Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАЗАҚ АСТЫҒЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЗОР

Печать PDF

Қазақстан әлемдегі астық экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарына кіреді. Қазақтың құнарлы топырағынан нәр алып өскен табиғи таза өнім әр кез сұранысқа ие. Жер шары тұрғындарының саны артқан сайын азық-түлікке деген тапшылық байқалып қалуда. Әсіресе, миллиардтан астам халқы бар Қытай елінің нарығын түбі жоқ шелекке теңеуге болар.

argaiv1259

Еліміздің ортақ қамбасына құйылатын “алтын дәннің” үштен бірін өсіретін Қызылжарда қазір күзгі орақ науқанының қызған шағы. Жаз бойы күтіп-баптаған егінін жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз жинап алғысы келген диқан үшін нағыз қарбалас. Бұл қызу еңбек астықты қамбаға құйып біткен соң сәл саябырсығанымен, түбегейлі тоқтамайды. Себебі, мол өнімнің артылғанын тиімді бағаға сату қажет. “Сибирская Экспортно-Импортная Компания” жауапкершілігі шектеулі қоғамы (ЖШҚ) – Солтүстік Қазақстанның астығын экспортқа шығарумен айналысып жүрген ресейлік танымал компания, сенімді инвесторлардың бірі.

Астық саудасы саласында онжылдық тәжірибесі бар компания үстіміздегі жылдың наурыз айында біздің өңірден ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алу жөнінде келісімшарт жасаған. Жергілікті тараптан экспортаушы ретінде “LOGIS-TICS MARKET” ЖШС шығып отыр. Ресейлік компанияның бас директоры Владимир Ляхтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы – қаржы салуға, бизнеспен шұғылдануға тиімді өңірлердің бірі. Өзі де осы жердің тумасы. Жамбыл ауданында дүниеге келген ол қызмет бабымен Новосібірге қоныс аударған. Кәсіп көкжиегін кеңейту мүмкіндігі туған сәтте көп ойланып жатпастан ескі тамыр-таныстарымен байланысқа шыққан.

– Мен басқа елге көшіп кетсем де, туған жеріммен қарым-қатынасты ешқашан үзген емеспін. Новосібірде “Отандастар” деп аталатын өз қорымыз бар. Қазақстаннан жұмыс бабымен немесе оқу үшін келген жерлестерге әр кез көмек қолын созамыз, ұлтына қарамаймыз. Мен туған жеріме деген құрмет ретінде саяжайыма қазақтың киіз үйін тігіп қойдым. Таныстарымның бәрі таңғалады, – дейді Владимир Борисович. – Осы жайттар кәсібіме де әсер етпей қоймады. Тек бір айдың ішінде облыстан 5 мың тонна майлы дақылды сыртқа шығардық. Бұл дегеніміз маңдай терін төгіп еңбектенген диқанның қалтасына 2,5 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда түсті деген сөз. Мен бұл жерде мемлекеттің қазынасына құйылған кедендік және басқа салықтарды айтып отырған жоқпын.

Владимир Ляхтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында өсірілген дақылдар сапасы жағынан Сібір мен Алтай өңірлерінен сатып алынатын өнімнен әлдеқайда жоғары. Сондықтан сұраныс та бар. Компания сатып алған дәнді және майлы дақылдарды, негізінен, Қытай мен Моңғолияға шығарады. Азия құрлығындағы бұл қос мемлекеттің нарығы өте ауқымды. Моңғолияның жері таулы-тасты келетіндіктен, егіншілік дамымаған. Ал миллиардтан астам тұрғыны бар Қытай – әлемде тұтынушысы ең көп ел. Компания бұл мемлекеттермен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Қос елдің ауыл шаруашылығы министрліктерімен де, ірі аграрлық фирмаларымен де тығыз байланыста. Астықтан бөлек, Моңғолияның Ховд және Баян-Улгий аймақтарына жанар-жағармай да жеткізеді екен.

Қазақстанда өсірілген “алтын дәннен” пісірілген нанның ауыздан кетпес дәмін моңғолдар жақсы біледі. “Сибирская Экспортно-Импортная Компания” ЖШҚ-ның құрылтайшысы, Моңғолия Республикасының азаматы Пурэвцэрэн Бямбабаярдың айтуынша, Қазақ елімен іскерлік қарым-қатынас қана емес, басқа да байланыстар бар.

– Біз бауырлас халықтармыз, тұрмыс-тіршілігіміз бен кәсіптеріміз ұқсас. Моңғолияда қазақтар көп тұрады. Біразы атамекендеріне көшіп кеткенін білемін. Олармен де ескі таныстар ретінде араласамын. Осы жолы Петропавл мен Астанаға сапарларым кезінде бұрынғы отандастарыммен кездесіп, бір марқайып қалдым. Отбасыммен бірге Петропавл қаласында демалдым. Таза, заманауи қала екен. Аквапаркке, басқа да демалыс орындарына бардық. Ал бизнеске келетін болсақ, жоспар ауқымды, атқарар жұмыс көп. Біз Солтүстік Қазақстан облысынан астық сатып алумен шектелмейміз, өндіріске инвестиция құю жоспарымыз бар, – дейді Пурэвцэрэн Бямбабаяр.

Экспортқа шикізат шығарғаннан гөрі, өңделген өнім сатудың әлдеқайда пайдалы екені көпке аян, бірақ бәрі дерлік бұл қадамға бара бермейді. Ал ұзақ мерзімді жоспары бар “Сибирская Экспортно-Импортная Компания” ЖШҚ теріскейде майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салмақшы. Қазақстан, Ресей, Моңғолия кәсіпкерлері арасындағы үшжақты байланыстың бірінші кезекте біздің шаруалар үшін пайдалы екенін петропавлдық “LOGISTICS MARKET” ЖШС-нің бас директоры Игорь Карнаух айтып отыр.

– Келісімшарт бойынша біз 30 мың тоннадан астам рапс экспорттауымыз қажет, бұдан бөлек, зығыр мен бидай бар. Осы көлемді толтыру үшін қазірдің өзінде диқандармен биылғы орақтың өнімін сатып алу жөнінде келісімшарттар жасасып жатырмыз. Компаниямыз өнімді тазалап, қаптайтын төрт жабдық сатып алды. Қазіргі таңда оларды орнататын орындарды қарастырудамыз, – дейді ол.

Облыс диқандары биыл 4,2 миллион гектар алқапқа дән сіңірді. Оның 750 мың гектарын майлы дақылдар алып жатыр. Экспорттық әлеуеті зор дақылдар алқабы келер жылы 1 миллион гектарға жеткізілмек. Бұл біздің шаруалардың бидай егумен ғана шектелмей, нарықтық экономика заңына сай сұранысы жоғары, пайдасы орасан дақылдарға көшкенін аңғартады. Ал қазақ астығына қызығушылар, жоғары бағаға сатып алушылар әр кез табылады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау