Солтүстік Қазақстан газеті

Мамандандырылу үлгісі таңдалды

Печать PDF

Тәуелсіздік жылдары сот құрылымы түбегейлі өзгерді. Жасалған реформалар саланы жаңа сапаға көтерді. Мемлекеттің қолдауының арқасында қазақстандық сот халықаралық талаптарға жақындады. Әсіресе, әр төрт жыл сайын өткізілетін судьялар съезінің соттың беделін көтеріп, жағымды бейнесін қалыптастырудағы рөлі орасан. Елбасының қатысуымен өтетін бұл съездер өткір мәселелерді уақыт өткізбей шеше алатынымен құнды жиын болып табылады.

argaiv1977

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері судьялар съезі жеті рет өтті. Олардың әрқайсысының құқық саласындағы тарихи орны, маңызы ерекше. Съездерде көптеген маңызды мәселелер қаралып, олардың түйіні шешілуде. Әр съездің сот жүйесінің дамуына, азаматтардың сот әділдігіне деген сенімін арттыруға үлес қосатынына күмән жоқ. Өткен жылы қараша айында республика судьяларының VIІ съезі өтті. Осы съезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мемлекеттік басқарудың негізгі органы ретінде сот жүйесін қалыптастыру мен реформалардағы Тұңғыш Президенттің рөлін атап өтіп, тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелерінің бірі – соттарды мамандандыру үлгісінің таңдап алынуы деген болатын.

Шынында да, мемлекеттік-құқықтық саладағы басымдықтарға сəйкес сот ісін жүргізуді одан əрі жаңғырту жəне оңайлату, сот төрелігі мен сот əкімшілігі мəселелерінің аражігін ажырату, мамандандырылған соттар құру, судьялар корпусының кəсіби деңгейін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Соттарды мамандандыру заман талабы еді. Уақыт сұранысына төтеп беру мақсатында Президенттің Жарлығымен 2002 жылы кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды қарайтын уəкілетті мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды.

Экономикалық соттар кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар арасындағы және ұжымдық кикілжіңдерді шешумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, экономикамыздың тұрақты дамуына кедергі келтіретін теріс әрекеттерді болдырмау және оны заң жүзінде реттеуші орган болып саналады.

2001 жылдың басында Алматы және Қарағанды қалаларында ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар құрылды. Ал осы жылдың маусым айында өткен Қазақстан судьяларының үшінші съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мамандандырылған соттар жүйесін – бірінші кезекте экономикалық және әкімшілік соттарды кезең-кезеңмен құруды тапсырды.

Жалпы, бұл сот жүйесінің құрылуына біздің өзгерген өміріміздің өзі мүдделі болды. Бұрын қазақтың басынан жер дауы мен жесір дауы кетпесе, бүгінгі нарықтық қарым-қатынас қарыштап дамыған заманда экономикалық дау-дамай сот тарихының сахнасына шықты. Сол себепті, салық пен кеденге, монополияға қарсы қызмет, банкрот, мемлекеттік сатып алу немесе энергетика, кәсіпкерлікті қорғау істері, корпоративтік және жер даулары, авторлық құқық және басқа да істерге қатысты дау-дамайлардың ақ-қарасын айырып, әділ төрелігін айтатын арнайы маманданған соттардың қажеттілігі күн тәртібінде өткір тұрды.

Мамандандырылған экономикалық соттарды құру аудандық соттардың шектен тыс жүктемесін елеулі түрде азайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, оны азаматтар үшін әлдеқайда қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Нарықтық институттарды дамытуға, республиканың, қала берді өңіріміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға оң әсер етті. Экономикалық сот тұтас саланың айтарлықтай ауқымды бөлігінің жүгін көтеріп, мемлекеттің де, халықтың да үмітін ақтап отыр.

Өткен он бес жылдың ішінде облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қалыптасу, даму жолынан өтті. Бүгін бізде 12 судья жұмыс істейді. Олардың дені – әртүрлі мемлекеттік мекемелерде, адвокатурада, прокуратура органдарында еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған кәсіби біліктілігі жоғары мамандар. Яғни, әріптестерім сот төрелігін жүзеге асыру міндеттерін сапалы түрде атқарып жүр.

Осындай білікті де білімді кадрлардың арқасында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының да жеткен жетістіктері бар. Өткен жылы біз “Аудандық және оған теңестірілген соттың жұмысын үздік ұйымдастыру” байқау-конкурсында екінші орынды иелендік. Ал үстіміздегі жылы “Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы” республикалық конкурсында үшінші орынды жеңіп алып, Жоғарғы соттың дипломымен марапатталдық.

Судья мәртебесі ежелгі заманнан жоғары сенім мен беделге ие болған. Әрбір заңгер үшін судья болу – абырой, ал Жоғарғы соттың судьясы болу – қызметтің шыңы. Бала кезімде маған судья болу қол жетпес армандай көрінетін. Осы салада еңбек етіп жүрген 13 жылдың ішінде сот жүйесінің бүкіл сатыларынан өтіп, жақсы тәжірибе жинақтадым. Әр жылдары аудандық, облыстық, Жоғарғы сотта еңбек еткендіктен, сол кез бен қазіргі уақытты салыстырсам, сот жүйесінің түбегейлі өзгергендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендей боламын.

Бүгінде қазақстандық сот жүйесі дамыған елдердің деңгейіне жетті. Мұның бәрі халықтың Елбасына, сот жүйесіне деген нық сенімі арқасында жүзеге асты. Осы жеткен биігімізде қалу үшін соттың әр құрылымына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бір кездері зор үмітпен құрылған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты осы талап үдесінен шығу үшін қызметін жетілдіріп, жұмысын жандандыра берері анық.

Бердібек МҰСТАФИН,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау