Солтүстік Қазақстан газеті

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ — ҚЫЗЫЛЖАР ЖАУҺАРЛАРЫ

Печать PDF
Небір біртуар ұлылар мен атақты тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті Қызылжар өлкесі өнерден кенде болған емес. Табиғаты таңғажайып, орманы ну, даласы шұрайлы, топырағы құнарлы бұл өңірден от ауызды, орақ тілді шешендер де, таңды таңға ұластырып жырлайтын жыраулар да, “бір өлеңі – бір елдің мұрасындай” ақтангер ақындар да шықты. Қазақтың аспанын әнмен көмкерген Сегіз серінің, Шал ақынның, Нияз серінің, Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндері – халқымыздың мәңгі өш­пес рухани азығы. Заманында алдына жан салмаған әнші – Үкілі Ыбырайдың бір ғана даңқты “Гәккуінің” алтын жамбыдай жарқ еткен асыл қалпымен ән өнерінің өлшеусіз биігіне өрлеп кеткендігін кім де болса мойындаса керек.

Осындай дара дарындарды құндақтаған киелі өңір еңселі елордамыздың төрінде өтіп жатқан “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында бір апта бойы мәдениет күндерін өткізіп, Есілдің жағасын, Сарыарқаның кең төсін ән мен жырға бөледі. Елорда тұрғындары мен қонақтары астықты өңірдің шығармашылық әлеуетін көрсететін кең көлемді мәдени бағдарламасына куә болды.

argaiv1259

Айтулы шараның шымылдығы “Қазанат” ипподромы аумағында орналасқан “Этноауыл” ұлттық-мәдени кешенінде солтүстікқазақстандық суретшілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелерімен ашылды. Оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев те аралады. Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайлар бірлестігі кешенді жағалай орналасқан жартылай тігілген киіз үйлерге барлығы екі мыңға жуық жәдігер қойыпты. Өз бұйымдарын алып келгендердің бірі Вера Имашбаева болды. Киіз басу ісінің шебері өңірімізде алғашқылардың бірі болып фелтингпен киізді көркем өңдеумен айналысқан. Ол көрмеге өзінің қолынан шыққан киім үлгілерін: қыз-келіншектерге арналған кеудешелерді, жеңсіздерді, моншақтармен, асыл тастармен, кестелермен безендірілген кәдесыйларды алып келді. Келушілер автордың туындыларын тамашалап қана қоймай, сонымен қатар киізбен жұмыс істеу шеберлік сыныбына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

– Қолөнершілердің туындыларына қарап, қазақтың бай мәдениетін көздің қарашығындай сақтай білген қызылжарлықтарға айрықша риза болдым. Көрме сөрелерінде халқымыздың ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін дүниелер көп екен. Бүгін немереме киізден жасалған жеңсіз сатып алдым. Бағасы да қолжетімді, – дейді Астана қаласының тұрғыны Алмагүл Ақынбабақызы.

Одан өзге он саусағынан өнер тамған Қағира Дәуенова, Болатбек Қалдыров, Қанат Айдарханов, Әлия Белденова, Ольга Ермак, Светлана Холопова сияқты шеберлердің бұйымдарын тамашалауға келген адамдардың қатары бір сиремеді.

Солтүстік Қазақстан облысының мұражайлар бірлестігі қорының ұйымдастыруымен “Атамекен”, “Әкелер жері” тақырыбындағы көрмесөрелерінен аң аулауға арналған заттар, ат әбзелдері мен батырлардың қару-жарағы, музыкалық аспаптар, асүй бұйымдары, қылқалам шеберлерінің туындылары орын тепкен. Жергілікті суретшілер Бургаев пен Абдрафиковтың картиналары мен ақжарлық шебер Жандос Мәдиғажының қолынан шыққан жетіген, адырна, шаңқобыз сияқты ұлттық аспаптар да келушілердің назарын аударды. Бұл күні Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының мамандары жұртшылық назарына “ЭКСПО – 2017” – Қазақстанның жаңа тарихи белесі” атты көрме ұсынды. Онда Қызылжар өңірінің құрылу тарихынан бүгінгі күнге дейінгі өмірін дәріптейтін тарихи құжаттар, бұйымдар қойылды.

– Жиынға мұражай қорынан 90-ға жуық жәдігер әкелінді. Олардың ең ерекшесі – XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында темірден жасалған дулыға. Бас киімде “Пайғамбар әрқашан сенімен бірге” деген арабша жазу бар. Жиналғандардың денін осы ескі жәдігер қызықтырды, – дейді экскурсия жүргізушісі Балжан Сұрағанова. Киіз үйлерде ұйымдастырылған асық ату, тоғызқұмалақ, бестас, жамбы ату, алдараспан, қыз қуу, қазақ күресі сайыстары да шараның мазмұнын одан сайын айшықтай түсті.

Мәдени іс-шараға солтүстікқазақстандық театрлар да құр алақан бармапты. Мәселен, облыстық қуыршақ театрының ұжымы Астананың кішкентай көрермендеріне Б.Кулунчакова мен Е.Пермякованың “Белая дочь степей” атты спектаклін ұсынса, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері Н.Гогольдің “Ночь перед Рождеством” атты шығармасын сахналады. Ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының өнер ұжымы дайындап апарған орыстың әйгілі жазушысы Николай Гогольдің “Ревизор” шығармасы көрермендер көңілінен шықты. Астанадағы іргелі өнер шаңырағының бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық-музыкалық театрында ине шаншар орын болмады. Адамдық қасиеттердің күйреуін ащы күлкімен суреттеген театр режиссері Николай Гогольдің пьесасын қазіргі қоғамға лайықтағаны актерлердің сахнадағы ойынынан байқалып тұрды. Әуелде сахнада бейнеленген уақытты автор өмір сүрген заманмен салыстырғың-ақ келеді. Себебі, спектакльдегі кейіпкерлердің киімі, жүріс-тұрысы сол заманнан хабар беретіндей көрінеді. Бірақ Анна Андреева мен Мария Антоновнаның, Земляниканың, Осиптің ойынына қарап, оқиғаның екі заманға да тәуелді екендігін көресіз. Осылайша, режиссер өнерде де өмірдегідей қатып қалған заңдылықтар жоқтығын дәлелдей түседі. Қойылымның соңғы көрінісінде есікті қағып келген шынайы “ревизорды” ешкім көрмеді. Сол себепті де, әрбір өнерсүйер адам саналарды серпілтіп, ар-ұят кейпінде келген “ревизорды” шынайы қарсы алды.

26 тамызда Петропавл қаласы мен Есіл, Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдерінің қолдауымен “Аққайыңдар өлкесінде” атты облыстық шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Онда есімдері өңірімізге жақсы таныс жеке орындаушылар мен топтардың өнерпаздары тыңдаған жанды елжандылық, отансүйгіштік сезімге бөлейтін патриоттық сарындағы әндерді шырқады. Облыстық филармонияның әншілері – Жанат Айтбаев, Ғалымжан Нұрпейісов, Біржан Есжанов, Дәмеш Құрманкина орындаған “Аққурай”, “Перуайым”, “Қалдырған”, “Қысмет”, “Қазағым” әндері әнсүйер қауымның жүрегіне жол тартты. “Қуанамын”, “Қарлығаш” би студияларының мың бұралған билерін, “Самғау”, “Черный бриллиант”, “Ақжар” топтарының әсем әндері көрермендерді қуанышқа бөледі.

11 күнге жалғасқан Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері “ЭКСПО – 2017” кешенінің амфитеатрында өткен “Қызылжар елі – Қазақстанның маржаны” атты галаконцертпен аяқталды. Бір айта кетерлігі, концертке біздің өңірдің ғана емес, Қызылжардан шыққан есімдері республикаға танымал белгілі ең үздік би, музыкалық ұжымдар мен әншілер қатысты. “Шабыт” халықаралық конкурсының дипломанты, опера әншісі Рамзат Балакишиев, Президент оркестрінің әншілері – Айзат Қарабекова, Диана Таймышева, Динара Тауышева, “Астана Опера” театрының әртісі Гүлсара Жазитова, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі Ермек Бірімжанов шырқаған жан жадыратар әсем әндер концертті тамашалаған бес мыңға жуық тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов пен Дәурен Ғылымовтың, “Ринго” мен “Аюми” эстрада топтарының өнерлері де тыңдарманды тамсантпай қоймады. Музыкалық кеш “Туған жер” және “Әдемі-ау” ансамбльдердің “Болашақ энергиясы” атты хореографиялық композициясынан басталды. Ұжымдар өздерінің энергиясымен және қимыл-қозғалыстарының жеңілдігімен көрермендерді әдемі әсерге бөледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева, жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевқа арнап энергия мен толғанысқа толы “Поппури” композициясын орындады.

Осылайша, солтүстікқазақстандықтар бір апта бойы “ЭКСПО” көрмесі аясында Астана төрін ән мен жырға бөлеп қайтты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау