КЕМШІЛІКТІ КҮЗЕП, ТӘРТІПТІ ТҮЗЕУ ҚАЖЕТ

Жыл басынан бері жиырмаға жуық мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, бірнеше басшы біліксіздігінің немесе білместігінің салдарынан қызметінен босатылды.

Тәртіптік кеңестің хатшылығы жыл басынан бері 45 тексеріс ұйымдастырып, оның барысында 520 заң бұзушылықты анықтады. Олардың 374-і мемлекеттік қызмет туралы заңның бұзылуына қатысты болса, тәртіптік жазаны қолдану тәртібінен жаңылысып, азаматтар мен қызметкерлердің өтініш-арыздарын қарау бойынша қателіктерге бой алдырғандардың барлығы заң талабына сай тиісті жазасын алды.

Жазаға тартылған лауазымды тұлғалардың ішінде өз ісіне деген немкеттіліктің салдарынан опық жеп, қызмет орнынан айрылғандар да баршылық. Мәселен, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының бас бухгалтері мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзғаны үшін қызметтерінен босатылды. Жамбыл ауданындағы Преснов ауылдық округінің әкімі мен бухгалтеріне, атқарылмаған жұмысты аяқталғандай қылып қабылдаған Ақжар ауданына қарасты Ленинград ауылдық округінің әкіміне де осындай жаза қолданылды.

Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылыққа барып, ауыл тұрғындарына қоқанлоқы көрсетті деген айыппен Шал ақын ауданындағы Афанасьев ауылдық округінің әкімін және заңсыз еңбекақы төлемдеріне жол бергені үшін “Айгөлек” балабақшасының директорын да жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары, М.Жұмабаев ауданындағы Авангард ауылдық округінің әкімі заң талаптарын бұзғаны үшін тиісті жазаларын алды.

Биыл мемлекеттік қызмет стандарттарына, жарнаманы орналастыруға рұқсат беру, атқарылған жұмыс актілеріне қол қою, төлем жасау сияқты рәсімдерді заң талаптарына сай жасамаған құрылыс саласының бірқатар маманы сынға ілікті.

Құжаттарды толтырудан-ақ сүрінетін өзге де ведомствоның бірнеше қызметкеріне бір жолға ескерту, сөгіс жарияланды. Мемлекет қызметінде жүріп, екінші рет ағаттықа жол бергендер болса, лауазымы мен өтіліне қарамастан, қатаң жазаға тартылмақ.

Сәуле ТАЙГУЛИНА,

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің кеңесші-инспекторы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.