Солтүстік Қазақстан газеті

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Печать PDF

Мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мемлекеттің назарында. Қамқорлық пен қолдауды қажет ететін ерекше топтағы адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің түрлері жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.

argaiv1259

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, осы бағыттағы жаңашылдықтарға тоқталып өтті.

– Биылғы жылдың 22 қыркүйегінде Астана қаласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы қазақстандық форумы өтеді. Оның негізгі мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жинақталған тәжірибені талдау және саланың негізгі бағыттарын белгілеу. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлердің рөлін нақтылау болып табылады, – деді Асқар Жоламанұлы.

Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер тілге тиек етілетін форумда тұшымды ойлар айтылып, жаңа технологиялар мен инновациялар арқылы әлеуметтік қорғау жүйесін әрі қарай дамыту жайында сөз болмақ.

Жиынға 500-ге жуық адам жиналады деп күтілуде. Олардың ішінде Ұлыбритания, Сербия, Хорватия, Чехия, Ресей, Грузия елдерінен келген халықаралық сарапшылар да болады. Сондай-ақ, еліміз Парламентінің, Үкіметі мен жергілікті өкілетті және атқарушы органдарының, үкіметтік емес ұйымдар, білім ордаларының өкілдері қатысады. Біздің облыстан баратын делегация құрамында 26 адам бар.

Форум аясында “Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар” республикалық көрмесі ұйымдастырылады. Осымен бесінші рет өтіп отырған шараға біздің өңір атынан облыстық кезең жеңімпазы, Петропавл қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Уәлихан Ибраев қатысады. Ол үстіміздегі жылы облыстық сайыста қазылар алқасына “Жылжымалы әлеуметтік қызмет” деп аталатын жобасын ұсынып, он тоғыз үміткердің ішінен топ жарып, жеңіске қол жеткізген. Жас кәсіпкер өз қаржысына жылжымалы әлеуметтік монша істеп, оның ішін мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы етіп жабдықтаған. Айта кету керек, әлеуметтік қызметтің жаңа түрі жұмыс істеген бір жыл уақыт ішінде облыс орталығында тұратын бес мыңға жуық адамның кәдесіне жараған. Олардың ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедектер, жалғызілікті қарттар мен қариялар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бар.

Форум аясында әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында тұжырымдама жобасы талқыланбақ. Жаңа жоба жеті бағытты қамтиды. Олардың ішінде әлеуметтік қызметті шалғай жатқан ауылдық жерлерде барынша қолжетімді етуге басымдық берілген. Бұл бағыттың әрқайсысына толық тоқталып өткен Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко жоба форум қатысушыларының назарына ұсынылып, талқыланатынын айтты.

Баспасөз мәслихатының соңында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арай Нұғыманова мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін көмек түрлері мен зейнетақы жүйесінің жұмысы жайында мәлімет берді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау