз балаларымызға Сәбит Мұқановтың өмір жолын үлгі етіп айтып береміз. Жазушының есімін мақтан етеміз, – дейді Сәбит Мұқанов мұражайының меңгерушісі Әлия Сәрсекова.

Соңғы жылдары халық арасында мұражайға деген қызығушылықтың артқандығы байқалады. Қазақстанды айтпағанда, көршілес Ресейден меймандар ұдайы келіп тұрады екен. Ал өңіріміздің мектеп оқушылары үшін патриоттық сабақтар өткізіледі.

– Мен Благовещенка ауылындағы кітапханада қызмет атқарамын. Бүгін ең белсенді оқырмандарымды Сәбит Мұқанов мұражайына экскурсияға әкелдім. Алдымен Қожаберген жырау кесенесіне бардық. Бұл екі нысан да “Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері” картасына енгізілді. Жас ұрпақ біздің еліміз, жеріміз, оның қасиеті туралы білуі шарт. Сондықтан демеушілердің көмегімен осындай саяхатқа шықтық. Балаларға жазушының мұражайы ұнады. Өзім де ұмытылмас әсер алдым, – дейді кітапханашы Ләйлә Сақтағанова.

Сәбит Мұқанов 1959 жылы немере інісі Шәкен Мұстафинмен бірге туған ауылында үй салған. Жазушының 90 жылдық мерейтойына орай 1990 жылы бұрынғы үйдің орнына мемориалдық мұражай ашылды. Жалпы аумағы 180 шаршы метрден тұратын ғимарат – жатын бөлме, қонақ бөлме, зал, асүй мен кіреберіске бөлінген. Онда Сәбит Мұқановтың көзі тірісінде пайдаланған жеке заттарын көруге болады. Мұнда қаламгердің саптама етігі, бірнеше бас киімі, костюм, шапан, темір кереует сынды жәдігерлер сақтаулы.

– Маған бүгінгі саяхат өте ұнады. Рухани азық алдық. Сәбит Мұқанов сынды жазушының облысымыздың Жамбыл ауданында дүниеге келгені біз үшін зор мақтаныш. Оның туған жерін, жеке заттарын көру – тамаша көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға арналған кітапта өз қолтаңбамызды қалдырдық. Онда көптеген ақын-жазушылардың жазбалары бар. Әсіресе, Сәбит Мұқановтың жазу машинкасы қатты ұнады. Жазушы оның көмегімен талай шығармаларды дүниеге әкелген ғой. Оны өз қолымызбен ұстап көріп, тіпті, суретке түстік, – деп алған әсерімен бөлісті Сәбит Мұқанов мұражайына экскурсияға келген Благовещенка №2 орта мектебінің оқушысы Мақпал Наурызқұлова.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс”, – деген болатын. Есімі қазақ әдебиетінде алтын әріптермен жазылған Сәбит Мұқановтың ғибратты ғұмыры мен ескірмес шығармалары жас ұрпаққа жол сілтер темірқазық іспеттес. Ал жазушының мұражайы сол жауһарларды сақтап отырған алтын сандығымыз.

Эльмира КӘЛЕНОВА,

журналист.

Суреттерді түсірген автор.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау