ЖАЗАТЫН АДАМҒА СҰРАНЫП ТҰРҒАН ТАҚЫРЫП КӨП

Жас тілшіге қояр басты талабы: «Өзіңнің жазғаныңды өзің сызып, түзетуді үйрен, әйтпесе, мен сыза­мын қызыл сиямен!..». 

Кәрібай Мұсырман –1981 жылы ҚазМУ-дің журналистика факульте­­тін бітірген. Журналистік еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» («Солтүстік Қазақстан») газетінде тілші болып бастаған ол кейін Көкше­тау облыстық «Көкшетау», респуб­ли­калық «Егемен Қазақстан» газетте­рінде жауапты қызметтер атқарды. 1992 жылдан 2007 жылға дейін Көк­шетау және Солтүстік Қазақстан об­лыстық телерадиокомпанияларын бас­қарған. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Қызылжар – Ақ­парат» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің директоры. Баспасөздің сан саласында қызмет атқарғанына 30 жыл­дан асқан ардагер журналистің көңілге түйгендері жетерлік. Осынау жылдар аралығында журналистикаға қатысты кейбір көңілге тоқыған­да­рымен бөліскен оның әңгімесі, бірінші кезекте жас буын үшін қызықты болары сөзсіз.

Жас тілшіге қояр басты талабы 

«Өзіңнің жазғаныңды өзің сызып, түзетуді үйрен, әйтпесе, мен сыза­мын қызыл сиямен!..» 

Адамды орта өсіреді

Бұрынғы Көкшетау облысы мен бү­гінгі Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік бұқаралық ақпарат құралда­рын басқарғаныма биыл 22 жыл болады. Нұртөре Жүсіп інімнің қал­жыңдап: «Кәрекең – тұрақтылықтың символы» дегені бар бірде... 

Алайда, өзімнің «провинцияда» қалып қойғаныма кейде өкінетін кез­дерім де бар. Журналистің жеке тұлға болып қалыптасуы, рухани тұрғыдан да, мансап жөнінен де өсіп-өрлеуі үшін облыстағы мүмкіндік шектеулі деп есептеймін. Адамды өсіретін орта бол­ғандықтан, кезінде Алматыда қалған әріптестерімнің көбінің аттары озып кеткенін мойындауыма тура келеді. Әрине, өзімде де кінә бар – орталыққа талай шақыру болғанымен, әртүрлі себеппен бас тартқанмын. 

Өмір бойы өңірде қызмет істеп келе жатқандықтан, елге танымал тұл­ғалармен сұхбаттасудың сәті жиі түсе бермейді. Ал сондай сирек кездесу­лердің әсері көпке дейін ұмытылмай, әр жолы рухани тұрғыдан байып, өсіп қаламын. Әсіресе, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Роллан Сейсен­баев, Темірхан Медетбек, Баянғали Әлімжанов сынды қаламгерлермен болған ашық әңгімелер жадымда сайрап тұр әлі күнге...

Негізгі ұстанымы

«Айтылған сөз – атылған оқ». Мер­ген болсаң, терекке тигіз, бұ­тақтың не жазығы бар?!.

Жазатын адамға тақырып көп

Өзімді толғандыратын мәселе­лер­дің бәрін жазып тастадым деп айтуға ауызым бармайды. Бірақ бір нәрсенің басы ашық – біз үшін қазіргі кезеңде ел тәуелсіздігін сақтап қалудан, ел бір­лігін сақтаудан өзекті мәселе жоқ. Менің негізгі тақырыбым да осы. Хал-қадерімше жазып жүрмін. Әрине, оппо­зициялық басылымдардағы әріп­тестерімше айғайға басып, байбалам салып жүрген жоқпын. Мемлекеттік БАҚ-тың мойнындағы міндет – халық пен биліктің арасындағы «көпір» рөлін атқару болғандықтан, екі жақтың да ой-пікірін бір-біріне байсалдылықпен жеткізуге күш салып келеміз.

Меніңше, қазір кез келген жур­налист үшін еліміздегі сыбайлас жем­қорлықпен күрестен өткір тақырып жоқ. Күні кеше Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2003 жылдан бері Қазақстандағы шенеуніктер саны 8 мыңға көбейіп кеткендігін, төре­шіл­дік жайлаған мемлекеттік аппаратты ұстау үшін жылына 600 миллиард тең­ге жұмсалатынын сынап айтты. Ойлап көрсем, 600 миллиард теңге біздің Сол­түстік Қазақстан облысының 5 жыл­дық бюджетіне тең екен. Ысырап­шыл­дықтың көкесі осы емес пе?! Бұған қоса, Президент кейбір мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін 10 адам­ның екеуі ғана «жұмыстың торысы» екендігін, барлық жүк солардың иығы­на артылып, қалғандары қол қу­сырып отыратындығын да жасырмай жайып салды. Дарынды жастардың бір бөлігі осындай әділетсіздіктерге шы­дамай, мемлекеттік қызметтен бас тар­тып, тіпті шетелдерге де кетіп қалып жат­қан­дығының бір себебі де осы. Жаза­тын адамға өзі сұранып, «күйіп тұрған» тақырып емес пе бұл?! 

Журналистік өмірімде жарқын сәттер аз емес 

Ауылда көрші тұратын Сайлау Әб­ділманов деген ағамыз облыстық «Көк­шетау» газетіне сын-сықақ жазып тұратын. Қолының кемдігі болған­дық­тан, жазуы онша айқын емес еді. Бір күні маған өзі жазған мақаласын кө­шіртіп алды. Оның жаз­ғаны маған ұна­ғаны сондай – басыма «Мен де жазып көрсем қайтеді?» деген ой келді. Сол кезде ауылдағы клуб дұ­рыс жұмыс іс­темей, жастардың ре­нішін туғызып тұрған. Дереу қолыма қағаз бен қалам алып, «Клуб па, әлде құлып па?» деп бадырайтып тақырып қойып, хатпен поштаға апарып сал­дым. Бір аптаның ішінде газет бетінде жарқ ете түскенін көргенде, төбем көк­ке жеткендей қуан­дым. Көп ұза­май, клубымыздың есігіндегі қара құлып та алынып, бала болсам да ауылдастарымның алдында беделім өсіп шыға келді. Бұл менің сегізінші сыныпта оқып жүрген кезім болатын.

Алғашқы мақалам ауыл клубы­ның проблемасын шешіп бергеннен кейін ел ішіндегі басқа да мұқтаждықтарды сұрастырып біліп, бірінен соң бірін көтере бастадым. Сол үрдісті өмір бойы жалғастырып келемін. Көкше­тау мен Қызылжар өңірлерінде талай көкейкесті мәселені қозғап, олардың оң шешімдерін табуына ұйытқы бо­луға тырыстым. Солардың ішінде 1991 жылы Абылай асын ел көлемінде алғаш рет атап өту үшін Елбасының рұқсатын сұрағанымды өзімнің бір ұмытылмас ісім деп санаймын. Өйткені сол жылы Көкшетау облысының зия­лы қауымы горбачевтік «қайта құру­дың» жылымығымен арқаланып, ұлы ханның 280 жылдығын атап өту жө­нінде бастама көтерген болатын. Алай­да, Кеңес одағы әлі тарамай, билік тізгінін ұстаған компартия әлсіре­ге­німен, ұлттық республикаларға ер­кіндік бере қоймаған заманда облыс басшылары бұл мәселені Нұрсұлтан Назарбаевқа айтуға жүрексініп, әліп­тің артын бағып, үнсіз отырған еді. Мен ол кезде «Егемен Қазақстанның» Көкшетаудағы меншікті тілшісі болып істеп жүргенмін. Жыл басында бізді Алматыға шақырып, редакцияда бас­шымыз Шерхан Мұртаза үлкен жи­на­лыс өткізді. Содан кейін «Егеменнің» шығармашылық ұжымын Елбасы қа­былдап, ашық әңгіме құрды, журналис­терді толғандырып жүрген мәселе­лерді сұрап білді. Мен де жүрексінсем де, қолайлы мүмкіндікті қалт жібергім келмей, Нұрсұлтан Әбішұлының Абы­лайдың мерейтойын өткізу жөніндегі пікірін білдіруді сұрадым. Елбасы бір­ден көкшеліктер ұсынысына қолдау білдіріп, келісімін берді. Осы жөніндегі хабарды дереу Көкшетаудың басшы­ларының құлағына жеткізгенімізден кейін Абылай асын өткізуге дайындық басталып кетті. Сол жылы жазда Бу­рабай баурайында болған Абылай асы республикалық деңгейде барлық об­лыс­тардың делегацияларының қаты­суымен тамаша өтті. Журналистік өмірімде осы тәрізді жарқын сәттер аз емес. 

Ұстаздың мықты болғаны да бір бақыт

Студент кезде өндірістік тәжіри­бе­ден өтуге ылғи «Көкшетау» газетіне баратынмын. Сонда жүргенде, әсіресе, белгілі журналист, ақын, аңқылдаған ақжүрек азамат Қорғанбек Аманжо­лов ағамыздың қамқорлығын көп көр­дім. Кейін бес жылдан аса «Көкшетау» газетінің редакторы, әйгілі қаламгер, қоғам қайраткері Жанайдар Мусин­-нің журналистік мектебінен тәлім алғанымды, екі жылдай «Егемен Қа­зақстанның» Көкшетау облысындағы мен­шікті тілшісі болып, «Шерханның шекпенінен шыққандардың» қа­тары­на ілінгенімді ерекше мақтан тұтамын.

Шетелдік журналистерден үйре­нетініміз аз емес – ең алдымен, көп­сөз­діліктен арылуымыз керек. Біздегі көптеген газеттердің журналистері көлемі етектей материалдар жазуға үйір. Солардың тақырыбына көз жү­гіртесің де, әбден таптаурын болған сүрлеуге түсіп, уақытыңды кетірмей, жаба саласың. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында бос сөздің уақыты өткендігін, Чехов айтқандай, «қысқа қайыру – таланттың сіңлісі» екендігін әлі түгел түсіне қойған жоқ­пыз. Өз басым бір жағымды жаңалық, немесе көзім шалған кемшілік туралы небары 30-40 жол ғана материал жа­зып, астына аты-жөнімді жазудан ар­ланбаймын. Ал менің кейбір әріптес­терім мұндай «ұсақ-түйекпен» айна­лысқылары да келмейтін сияқты кө­рінеді. 

Шетелдік журналистер сияқты оқ пен оттың ортасына барудан да қай­мықпауымыз керек. Мысалы, қазір біздің елден Украинаға барып, сол жердегі жағдайды өз көзімен көріп, жан-жақты зерттеп, мақала жазған қан­дай журналист бар? Ондай әріп­тесті әзірге көрген жоқпын. 

Заманына қарай адамы

Аға толқын стильдік шеберлігімен, жұмысқа берілгендігімен, қанағат­шылдығымен ерекшеленеді, рухани құндылықтарды бәрінен жоғары қоя­ды. Ал жас журналистер бізге қара­ғанда тәуекелшілдігімен, биікке ұм­тылысымен ұнайды. Олар «ақша жа­сауға» да бізден гөрі бейімірек. «За­манына қарай адамы» деген осы ғой. 

Қазіргі жас журналистер өздеріне кімді үлгі тұтатынын тап басып айту қиын. Өз басым Жанболат Аупбаев­тың қаламгерлігін де, адамгершілігін де өнеге тұтамын. Нұртөре Жүсіптің жұрт көрмегенді көріп, елден бұрын жазып, елең еткізіп тастайтыны, та­қырыпты да қатырып қоятыны ұнайды. Ал сыншылдық бағыт ұстанған, азулы БАҚ-тарды абыроймен басқарып, та­бысқа жетіп жүрген Бигелді Ғабдуллин мен Арман Шораевтың іскерліктеріне қызығамын

Көзқарасым өзгерген жоқ

Мемлекеттік БАҚ-тар жарқыраған күнгейге көбірек көңіл бөлгенімен, «тәуелсіз» деп аталатын БАҚ-тар көлеңкелі тұстарды тінтудей-ақ тінтіп жатыр емес пе? Ал интернеттен не керектің бәрін таба аласың... 

Осынау жылдар аралығында жазу стилімнің өзгеріп, қалыптасқаны бол­маса, журналистік көзқарасым өзгер­-ді деп айта алмаймын. Журфак­тағы сүйікті ұстазымыз Тауман Амандосов санамызға сіңірген кәсіби қағи­дат­тардан айныған емеспін. Солардың ең бастысы – әділдік. 

Адамзат баласы бойындағы ең ұнат­пайтын қасиетім – сатқындық. Сатқындардың жаныңа салған жара­сының орны тыртық болып қалады. Бірақ сондай пенделерге де кешіріммен қараған сыңай танытып, тіпті қолым­нан келіп тұрса, көмектесіп, жақсылық жасауға тырысамын. Неге дейсіз бе? Ондай сұмдар сенің биіктігіңді көзде­рімен көріп, өздерінің аласалықтарын сезініп, ұялыс табуы үшін...

 Әңгімелескен Ұлбосын АЙТӨЛЕН.

(«Айқын», 12 тамыз, 2014 жыл.)

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.