ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Білім және ғылым министрлігі, республикалық “Жас ұлан” балалар және жасөспірімдер ұйымы мен “КаРТел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жастар ісін қолдау жөніндегі меморандумға қол қойды.

Келісімнің негізгі мақсаты – жастардың мемлекеттік орындар мен кәсіпкерлік саласындағы, түрлі қоғамдық ұйымдардағы әлеуетін күшейтіп, қолдау көрсету, жасөспірімдер мен балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бұл құжат көптеген біріккен әлеуметтік жобалардың іске асуына ықпал етуге тиіс. Мысалы, үстіміздегі жылы оқушыларға Интернет қызметі мен қоңыраулар жүйесінің жеңілдетілген арнайы мобильдік тарифі қарастырылған.

“Аталмыш құжат жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыра түспек. Бұл тұста “Beeline” компаниясы жастардың игілігі үшін жұмыс істеуде. Бүгінгі жастардың мемлекетке алақан жаймай, өз білігі мен білімінің арқасында алға ұмтылуы қуантады. Олардың түрлі жобалары мен идеяларына комитет көмек беруге дайын”, – деді жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы Роза Кәріпжанова.

Үшжақты келісімнің табысты болуын сеніммен айтқан “Beeline” байланысының Қазақстандағы директоры Александр Комаров: “Біз өз қызметіміз арқылы еліміздегі жастар мен оқушылардың, “жасұландықтардың” тиімді, пайдалы әрі ыңғайлы білім алуына, өз жоспарларын жүзеге асыруына, сонымен қатар қарым-қатынас арқылы жаңа технологияны меңгеруіне ықпал жасаймыз”, – деді.

Республикалық “Жас ұлан” балалар және жасөспірімдер ұйымының төрағасы Данияр Шәмілов алдағы уақытта оқушылардың патриоттық сезімін оятатын іс-шаралардың жиі өтуіне біріккен жоба арқылы қол жеткізуге болатынын айтты.

  (Өз тілшімізден).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.