Солтүстік Қазақстан газеті

ИНВЕСТИЦИЯ — ӨРЛЕУ ТЕТІГІ

Печать PDF
Петропавлдағы “Green Park” демалыс аймағында инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөнiндегi өңiрлiк кеңестiң үшінші отырысы өтті. Өңірге шетелден қаржы тарту мақсатын көздеген шараға Голландия, Индонезия, Литва, Италия, Австралия, Қытай, Ресей өкілдері келді. Бизнес-қауымдастық, Ұлттық және шетелдік компаниялар, даму институттары, инвестициялық қорлар мен еліміздің өңірлерінен жиналған кәсіпкерлерді қосқанда жиынға 300 делегат қатысты.

Инвестициялық кеңес жергілікті өндірілетін тауарлар мен перспективалы ин­но­вациялық идеяларды таныс­тыратын көрмесімен ашылды. Облыстың беткеұстар отыздан астам кәсіпорны делегаттар назарына өздерінің өнімдерін ұсынды. Аграрлы аймақтың ет, сүт және макарон өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан олар еліміздің өзге қалаларында да өз тұтынушыларын табуда. Отандық ауыл шаруашылығы техникалары да шараға қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

argaiv1259

Болашақ бизнесте әріптес табуды көздеген аудандық әкімдіктер болса, өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін тілге тиек етіп, табиғи, географикалық және тағы басқа ерекшеліктерін жарнамалады. Мысалы, Ресей нарығына шығуға ниеті бар қазақстандық инвесторлар көрші елмен шекаралас орналасқан Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігімен келіссөздер жүргізуге қызығушылық танытты. Ал инвестициялық жобасын Петропавл қаласында жүзеге асырғысы келген кейбір инвесторлар Қызылжар, Мамлют және Аққайың аудандарын назарларына алды.

Бүгінгі таңда жел баламалы қуат көздерінің арасында алдыңғы қатарда болғанымен, дәстүрлі энерготасымалдаушылармен бәсекеге түсетіндей деңгейге жеткен жоқ. Десе де, бұл саланың тиімділігін түсінген әлемнің 80 елі оны коммерциялық мақсатта қолдана бастағаны белгілі. Мәселен, Дания жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын өндіреді екен. Бұл орайда аталмыш бағытты дамытуға ниеті бар шетелдік инвесторлар үшін Есіл ауданы ыңғайлы болмақ.

Бұдан бөлек, облыстық ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, индустриялық-инновациялық даму және тағы басқа басқармалары, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ өз жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Содан кейін өңірлік инвесторлар кеңесінің үшінші отырысы өтті. Бұл кеңес Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бизнес-қауымдастық пен инвесторлар арасында тікелей қарым-қатынас орнату, кездесетін кедергілерді жою мақсатымен құрылған болатын. Шара барысында сауда және қызмет көрсету саласы, туризм, мемлекеттік-жекешелік әріптестік секілді бағыттар бойынша инвес­тициялық мүмкіндіктер талқыланды.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов облысымыз үшін маңызды шараның инвестициялық жобаларды та­ныстыратын алаңға айналғанын атап айтты.

– Солтүстік Қазақстан облысы – экономикалық көрсеткіштері жоғары өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда өңірдің ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, ірі шетелдік инвесторлар келуде. Соңғы бес жылдың ішінде экономикамыздың барлық саласында өсім байқалуда. Облысқа тартылған инвестиция көлемі – 1,6 есе, ал өндірістік кәсіпорындар шығарған өнім мөлшері 1,5 есе артты. Ендігі мақсатымыз – өңіріміздің экономикалық өсу “қор­жы­нына” үлес салатын жаңа жобаларды іске қосып, жүзеге асыру, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы облысымызда шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасалып отырылғанын атап көрсетті. Экономиканың басым секторларына қаржы құйып, жобаларды жүзеге асырған инвесторлар жер салықтарынан 10 жылға, ал мүлікке салынатын салықтан 8 жылға босатылады. Құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтар сатып алуға кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет қайтарып береді.

Пленарлық отырыста атқарылған жұмыс жайлы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек баяндады.

Солтүстік Қазақстан облысы өткен жылы инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлері арасында бірінші орынға көтерілді. Өңір экономикасына үстіміздегі жылдың жеті айында 78 млрд. теңге құйылды. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 8 пайызды құраған. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде облыстың өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына 67 млрд. теңгенің 36 жобасы енді. Екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Бүгіндері оның 21-і жүзеге асырылса, жылдың соңына дейін 6 млрд. теңгенің 8 жобасын іске қосу жоспарланған. Өңір басшысының орынбасары шетелдік инвесторлармен өзара іс-әрекет жасау үшін облыстың экономикасымен танысуға мүмкіндік беретін, еліміздің заңнамалары және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы мәліметтер топтастырылған арнайы инвестициялық порталдың ашылғанын жеткізді.

Содан кейін “Тайынша-Май” ЖШС-нің атқарушы директоры Фан Лун Фей мырза өңірімізде инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша тәжірибесімен бөлісті. Үстіміздегі жылдың басында Қытай Халық Республикасының “Айцзю” компаниясы Тайынша ауданының Ильичевка ауылында майлы дақылдарды тереңдете өңдейтін зауыт салған болатын. Қуаттылығы жылына 300 мың тонна майлы дақылды өңдеуге жететін зауыт қытайлық компанияның агроөнеркәсіптік паркінің бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек, ауданда бордақылау алаңы, ет комбинаты, сүт және спирт зауытының құрылысын қолға алу жоспарланған.

– Май зауыты – агроөнеркәсіптік парктің алғашқы кезеңі. Жуырда зауытта майды тазартатын жаңа цех iске қосылды. Цех күніне 400 тонна майлы дақылдарды өңдей алады. Өнімге ешқандай химиялық қоспалар қосылмайды. Ол толығымен механикалық өңдеу арқылы жасалынады. Яғни, таза, экологиялық өнім. Тауар Қытай нарығында ерекше сұранысқа ие. Жергілікті билік тарапынан инвесторларға жасалып жатқан қолдаулардың көмегі көп. Сол үшін алғысымыз шексіз, – деді Фан Лун Фей.

Шара барысында сөз алған қытайлық “Shi Yan De Rui Gong Mao Co., Ltd” компаниясының атқарушы директоры Ван Тян Дэ Петропавлда ірі машина жасаушы аймақ салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Белгілі болғандай, Петропавл №2 жылу-электр орталығының ту сыртындағы 500 гектар жерге көпбейінді зауыттан басқа демалыс саябағы, еңбеккерлерге арналған баспаналар және тағы басқа әллеуметтік-мәдени нысандар салынбақ. Жобаның құны – 65 млрд. теңге.

Индустриялық кластердің аумағында жаңа қызметкерлерге кәсіби білім беретін техникалық училище тұрғызылатын болады. Түлектер өндірістік тәжірибені тікелей зауытта өтіп, тәжірибе жинақтайды. Бұл жерде әкімшілік орталық пен қонақүй кешені де тұрғызылады. Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, құрылысқа қажетті жер телімдері бөлініп берілген. Бүгіндері геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттар рәсімделуде. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың көктемінде басталады.

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков инвестицияларды тарту бойынша үлесін қосып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін тілге тиек етті. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов аудандағы инвестициялық ахуалға тоқталып өтті.

Пленарлық отырыстың қорытындысында Солтүстік Қазақстан облысы мен қазақстандық және шетелдік инвесторлар арасында жалпы құны 100 млрд. теңге тұратын жиырмадан астам өзара ынтымақтастық туралы келісім мен меморандумға қол қойылды.

Ал түстен кейін “В2В/G2B” форматындағы диалог ұйымдастырылып, үш панельді сессияда тереңдеп өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын өндіру, баламалы энергетика және көліктік логистика жобалары талқыланды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау