МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН ЖАСАЛҒАН “ЖОМАРТТЫҚ”

Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру

комиссиясы “003 “Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша жалпы білім берудің бюджеттік бағдарламалары бойынша ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуын тексеру” шараларын өткізді. Теңгенің тиыннан құралатыны ескерілмей, бақылауға алынған кейбір білім мекемелері басшыларының мемлекет қаржысын жұмсауда “кеңпейілдік” танытқанына таңданбасқа лажың жоқ. Мысалы, жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 12115,9 мың теңге көлемінде, соның ішінде өтелуге (қалпына келтіруге) жататын – 3070,5 мың теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Бақылаудың барысында және аяқталғаннан кейін 158,7 мың теңге өтелді. Өтелмеген қалдық сома – 37,1 мың теңге, қалпына келтірілмегені – 2874,7 мың теңге.

Бақылаумен “Жетім балалар және дене бітімі дамуында мүмкіндіктері шектеулі, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мамандандырылған (түзету) Шөптікөл мектеп-интернаты” КМК, “Даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың №2 мамандандырылған (түзету) мектеп-интернаты, “Есту қабілеті бұзылған балалардың облыстық арнаулы (түзету) мектеп-интернаты, “Даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың №1 мамандандырылған мектеп-интернаты, “Мамлютка санаториялық орта мектеп-интернаты” КМК қамтылды.

Тексеру шараларын өткізу үстінде аталған білім мекемелерінде мемлекет қаржысын ұқыпты да мақсатына орай, заң қағидаларына нұқсан келтірмейтіндей жұмсауға олардың басшыларының басы ауыра бермейтініне көзіміз жетті. Мемлекеттің орынсыз жұмсалған қаржысының негізгі сомасы 6591,0 мың теңге немесе 54,4 пайызды құраған. Аталған мекемелер Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 4б-бабының 9-тармағын, 67-бабының 12-тармағын елемей, сұранысты негізсіз арттырған. Мұның өзі артық алып, асыра жұмсауды меңзегендей әрекетті ойға салады. 2013 және 2014 жылдарға бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша 141 “Тағамдық азық-түлік сатып алу”, 144 “Отын, жанар-жағармай материалдарын сатып алу” бейіндері бойынша, соның ішінде:

– “Есту қабілеті бұзылған балалардың облыстық арнаулы (түзету) мектеп-интернаты» КМК-да 141 “Тағамдық азық-түлік сатып алу” бейіні бойынша 3552,2 мың теңге сомасында;

– “Даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың №1 арнаулы мектеп-интернаты” КМК-да 141 “Тағамдық азық-түлік сатып алу” бейіні бойынша 2713,7 мың теңге және 144 “Отын, жанар-жағармай материалдарын сатып алу” бейіні бойынша 80,2 мың теңге сомасында;

– “Мамлютка санаториялық орта мектеп-интернаты” КМК-да 144 “Отын, жанар-жағармай материалдарын сатып алу” бейіні бойынша жалпы сомасы 245,0 мың теңге бюджет қаражаты артық жұмсалған.

Еңбек заңнамаларын сақтамау білім мекемелерінде әдеттегі әрекеттерге айналған сыңайлы. Соның кесірі жалақы төлеуде жалпы сомасы 2890,3 мың теңге қаржы жұмсалуына әкеліп соқтырған. Мәселен, Шөптікөл және Мамлютка мектеп-интернаттарында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген, педагог қызметкерлердің және оларға теңестірілген лауазымды тұлғалардың үлгілік біліктілік сипаттамаларының 4-тармағы бұзыла отырып, сәйкес мамандығы бойынша педагогикалық білімі жоқ мұғалімдерге жалпы сомасы 2076,4 мың теңге жалақы төленген. Бұдан басқа, Шөптікөл мектеп-интернатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы №8 бұйрығымен бекітілген, білімі туралы құжаттарды тану және нострификациялау ( шет елдерде алынған дипломы, ғылыми атағы расталмаған. Ред.) ережесінің 1-тармағы бұзылып, Қазақстан Республикасында тану және нострификациялау рәсімінен өтпеген жоғары білімі туралы дипломы бар ағылшын тілінің мұғаліміне 813,9 мың теңге сомасында жалақы төленген.

Жүргізілген бақылау шаралары барысында жалпы сомасы 2279,4 мың теңге немесе 18,8 пайыз мемлекеттік сатып алулар заңнамасын бұзушылық анықталды.

Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік сатып алу туралы” 2007 жылғы 21 шілдедегі №303 Заңының 39-бабының 1-тармағына нұқсан келтіріліп, №1 арнаулы мектеп-интернаты мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарында көзделмеген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу жөніндегі шарттардың сомасын 1259,4 мың теңге шегінде арттырған.

Мамлютка мектеп-интернаты, оны Қазақстан Республикасының мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерімен құрылған ұйымдар ғана жүзеге асыратын, жалпы негізде, толық сомасы 1020,0 мың теңге тауарлар, жұмыстар, қызметтердің жекелеген түрлеріне мемлекеттік сатып алу жүргізген. Бұл Заңның 44-бабының 3-тармағын өрескел бұзу болып табылады.

Білім мекемелері бірімен-бірі келісіп алғандай, ережелер мен қағидаларды, тіпті, заңнаманы белден басып, мемлекет есебінен жомарттық жасауда жарысқа түскен бе деп ойлайсың. Мысалы, №2 арнаулы мектеп интернаты Заңның 5-бабының 5-тармағын бұза отырып, веб-порталға мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды уақтылы орналастырмаған.

Облыстық мектеп-интернаттың лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 96-бабының 1-тармағына нұқсан келтіріп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы №220 қаулысымен бекітілген, Бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің 149-тармағын бұзып, электр қуаты және жылыту жөнінде 2013 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 181,5 мың теңге кредиторлық берешектерге жол берген. Заңнамамен белгіленбеген мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндеттемесі қабылданған.

Осы факті бойынша материалдар “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасы кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясына жіберілді.

Жүргізілген бақылау шараларының барысында жалпы сомасы 173,6 мың теңге бірқатар басқа қаржылық олқылықтар анықталды, соның ішінде: іссапарға жұмсалған қаржыларды негізсіз есептен шығаруға, ұялы телефон байланысы бойынша жоспарланбаған шығындарға, негізсіз сыйақы төлеуге “кеңпейілдік” жасалғаны таңғалдырады. Осы орайда есепте көрсетілген азық-түліктердің жетіспеушілігі де ашылды.

Бақылау шаралары қаржылық тәртіпті сақтаудың заңға сай еместігін көрсетті.

Тексерілген нысандарда Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге заңнамаларының нормаларын сақтамау осындай сан соқтыратын берекесіздікке, мемлекет қаржысын оңды-солды шашуға әкеліп соқтырғанына көзіміз жетті.

Бюджетті жоспарлау кезінде негізділік қағидаты тиісті деңгейде сақталмайды.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тарапынан ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың бюджеттік қаражатты орынды жұмсауларына бақылаудың жоқтығы анық байқалды.

Жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы бойынша, облыс бойынша тексеру комиссиясы төрағасының және мүшелерінің, сондай-ақ, бақылау нысандарының басшыларының қатысуымен тексеру комиссиясының отырысы өткізілді. Оның нәтижелері бойынша жұмыстағы беті ашылған заң бұзушылықтарды және кемшіліктерді жою, сондай-ақ, оларға жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті қаулы қабылданды.

Амандық СЕЙФУЛЛИН,

облыстық тексеру

комиссиясының мүшесі.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.