НАШАҚОРЛАРҒА АРАША ТҮСЕТІН ТЕРАПИЯ

Есірткіге есі кеткендерді жаман қылығынан құлан-таза айықтыруға болады. Ол үшін “Алмастыру терапиясының”

көмегі зор. Өңірімізге арнайы келген республикалық нашақорлыққа қарсы ғылыми-практикалық медициналық-әлеуметтік орталықтың директоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас наркологы Алтынай Түкенова өткізген брифингте осындай мәлімдеме жасалды.

Маманның айтуынша, жаңа емдеу әдісін дүниежүзіндегі 71 мемлекет қолданып отыр. Елімізде қанатқақты жоба ретінде жүзеге асып жатқан “Алмастыру терапиясына” қатысуға 190 нашақор ықылас білдірген.

– Аталмыш емдеу әдісін кез келген есірткі пайдаланған адам қолдана алмайды. Ол үшін бес түрлі бөлім бойынша ем қабылдап, нәтиже болмаған соң жүгінеді. Оның жақсы жақтары есірткі құралдарын пайдаланатын кісі апиынды біреуден ұрлап алу, сатып алу деген мәселеге тап болмайды. Екінші тиімді тұсы тиісті уақытында қажетті дәрісін алады. Одан кейінгісі азамат қалыпты өміріне қайта оралады. Яғни, барлық қарапайым адамдар секілді қоғаммен араласа бастайды, адамның отбасын құрып, балалы болуға, жұмысқа орналасуға құштарлығы пайда болады, – деді Алтынай Түкенова.

Метадон синтетикалық препараты, әсіресе, есірткіні ине арқылы қабылдайтын нашақорларға жақсы көмек береді екен. Сөйтіп, ВИЧ инфекциясы мен СПИД ауруының кең таралуына тосқауыл болады. Әзірге ем-домның бұл түрі ақпарат ретінде дәрігерлер мен жалпы қоғамға түсіндірілуде. Яғни, біздің өңірде аталған терапияның қашан іске асатыны белгісіз.

Айта кетейік, облысымызда есірткіге тәуелді 762 адам тізімде тұрса, олардың жиырма сегізі аталмыш әдіспен емделуге ниет білдірген.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.