ФУТБОЛ АЛАҢДАРЫ САЛЫНУДА

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша Петропавл қаласында шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары

қарқынды жүргізілуде. Негізгі мақсат – саламатты өмір салтын сақтай отыра, баланы спортпен шұғылдануға тәрбиелеу.

Құрылыс жұмыстары бюджет қаражатынсыз кәсіпкерлердің қолдауымен іске асуда. Аула балалары үшін тосын сыйға айналған шағын алаңқайлардың бүгінгі таңға дейін төртеуі іске қосылған. Абай, 53-Мир көшелерінің бойындағы үйлердің сыртындағы алаңқайдың да жұмыстары аяқталып, жақын маңда тұратын балалардың барлығы тамаша ойын қызығына бөленуде. Аумағы 800 шаршы метрлік шағын футбол алаңына жасанды жабын жабылып, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған.

– Жұмыс жоспарға сай жүзеге асуда. Бүгін, міне, тағы бір шағын футбол алаңқайы балаларға есігін айқара ашты. Қалған жасыл алаңқайлардың құрылысы да өз мерзіміне сай тапсырылады, – дейді “Қарасай” жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Марат Шәріпов.

Ұйымдастырушылар оның сапасымен қатар балалар үшін қауіпсіз болуын да басты назарда ұстауда. Облыс әкімі тарапынан осындай игі шараның істеліп жатқанына тұрғындар да дән риза.

– Енді балаларымызбен, немерелерімізбен осы жерге ұдайы келіп тұратын боламыз. Өте жақсы болды. Кішкентай жеткіншектер спортпен шұғылданып, футбол ойнауды үйренеді. Осындай тамаша іске мұрындық болған облыс әкіміне ата-аналар атынан алғыс айтамыз, – дейді Абай көшесінің тұрғыны Әсия Өтепова.

Футбол алаңқайы салынған жерде көше ретке келтіріліп, жолдар жөнделген. Алаңқайдың құрылыс жұмыстарына “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС және басқа да жоспар бойынша осы мекенжайға бекітілген жауапты мекеме қызметкерлері өз үлестерін қосқан. Алдағы уақытта шағын футбол алаңдары облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар қала айналасындағы елді мекендерге де салынады деп күтілуде. Жалпы белгіленген уақыт ішінде облыс орталығында 15 шағын футбол алаңы жасалады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда оларды орналастыратын аулалар мен мектептердің тізімдері жасалып, ол жерлерде алдын ала тиісті жұмыстар істеліп жатыр.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.