МАЛ ЫРЫСЫНА КЕНЕЛГЕН ҚОЖАЛЫҚ

Тимирязево ауылындағы “Қыпшақбаев” шаруа қожалығының иесі Ғабит Қыпшақбаевқа шаруаға икемділік пен малсақтық

марқұм әкесі Сарманнан дарыса керек. Ол кісі көзінің тірісінде қолында қыруар мал ұстап, бауырынан тараған бес ұлына төрт түлік малдың қадірін бала жастарынан ұғындыра білді. Сәкеңді танитындар оны осы ауылдың кеңес дәуіріндегі әлділерінің біріне санаған. Расында да, сол кезде қорасында 3-4 сауын сиырын және тағы осындай құлынды биелер мен жиырма шақты саулық қой ұстаған оның тұрмысы тәуір болғаны шындық. Бірақ ол соған лайықты отбасымен жұмыла еңбек етіп, балаларының барлығын малдың күтіп-бағу жұмыстарына бейімдеді. Көреген әке түбінде ұрпағының тұрмыс-тіршілігінің осы малмен байланысты боларын сезген бе дерсің?

Шаруа қожалығын 1996 жылы сол әкемнің ақылымен құрдым. Қоғамның ортақ мүлкі талан-таражға түсіп, шаруашылықтар көз алдында ыдырап жатқанда: “Балам, жер үлесіңді алып, жеке тұрмыс жайын ойластырмасаң болмайды, шағын болса да шаруашылығыңды құр”, – деген кеңес берді. Сөйтіп, Меңдеке атамыздың қорымы маңынан 231 гектар жер алдық. Оның 60 гектарына бидай, 14 гектарына сұлы және қалғанына арпа өсіреміз. Топырағы құнарлы, оның үстіне биыл тұқымды сәл кештеу сепкеніміз де жақсы болды, егісіміз маусым айындағы ыстықтан зардап шекпей, тәуір өсіп келеді, – дейді Ғабит Сарманұлы.

Сонымен бірге, қожалық басшысы өздерінің шағын кәсіпкерлік ісін тетелес інілері Ағыбай мен Жекебатырдың отбасыларымен бірлесіп жүргізетіндерін айтты. Оларда бөліске тиген жер телімдерінен басқа, бәрінікін қосқанда басында он бес шақты қара мал мен жиырмаға жуық жылқы болды. Біраз жыл жерден жиған-тергендері мен қолдарындағы мал өнімдерінің айналымына арқа сүйеп келген ағайынды кәсіпкерлерге мал шаруашылығын дамытуға бағытталған “Сыбаға” бағдарламасының бастау алуы орайы келген іс болды. Сөйтіп, ауданда осы қолдау қаржысына алғашқы өтініш берушілердің қатарында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 2 миллион теңге несиесіне қолдары жетті. Оған аталмыш бағдарламаның талаптарына сай 10 сауын сиыр мен бір герефорд тұқымды бұқа сатып алды.

Ғабит Сарманұлының ойынша, аудан орталығындағы шағын шаруа қожалығы үшін осы мал басының өзі жеткілікті. Үш отбасының лайықты тұрмыс жағдайларын толық қамтамасыз ете алады. Қазір олар барлығы отыз шақты қара мал ұстайды, оның 10-ы – сауын сиырлар. Өздеріндегі асылтұқымды бұқамен күйектен өткізуді жоспарлы түрде жүргізетіндіктен, сиырлардың жартысы көктемде, ал келесі жартысы күзде бұзаулайды. Бұл – шаруа қожалығы жылдың қайсы мезгілінде болсын сүтсіз қалмайды деген сөз. Әйтеуір, жыл бойы бес сиырды үзбей сауатындары анық. Ал оның өздерінен артылған сүт, сары май, қаймақ, ірімшік және құрт өнімдерін сатуға шығарады. Бірақ оны базарға апармай-ақ, сапасына қанық тұтынушылары үйлерінен өздері келіп алып кетеді.

– “Қыпшақбаев” шаруа қожалығы біздің Тимирязев ауылдық әкімдігінде танымал. Облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне және Астана қаласында өтетін шараларға көбінесе солардың өнімін апарамыз. Ғабит Сарманұлы тапсырысымызды мүлтіксіз орындайды. Жылқы және қара мал етіне қажеттілік болса, жылдам сойып, дайын етеді. Өткізілетін өнімдерінің сапасына және олардың бағасына реніш тумайды, – дейді Тимирязево ауылының әкімі Сайран Байдолина.

Қожалықтың ауыл әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейтінін Ғабит Сарманұлының сөзінен де аңғардық. Ол мал қоңданған соң құр бекерге ұстамауға тырысады. Ондайда, әрине, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ет өткізудің тиімді жолы екені рас. Сондай-ақ, бағаның 800-900 теңгеден аспайтын төмендігі де шындық. Өйткені, малдың жемі мен шөбін өзі дайындайтын және басқадай көлденең шығыны жоқ оған ол әзірге көтерімді болып отыр. Мүмкін, сол себептен болар, дәл қазірде мал басын одан артық өсіре қояр ойы жоқ.

Жылқыны да 20 бастан асырмай келеді, өскен артық төлдерін қажеттеріне жаратады. Бүгінде бес бие байлап, күрпілдетіп күбі пісіп, қымыз дайындап отырған да осы қожалық. Шипалы сусынның өздерінен артылғанын ауылдастарының түрлі той-томалақтарына, әкімдік ұйымдастыратын әлеуметтік іс-шараларға береді. Әрине, күніне 30-40 литр сатылатын осы қымыздан да қыруар табыс түсетіні сөзсіз. Ал оның машақаты мол, сауын және қымыз дайындау жұмыстарын негізінен жазғы демалыстағы оқушы қыздары Диляра атқарады. Басында анасына көмектесіп, қолғабыс жасап келген ол қазір барлық сауын жұмысын өз қолына алды. Қазір ауыл әкімдігінде бас маман қызметін атқаратын анасы Мәрзия Қабдоллақызы қолы босағанда болмаса, сауын үшін алаңдамайды.

Мемлекет сатып алған қара малға, оның селекциялық жұмысына, сондай-ақ, егістегі іс-шараларға түрлі демеуқаржылық көмек жасайды. Мұндай демеуқаржы мал азығын алуға да берілсе, ауылдықтар мал ұстауды көбейтер еді. Бұл орайда “Сыбаға” бағдарламасы біз үшін оңайға түскенімен, ісін жаңа бастағандарға қиын соғары сөзсіз. Айталық, біздің қожалықтың жем-азығы өзінде, ал өзгелерге оны сатып алу қажет. Ал ол демеуқаржыландырылатын болса ғана олардың да мүмкіндігі артатыны анық, – дейді қожалық басшысы.

Әзірге шағын мал басын қанағат етіп отырған шаруа қожалығы басшысы кәсіпкерлік ісінің бекуіне “Сыбаға” бағдарламасының септігі тигенін жасырмайды. Соның арқасында мал өнімдері оралымға жарап, өткен жылы жаңа “МТЗ-80.1” тракторын сатып алды. Одан басқа бір “Енисей” комбайны, “ГАЗ-53” автомашинасы, “ДТ-75 ” тракторы және дала жұмыстарына қажетті біршама құрал-жабдықтары бар. Қолдағы малға кемінде 30-40 тонна шөп дайындау қажет. Биыл оның қиындау болатын түрі бар. Алайда, Ғабит Қыпшақбаев бұл жұмысты абыроймен атқаратынына сенімді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.