ТАЙЫНШАЛЫҚТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ӘЛІ ДЕ ТӨМЕН

Тайынша ауданында жемшөп дайындауды ширатып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті кәсіпкерлермен

жұмысты қарқынды жүргізу қажет. Тайынша ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов құзыретті орган басшыларына осындай тапсырмалар берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша Астана мен Петропавл қалаларын жалғайтын республикалық маңызы бар күре жолдың бойында 2016 жылы 3 травматологиялық бекет салынбақ. Соның бірін Тайынша ауданына қарасты Келлеровка дәрігерлік амбулаториясына орналастыру көзделген. Алайда, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен әлі қаражат қарастырылмапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағановтың мәлімдеуінше, амбулаторияның 2-ші қабатында 15 орынға шақталған онкология дертіне шалдыққандар үшін оңалту бөлімшесін ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, аудандық ауруханада травматология пунктіне қажетті материалдық-техникалық база нығайтылған. Бекетте жұмыс істейтін арнайы дәрігерлер де іріктелген. Алайда, жарақат пунктіне жергілікті жерден арнайы қаржы қарастырылмаған.

Ерік Сұлтанов кабинеттерді аралай жүріп, мекемеде травматология пунктін ашуға болатынына көз жеткізді. Мұнда күндізгі стационар жағдайында жақын маңдағы 11 ауылдың 11 200-ге тарта тұрғыны қаралады. Оларға 4 дәрігер мен 25 медбике 12 түрлі медициналық қызмет көрсетеді. Ақ халаттылардың орташа айлық жалақысы – 156 мың теңге. Жалпы өңір жетекшісі аудандағы медициналық қызметтің сапасына оң бағасын берді.

Содан кейін Ерік Сұлтанов Тайынша қаласындағы 300 үйге қызмет көрсететін жылыту орталығы қазандығында болып, кәсіпорынның алдағы маусымға әзірлігіне назар аударды.

Тайынша қаласы іргесіндегі 46 жеке тұрғын үйдің құрылысы “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша салынуда. Баспаналардың уақтылы пайдалануға берілмеуі өңір басшысын да бей-жай қалдырмады. Ал 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы “Қолжетімді тұрғын үй” бағдарламасы аясында жүргізілуде. Нысан жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Құрылысшылар үйдің 3 қабатын көтеріп тастаған. Мердігерлер бар болғаны 38 адамды жұмысқа тартыпты. Өңір жетекшісі адамдардың санын көбейтіп, қарқынды үдету қажеттігін айтты.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов тайыншалықтармен және аудан активімен кездесті. Басқосуда ең алдымен биылғы жылдың алты айында Тайынша ауданында атқарылған жұмыс талқыланды.

– Ауданымызда ауыл шаруашылығы бойынша алғашқы жартыжылдықта ішкі жалпы өнім көлемі 6,2 млрд. теңгеге жетті. Соңғы 5 айда ауданымызға тиесілі 675 мың гектар жерді өңдейтін 33 техника сатып алынды. Ауыл шаруашылығына 1,8 млрд. теңгенің инвестициясы тартылса, мал шаруашылығын дамытуға 416 млн. теңге субсидия берілді. Бүгінде 60 шаруашылық асылтұқымды ірі қара өсіруді қолға алды, – деді аудан әкімі Серік Салтықов өзінің баяндамасында.

Жалпы, Тайынша ауданындағы мал басы облыстың орташа көрсеткішінен 4,8 пайызға аз. Сондықтан өңір басшысы аудан әкіміне ірі қараның басын көбейтіп, аудандағы ет экспорты әлеуетін арттыру қажеттігін баса айтты. Ауданда шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер де облыс әкімінің тарапынан сынға алынды.

– Индустрияландыру картасы бойынша аудандағы бірде-бір кәсіпорын өз жобасын ұсынған жоқ. Бүгін маған 3 кәсіпкер өз жобасы жайлы айтты. Демек, сіздердің араларыңызда осы істі іліп әкете алатын адамдар бар деген сөз. Тайынша ауданы сирек металдарға бай. Осы бағытты мықтап қолға алу керек. Шаруалар “Сыбаға” бағдарламасына да бел шешіп кірісе алмай отыр. Осыған қарағанда сіздің ауданда мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпараттың таратылуы мәз емес сияқты, – деді Ерік Сұлтанов.

Кейін тұрғындар облыс әкіміне қазақ мектебінің тарлығын, Мәдениет үйінің тозып тұрғанын айтып, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты өтініш-тілектерін білдірді.

Берік ҚАСЕН,

журналист.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.